Бүгінде баршаның міндеті әдет-ғұрпымызды, салт-дәстүрімізді жандандырып, ұлттық сана-сезімі жоғары тәрбиелі ұрпақты өсіру. Өскелең ұрпақты патриоттық тәрбиелеу мен азаматтық сезімдерін қалыптастыру бүгін мемлекет пен қоғамның өзекті мәселелерінің бірі. Отанға деген сүйіспеншілік болмай бәсекеге қабілетті әрі күшті болу мүмкін емес. Болашақ жеткіншектерді елін, жерін қорғауға патриоттық рухқа тәрбиелеу маңызды екені сөзсіз.
Осы орайда ҰҚК Шекара қызметі Жамбыл облысы бойынша департаменті Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармаларына қарасты жоспарланған «Бесағаш», «Жасөркен», «Айша бибі» шекара және шекаралық бақылау бөлімшесі «Анаға тағзым» орталығының өкілдерін қатыстырумен шекара бөлімшелерінің жеке құрамымен «Ұрпақ тәрбиесі- ұлтымыздың ортақ мүдделі ісі» тақырыбында тәрбиелік-идеологиялық жұмыс жүргізілді.
Тағылымы мол жиынға Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы, Ш.Мұртаза атындағы Халықараық Тараз инновациялық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сарыбекова Жанат Төленқызы, Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы «Әдіснама және ақпараттық-ағарту» бөлімінің басшысы Нарболдиева Гульнара Шакизадаевна, психолог Назымбекова Аида Байялыевна қатысты.
Жалпы кездесу барысында ұлттық құндылықтар, мәдениет, тіл төңірегінде кеңінен әңгіме өрбіп, бүгінгі буынның тәрбиесі, ұлттық идеологиямызға жат дүниелерден алшақ болуы туралы орамды ойларын ортаға салды. Сондай-ақ басқосуда Тараз қалалық Аналар алқасының төрайымы Жанат Сарыбекова «Ұлттық тәрбие – ұлт болашағы» атты баяндамасында ұлттық психология, отбасы құндылықтары төңірегінде төгілтіп тұрып сөйледі. Бір-бір шаңырақтың үмітін арқалап келген жас қырандар ертең-ақ ел қорғайтын нағыз азамат боп үйлеріне оралуларына аналар қауымы шын тілектестік білдірді.
Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасының тәрбиелік, идеологиялық бөлім бастығының орынбасары майор Сағадатұлы Талапжан «Қазіргі Қарулы күштердің барлық саласында тәрбие мен идеологияның атқарып жатқан жұмысы өлшеусіз. Идеология жоқ жерде әскердің бағыты, бағдары айқын болмайды. Өйткені тәртіп бар жерде тәрбие болады. Сол себепті әскери қызметшілерге берілетін патриоттық тәрбие мен идеологияның әскердегі орны қашанда бөлек» -деді.
Шара соңында Тараз қалалық ардагерлер кеңесі жанындағы Аналар алқасының төрайымы, Ш.Мұртаза атындағы Халықараық Тараз инновациялық институтының профессоры, педагогика ғылымдарының докторы Сарыбекова Жанат Төленқызы, Жамбыл облыстық «Анаға тағзым» отбасын қолдау орталығы «Әдіснама және ақпараттық-ағарту» бөлімініңбасшысы Нарболдиева Гульнара Шакизадаевна, психолог Назымбекова Аида Байялыевна «Құрмет грамота» және «Алғыс хаттармен» марапатталды.