Мемлекеттің басты байлығы- адам десек, дені сау адам ғана ел қазынасы, ұлт болашағы бола алатыны белгілі. Бүгінде дерттің түрі көп. Заман жақсарып, техника дамып, мүмкіндіктер молайып жатса да, көбісінің дауасын таба алмай дал болып жатырмыз.Солардың бірі -АИТВ/ЖИТС індеті.
Ғасырдың індеті болып табылған АИТВ/ЖИТС яғни, адамның иммунитет тапшылығы вирусы және жұқтырылған иммун тапшылығы синдромы төңірегіндегі қорқыныш уақыт өткен сайын үдей түсуде. Жыл сайын оның шырмауына миллиондаған өрімдей жастар, небір тағдырлар тажал құрбанына айналуда. Бүкіл дүниежүзілік ұйымның деректеріне сәйкес ЖИТС індеті тіркелінгеннен бастап 25 миллионнан астам адамның өмірін жалмапты. Бүгінгі күні әлемде 60 миллионнан астам адам АИТВ (ВИЧ) жұқпасының тасымалдаушысы екендігі анықталды. Күн сайын 7000-ға жуық адам індет жұқтырып, ал 2,5 мыңнан астам адам осы дерттен көз жұмады екен. Қазіргі кездегі ғылымның жетістігі — АРВ препараттарымен емдеу арқасында ЖИТС-ке қатысты өлім санының азаюында.
Ал қазіргі кезде Қазақстан Республикасында АИТВ індетінің эпидемиологиялық жағдайына келсек 41743 адам осы індетпен тіркелініп отыр екен, оның 13000 астамы қайтыс болғандар. Елімізде ең көп тіркелінгендер Алматы қаласы, Қарағанды облысы және Шығыс Қазақстан облыстарында. Ал Жамбыл облысына келсек ең алғаш тіркелінген 1989 жылдан бері 1359 адам осы індетпен тіркелініп отыр, ал осы індеттен 471 адам көз жұмды.
Соңғы жылдары ауру жұқтырғандар арасында жастарымыздың, өзіміздің азаматтардың қатары жиі көріне бастады.Тіпті көбейіп келеді десекте жаңылыса қоймаймыз. Бұл ауру ұлт, жыныс, өңір немесе мемлекет талдамайды. Тек қазақ халқы емес қай ұлттың болсада ұлттық, халықтық педагогикасының, тәрбиесінің, тіпті ұлттық сана-сенімінің босаңсығаны осы қасіретке жол алып түседі. «Қызға қырық үйден тыю», деп қазақ атамыз болашақ отбасы санасының тәрбиесіне қатаң қараған еді. Қазір осындай халықтық тәрбиенің құндылығы босаған. Ал адамның иммундық тапшылығы синдромы ауруына қарсы тұру — әр адамның дұрыс жолмен жүруі, сезім тазалығы.
ЖИТС-қа қарсы мемлекеттік бағдарлама бойынша мамандар мектептерде , мекемелерде, жалпы тұрғындар арасында жұмыстарын жүргізуде, түрлі шаралар ұйымдастыруда. Жыл сайын 1-желтоқсан Бүкіл Дүниежүзілік ЖИТС-ке қарсы күрес қүні атап өтіледі, яғни облысымызда осы індеттің алдын алу мақсатында іс-шаралар ұйымдастырылады.
ЖИТС жұқтырғандардың барлығының тағдыры өте ұқсас. Олардың диагнозы туралы кейде медицина қызметкерлерінің құпияны сақтамайтыны, қоғамның оларды құбыжықтай көріп, салқындықпен қарауы науқас өмірін қиындата түседі. Сондықтан ЖИТС ауруына шалдыққан жандарға қоғамда толерантты көзқарас керек. Ал, бәрінен бұрын адамдар арасында одан сақтану, өз денсаулығына жіті қарау, мәдениеттің қалыптастыру жұмыстарын желіге қою қажет. Сонда қоғам тазалығын сақтап, болашақты жарқын етуге үлес қосамыз. індетті жұқтырған адамдарды қоғамнан аластауға ешқандай негіз жоқ. Керісінше ондай адамдар қолдауды, түсінушілікті қажет етеді. Жұқпа кезінде карантин ұйымдастырудың қажеті жоқ. Өйткені бұл ауру оба емес.
Тараз қаласында ЖИТС-ның алдын алу және оған қарсы күрес жүргізу орталығы 1989 жылы ашылған. Орталық мамандары АИТВ-мен тіркелінген ауруларды диспансерлік тізімге алып, қадағалап отырады. Сонымен қатар жастар арасында, халық арасындағы қауіпті топтар құрайтын нашақорлар, жезөкшелер мен гомосексуалдар ішінде түсіндіру жұмыстарын жүргізу және жұғу жолдарын ескерту үшін ине, мүшеқап тарату және де басқа да іс-шаралар өткізу үшін «Достық кабинеті», «Сенім» пункті және жылжымалы сенім пункті бар, сұрақтарыңыз болса осы кабинеттерде анонимді тексерілініп, жыныстық қатынас арқылы жұғатын аурулардан ақысыз емделуге болады. Егер де жасырын түрде қаныңызды АИТВ (ВИЧ) инфекциясына тексергіңіз келсе, біздің мекен -жайымыз Тараз қаласы, Төле би даңғылы №64 Г, телефон 45-65-32.
Мақала «Жамбыл облысы әкімдігі денсаулық сақтау басқармасы» КММ «Жастар мен халықтың осал топтары арасында АИТВ-инфекциясының таралуын болдырмау шараларын жүргізу. ВИЧ / СПИД-тің алдын-алу бойынша білім беру ұйымдарында мамандандырылған мамандардың қатысуымен ашық акциялар ұйымдастырылсын, акциялар. Облыстық теледидарда АҚТҚ / ЖҚТБ / ЖЖБИ-нің алдын-алу туралы бейнеклип дайындау және айналдыру» атты әлеуметтік жоба аясында жарияланды