Шаһар басшысы Рүстем Дәулет қаладағы коммуналдық нысандардың жұмысымен танысты.
Тағайындалғанына көп бола қоймаған әкім әуелі «Астана» мөлтек ауданындағы №53 орта мектепке бас сұғып, білім беру ошағының жай-күйіне қанықты. Онда шаһар басшысы мектептің кәсіптік бағдарлау кабинетінде болып, оқушылардың жаңа технологияны меңгеріп жатқанын көрді. Сондай-ақ ол мектеп түлектерінің алда тапсыратын ҰБТ-ға дайындығын сұрап, жоғары нәтижеге қол жеткізу қажет екенін қадап айтты. Және жаңа ереже бойынша өтетін бұл сынаққа ата-аналарды жұмылдыру керектігін де тілге тиек етті. Мектеп басшысы Эльмира Қойлыбаеватың сөзінше, оқушылардың ҰБТ-ға дайындығы ойдағыдай. Сынама тесттерінің нәтижелері мектеп түлектерінің ата-аналарына тікелей жіберіліп отырады екен. Сонымен қатар Рүстем Рысбайұлы мектептің медициналық кабинетінде де болды. Мұндағы медициналық кабинет заман талабына сай жабдықталған. Онда стаматология кабинеті және оқшаулау бөлмесі тиісті құрал-жабдықтармен жарақтандырылыпты.
Бүгінде 2068 оқушы білім алып жатқан білім ордасының асханасында бір мезгілде 150 адам тамақтана алады. Ондағы ас-ауқаттарының барлығы тиісті санитарлық жағдайға сәйкес келеді. Мектептегі 2068 оқушының 215-і аз қамтылған отбасынан шыққан балалар екен. Олар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіліпті. Сонымен қатар мектеп жанынан «Қамқоршылық» кеңесі құрылып, ол балаларға мектеп формасы және қыстық киім алып беріліп отыратын көрінеді.
Сондай-ақ қала әкімі аталған мектептің спорт залында болып, дене шынықтыру сабағының өту барысын бақылады. Спорт залдың безендірілуі көңілінен шықпаған шаһар басшысы залды әрлеу қажет екенін жеткізді. Өйткені, бұқаралық спортты насихаттауда көрнекіліктердің атқарар рөлі зор. Және Рүстем Рысбайұлы мектептің басты байлығы сақталған кітапхана сөрелерін аралап көріп, оқушылардың әдеби кітап оқу барысын сұрады. Бұл сауалға жауап берген Эльмира Серікқызы кітап оқу айлығы жарияланып отыратындығын алға тартты.
Рүстем Дәулет мектеп жанындағы «Күншуақ» шағын орталығының жағдайымен де танысып шықты. Бұл орталықтың іргесі «Балапан» бағдарламасы бойынша қаланған. Бүгінде ол орталықта 50 бала тәрбиеленіп жатыр. Мектептің жай-күймен танысқан шаһар басшысы сыртқы абаттандыру мен әрлеу жұмыстары бойынша қалалық әкімдікке білім бөлімі арқылы ұсыныс беру керек екенін сала мамандарына табыстады.
Мұнан соң қала әкімі осы «Астана» мөлтек ауданындағы №26 «Нұрай» балабақшасында болды. «Балапан» бағдарламасы бойынша бой көтерген балабақша 2011 жылдың наурыз айында пайдалануға беріліпті. Қазіргі таңда ол жерде 300 бала 12 топ бойынша тәрбие алу үстінде. Екі тілде бастапқы тәрбиеге баулитын мекемеде 28 тәрбиеші мен 40 педагог еңбек етуде. Балабақшаның медициналық кабинеті, асханасы талапқа сай. Тіпті, мұнда «Мейірім» психологиялық орталығы да жұмыс жасайды екен. Бұл орталық балалармен олардың ата-аналарына тегін психологиялық көмек көрсететін көрінеді. Балабақшаны түгел аралап шыққан Рүстем Рысбайұлы ол жердің материалдық және тәрбие жағынан толық қамтамасыз етілгенін айтып, жұмыстарына сәттілік тіледі.
– «Астана» мөлтек ауданындағы №53 орта мектеп пен №26 «Нұрай» балабақшасының жұмыстарымен толық танысып шықтым. Мектеп директоры мен балабақша меңгерушісінің жұмыстарына қанағаттанамын. Себебі, олар өте тәжірибелі екендіктерін білім мен тәрбиеден өзге ұжымның ұйымдастыру жұмысы барысында байқатып отыр. Жалпы, білім және тәрбие беру саласы үлкен жұмысты талап етеді. Мұнда жұмыстың бар екенін көріп отырмын. Алдағы уақытта осы қарқыннан таймайды деп ойлаймын, – дейді Рүстем Рысбайұлы.
Мұнан соң шаһар басшысы қалалық ауруханаға бас сұқты. Жаңа ғимаратқа көшкен аурухананың бөлімдерін аралап көріп, ондағы медициналық құрылғылармен танысты. Бұл аурухана осы уақытқа дейін жылуды «ТаразЭнергоОрталық» мекемесінің қазандығынан алып келген екен. Енді аурухана басшылығы жылуды қазандығы қасына тиіп тұрған «Жамбыл-Жылу» мекемесінен алуды жоспарлап отырғандарын жеткізді.
Сондай-ақ әкім «Күйікті емдеу орталығы» қазандығының жұмыс барысына қанықты. Ол қазандық «Жамбыл-Жылу» мекемесіне тиесілі екен. Осы қазандық арқылы сол маңдағы біршама мекемелерді жылудан өзге ыстық су және пармен қамтамасыз етіп отыр. Қысы-жазы жұмысы тұраламайтын мекемеге күрделі жөндеу 7 жыл бұрын жасалыныпты. Мекеме басшысы Жұмабек Бөлекбаев «Күйікті емдеу орталығы» қазандығы жанынан тағы бір қазандықты іске қосу үшін қалалық әкімдіктен 80 млн. теңге қаржы сұрап отыр. Осы арқылы ол тура маңында орналасқан №1 қалалық аурухананың да жылу мәселесін шешуге болар еді дейді.
Рүстем Дәулет шаһарды тіршіліктің қайнар көзі ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған «Тараз-Су» мекемесінің жұмыс барысымен танысты. Мекеменің техникаларымен танысып, жұмысшыларға жасалған жағдайларға қанықты. Мұнда жұмысшылар үшін арнайы медициналық кабинет жұмыс жасайды екен. Дегенмен, аумағы жыл санап өсіп келе жатқан қаланы ауыз сумен қамтамасыз етіп отырған мекемеде бас-аяғы 62 техника бар. Оның басым бөлігі ескірген. Тіпті, шыққанына 40 жыл болған көліктер де бар көрінеді. Қолда барды жарата білген мекеме басшылығы 30 млн. теңге жұмсап, техника құрылғыларын жаңартыпты. Арнайы техникалармен танысқан соң Рүстем Рысбайұлы мекеме ауласына жеміс талын екті.
Жалпы, 1952 жылы құрылған мекеменің қала аумағында 2 су ұңғымасы бар. Оның бірі Жамбыл ауданы, Жалпақ төбе ауылында болса, екіншісі Құмшағал аумағы маңында орналасқан. Ол жерлерде 500 жылға дейін жететін су қоры сақталған. Мұндай қоры бар ұңғыма Қазақстан бойынша тек біздің шаһарда ғана. Бүгінде мекеменің 70 жұмысшысы 588 шақырым су құбырларын және 290 шақырым кәріз жүйесі құбырларының қауіпсіздігін бақылап отырады.
Мекеменің негізгі жұмысымен танысқаннан кейін әкім Ы.Дүкенұлы көшесінде орналасқан 2 санатты су сорап станциясында болды. Ондағы суды тазартып, айдайтын құрылғылармен танысты. Бүгінде мекеме электр энергиясын үнемдеуге көшіпті. Ол үшін Германиядан арнайы су сорғыш құрылғы алып келген. Ол құрылғыға дейін 4 су сорғыш құрылғы жұмыс жасаса, қазір немістің 2 ғана құрылғысы жұмыс жасайды екен. Әрі ол электр энергиясын да көп қажет етпейтін көрінеді. Сондай-ақ мұнда мекеме былтырғы жылы өз қаражатына лабараториялық орталық салыпты. Орталықта бактерологиялық, химиялық және қалдық су бөлімдері тұрғындардың тұтынатын ауыз суына күнделікті сараптама жасап отырады екен. Сондай-ақ шаһар басшысы Жамбыл ауданы, Жалпақ төбе ауылындағы 40 гектар жерді алып жатқан су ұңғымасына арнайы барып, ондағы жұмыстың барысын өз көзімен көрді. Ондағы басты мәселе қоршау мәселесі екен. Және қала сыртында орналасқан аталмыш мекеменің шайынды су алқабына да барды. Осы уақытқа дейін Жамбыл ауданы тұрғындарын қолқаны қабатын иісімен жалықтырған алқапты тазарту мәселесі кезек күттірмей отыр екен. Ол үшін қалалық бюджеттен 160 млн. теңге қаржы қарастырылыпты. Лайсаң, батпақты жерге ауыр техникалардың өзімен кіре алмай отырған мекеме басшылығы қала әкіміне «драглайн» экскаваторын сатып алу қажеттігін жеткізді. «Тараз-Су» мекемесінің жұмысымен толықтай танысып шыққан шаһар басшысы Рүстем Дәулет мекеме басшысының ұсыныстары алдағы уақытта қарастырылатындығын тілге тиек етті.
Шынболат СЕЙДУАЛИЕВ