Басқарма басшысы өз сөзінде бұл бағыттағы негізгі мақсат – өңір тұрғындарын сапалы әрі қолжетімді байланыс қызметтерімен қамтамасыз ету, интернет желісінің жылдамдығын арттыру және заманауи цифрлық технологиялар арқылы аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын жеделдету екенін атап өтті. Қазіргі уақытта облыстағы 353 елді мекеннің 40-ы (11,3%) – 2G, 48-і (13,6%) – 3G, ал басым бөлігі, яғни 265 елді мекен (75,1%) жоғары жылдамдықты 4G мобильді интернетімен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар, талшықты-оптикалық байланыс желісіне өңірдегі 357 елді мекеннің 189-ы (50,9%) қосылған, ал қалған 168 ауылды қамту жұмыстары алдағы уақытта жоспарлы түрде жүргізілмек.
Шалхар Амантуров өңірді заманауи байланыспен толық қамту мақсатында «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында ауқымды іс-шаралар атқарылып жатқанына тоқталды. Осы орайда Жамбыл облысының әкімдігі мен ҚР Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі бірлесіп, 2023–2027 жылдарға арналған облыс елді мекендерін интернетпен қамтамасыз ету жөніндегі Жол картасын бекіткен болатын. Жоспарға сәйкес, 2023–2025 жылдар аралығында 208 елді мекенде интернет сапасын 4G деңгейіне жеткізу көзделген болса, бүгінгі күнге дейін оның 152-сінде жұмыстар толығымен аяқталды. Бұл бағыттағы игі істер 2026 жылы да өз жалғасын тауып, жылдың алғашқы жартыжылдығында мобильді операторлар тарапынан 76 жаңа базалық станция салынып, тағы 102 базалық станцияда модернизациялау жұмыстары сәтті жүргізілді.
Бұған қоса, брифингте облыс аумағындағы республикалық маңызы бар автожолдардың бойын байланыспен қамту мақсатында антенна-діңгек құрылыстарын (АДҚ) салу мәселесі де сөз болды. «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы шеңберінде ұзындығы 449,8 шақырымды құрайтын Шақпақата — Отар автокөлік жолының бойында 7 антенна-діңгек құрылысын, сондай-ақ Мойынқұм ауданындағы «Хантау — Ақсүйек, Бурылбайтал — Қашқантеңіз» республикалық автомобиль жолының бойында 4 АДҚ орнату жоспарланған. Басқарма басшысының мәлімдеуінше, қазіргі таңда бұл жобалар бойынша жобалық-сметалық құжаттаманың мемлекеттік сараптама қорытындылары алынып, құрылыс-монтаждау жұмыстарын ағымдағы жылдың соңына дейін бастау көзделіп отыр. Осы заманғы озық технологияларды енгізу бағытында да ілгерілеушілік бар; атап айтқанда, «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС (Теле2) операторы бүгінгі күнге дейін Тараз қаласы бойынша 5G технологиясын дамыту аясында 61 базалық станцияны іске қосып, тұрғындардың ең жоғары жылдамдықтағы интернетті пайдалануына жағдай жасады.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды






