Тәжірибе көрсеткендей, алаяқтар адамдардың техникалық сауатсыздығын ғана емес, ең алдымен эмоциясын пайдалануға тырысады. Олар бір жағдайда қорқытып, екінші жағдайда қызықтырып, үшінші жағдайда асықтыру арқылы азаматтарды ойланбай әрекет етуге итермелейді. Мәселен, «банк шотыңыз бұғатталады», «сіз ірі көлемде сыйақы ұтып алдыңыз» немесе «ақшаңызды дәл қазір аудармасаңыз, мүмкіндіктен айырыласыз» деген мазмұндағы хабарламалар жиі кездеседі. Мұндай жағдайда сабыр сақтап, келген ақпараттың шынайылығын тексеру қажет.
Соңғы уақытта кеңінен таралып келе жатқан қауіптердің бірі – deepfake технологиясы. Бұл жасанды интеллект көмегімен адамның дауысын немесе бейнесін қолдан жасап шығару тәсілі. Қазір алаяқтар туыстың, досының немесе әріптестің даусына ұқсатып хабарласып, ақша сұрауы мүмкін. Сондықтан тек дауысқа сеніп әрекет етпей, ақпаратты басқа байланыс арналары арқылы нақтылаған жөн.
Әлеуметтік желілерде де алаяқтық фактілері жиі кездеседі. Жалған аккаунттар арқылы азаматтарға әртүрлі қызметтер ұсынылып, инвестиция салуға немесе ақша аударуға шақырылады. Мұндай жағдайда аккаунттың қашан ашылғанына, жарияланымдарына, жазылушылар санына және белсенділігіне назар аудару керек. Ақпарат аз немесе күмәнді болса, сақтық танытқан дұрыс.
Алаяқтардың қолына түскен жеке деректер ауыр салдарға әкелуі мүмкін. Әсіресе жеке куәліктің суретін, банктік деректерді, SMS арқылы келетін кодтарды бөтен адамдарға жіберуге болмайды. Осындай мәліметтерді пайдалану арқылы қылмыскерлер азаматтардың атынан несие рәсімдеуге немесе өзге де заңсыз әрекеттер жасауға әрекет етуі ықтимал.
Интернетте тез әрі оңай табыс табуды уәде ететін жарнамаларға да ерекше сақтықпен қарау қажет. Егер қысқа уақыт ішінде көп пайда табуға кепілдік берілсе, оның заңдылығына күмән келтірген жөн. Көп жағдайда мұндай ұсыныстардың артында алаяқтық схемалар тұрады.
Балалардың интернет қауіпсіздігі де назардан тыс қалмауы тиіс. Оларға бейтаныс адамдармен сөйлеспеу, жеке мәліметтерін жарияламау және күмәнді сілтемелерге өтпеу қажеттігін үнемі түсіндіріп отырған жөн. Интернеттегі қауіпсіздік мәдениеті отбасынан басталады.
Алаяқтықтың бар екенін көрсететін негізгі белгілердің қатарында ақша аударуға асықтыру, құпия кодтарды сұрау, шектен тыс тиімді ұсыныстар жасау, қорқыту немесе психологиялық қысым көрсету, сондай-ақ ресми емес сілтемелер жіберу жатады. Осындай белгілер байқалған жағдайда әңгімені тоқтатып, ақпаратты ресми дереккөздер арқылы тексеру қажет.
Өкінішке қарай, интернет-алаяқтықтан келген шығынды толық көлемде қайтару әрдайым мүмкін бола бермейді. Дегенмен азаматтар уақыт оздырмай банкке және құқық қорғау органдарына жүгінсе, келтірілген залалды өтеу мүмкіндігі артады.
Цифрлық дәуірде жеке деректердің қауіпсіздігі әр азаматтың өз жауапкершілігінде. Сондықтан қырағылық танытып, ақпараттық қауіпсіздіктің қарапайым қағидаларын сақтау – интернет-алаяқтардың құрбаны болмаудың ең тиімді жолы.
Біләл Диана Нұрзатқызы
Жамбыл облысы Полиция департаменті
Тергеу басқармасының тергеушісі, полиция капитаны
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







