Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан TikTok әлеуметтік желісін бұғаттауды жоспарламайды. Дегенмен, кейбір шектеулер енгізілуі мүмкін.
«Қазіргі уақытта бұғаттау мәселесі күн тәртібінде жоқ. Бірақ заңнаманы сақтау жөніндегі талаптар орындалмаған жағдайда, оның ішінде қолжетімділікті шектеуге байланысты шаралар көзделген»,-деді Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов.
Сонымен қатар, ол министрлік TikTok өкілдерімен орналастырылатын контент мәселелері бойынша үнемі жұмыс істейтінін атап өтті.
22 сәуірде Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров TikTok-та кәмелетке толмаған балаларға шектеулер енгізуді сұраған. Ол Премьер-министрге осы мәселені қамтитын депутаттық сауал жолдады.