Бүгін Тараз қаласында «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы қарқынды жалғасып, шаһар көлемінде кең көлемді жалпықалалық сенбілік ұйымдастырылды. Қоршаған ортаны қорғауға, туған жерді көркейтуге және экологиялық мәдениетті қалыптастыруға бағытталған бұл игі іске қаладағы барлық бөлімдер мен мекемелердің қызметкерлері, түрлі ұйымдардың өкілдері, кәсіпкерлік нысандардың иелері мен белсенді жастар бір кісідей атсалысты.
Масштабты тазалық шарасы барысында қала көшелері мен қоғамдық орындар, көпқабатты үйлердің аулалары, сондай-ақ әр түрлі мекемелерге қарасты аумақтар күл-қоқыстан толықтай тазартылып, қоршаған ортаны абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Бұдан бөлек, қала аумағының экологиялық ахуалын жақсарту және көгалдандыру мақсатында жаппай тал егу жұмыстары да қолға алынып, шаһардың жасыл желек аймақтары кеңейтілді.
Экологиялық акция аясында қала әкімі Бақытжан Орынбеков «Ұлы дала» шағын ауданында ұйымдастырылған сенбілік жұмыстарының барысымен арнайы танысып, атқарылып жатқан жұмыстарды бақылады. Шаһар басшысы сенбілік барысында тазалықты сақтау тек коммуналдық мекемелердің ғана міндеті емес, әрбір тұрғынның ортақ парызы әрі азаматтық жауапкершілігі екенін қадап айтты.
– Қала тазалығына атсалысу тек коммуналдық мекемелердің ғана міндеті емес. Бұл – баршамызға ортақ іс. Әрбір тұрғын тазалықты өз ауласынан бастауы керек. Сонда қаламыз да көркейе түседі. Өкінішке қарай, кейбір тұрғындардың арасында әлі де тазалық мәдениеті қалыптаспай отыр. Сондатқан аудан әкімдері мен округ инспекторлары осы бағыттағы түсіндіру жұмыстарын күшейтуі қажет, – деп атап өтті Бақытжан Әмірбекұлы және жауапты сала басшыларына нақты тапсырмалар жүктеді.
Айта кетейік, «Ұлы дала» шағын ауданында өткен ауқымды сенбілікке 1 мыңға жуық тұрғын мен еріктілер қатысып, 14 арнайы техника жұмылдырылды. Атқарылған жұмыстардың нәтижесінде аталған аумақтан шамамен 2 мың тоннадан астам қоқыс шығарылып, тазалық орнатылды.
Қаланың көркі мен тазалығы әрбір тұрғынның қоршаған ортаға деген жанашырлығы мен мәдениетіне тікелей байланысты. Осы орайда қала басшысы тұрғындарды тазалық жұмыстарына әрдайым белсенді атсалысуға, қоғамдық орындарға ұқыптылықпен қарауға және туған айналаны әрдайым таза ұстауға шақырды. Себебі көркею мен тазалыққа үлес қосу – әрбір саналы азаматтың басты парызы.







