Сотталушы У. өзіне тиесілі жоғалған екі бас жылқысын іздеу мақсатында Сарысу ауданының, Досбол ауылына барған. Осыдан кейін, У. досына тиесілі бір бас торы жылқысын мініп, өзінің жоғалған жылқыларын іздеу үшін Шығанақ-Досбол тас жолына шыққан.
Содан, У. жол жөнекей кетіп бара жатып, жол бойынан жалғыз жүрген кекілік құсын байқап, оны қолында болған өзіне тиесілі «Тигр» маркалы мылтығымен атып алған. Одан кейін, У. тағы біршама шақырым жүрген соң, қоян жануарын байқап, қолындағы мылтығымен атып жіберген.
Осы күні, У. қашып кеткен атын іздеп, Шығанақ-Досбол тас-жолының 50 шақырымында қарудың арнайы көздейтін «бинокль» арқылы жануарлардың сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген түрін, яғни Қарақұйрық жануарын көріп, атыс қаруын пайдаланып, оны өзінің пайдасы үшін атып алу қылмыстық құқық бұзушылық ойы туындап, ойын ақырына дейін жеткізу мақсатында, қолындағы мылтығымен 3 мәрте атып, өлтірген.
Осыдан кейін, У. атып өлтірген бір бас қарақұйрық жануарын сойып, Шығанақ-Досбол тас-жолымен келе жатқанда, Қазақстан Республикасы Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі балық шаруашылығы комитетінің Шу-Талас облысаралық бассейндік балық шаруашылығы инспекциясы Жамбыл облысы бойынша балық инспекциясы мен Сарысу ормандарды және жануарлар дүниесін қорғау жөніндегі мемлекеттік коммуналдық мекемесі қызметкерлерімен ұсталған. Заңсыз аңшылық жасап, өзінің қылмыстық іс әрекетімен мемлекетке 4 430 400 теңге ірі залал келтірген.
Тараптардың позициясы:
Прокурор қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті У.-ға 3 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындауды сұрады.
Сотталушы У. кінәсін толық мойындайды.
Дәлелдемелер бойынша:
Кінә іс бойынша жиналған дәлелдемелермен: жәбірленушінің өкілінің және мамандардың айғақтарымен, мамандар мен сарапшылардың қорытындыларымен, криминалистикалық зерттеу қорытындыларымен және басқа да заттай дәлелдемелермен дәлелденді.
Сот шешімі:
Сот қылмыстық жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайларға тұрғылықты жері бойынша жақсы мінезделуін, шын ниетпен өкiнуін, қылмыстық құқық бұзушылық салдарынан келтiрiлген мүлiктiк залалды ерікті түрде өтеуін жатқызған. Ауырлататын мән-жайлар сотпен анықталған жоқ.
Сот үкімімен У. қылмыстардың жиынтығы бойынша ҚК-нің 337-бабының 4-бөлігінің 2),4)-тармақтарымен кінәлі деп танылып, мінез-құлқын бақылауды тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне жүктей отырып, 7 жыл мерзімге аңшылық қызметпен айналысу құқығынан айыра отырып, 3 жыл мерзімге бас бостандығын шектеу жазасы жазасы тағайындалды.
Үкім заңды күшіне енді.
Қайнар: Жамбыл облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметі