Тараз қаласының әуежайында АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында өткен 23 жасқа дейінгі балуандар арасындағы әлем чемпионатында топ жарып, ел мерейін үстем еткен Юсуф Ашраповты салтанатты түрде қарсы алу рәсімі өтті. Жеңімпаз балуанды туған жерінде жанкүйерлері мен жерлестері қуанышпен күтіп алып, халықаралық додадағы жарқын жеңісімен құттықтады.
72 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде белдескен Юсуф Ашрапов финалда армениялық Гаспар Тертерянмен кездесіп, тартысты белдесуде 4:3 есебімен басым түсті. Осылайша, жамбылдық спортшы әлем чемпионы атанып, Қазақстан қоржынына алтын медаль салды.
Айта кетейік, отандасымыз финалға дейін де жоғары шеберлік танытты. Жартылай финалда түркиялық Ибрагим Өздемирді 5:0 есебімен айқын басымдықпен жеңіп, шешуші кезеңге жолдама алған болатын.
Юсуф Ашраповтың жеңісі – табанды еңбек пен қажырлы дайындықтың жемісі. Әлемдік додада топ жарып, көк байрағымызды биікте желбіреткен балуанның жетістігі жамбылдықтар үшін зор мақтаныш.
Материал Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







