Жамбыл облыстық Асқар Тоқпанов атындағы академиялық қазақ драма театры Атырау қаласында өткен III халықаралық театр фестивалінде топ жарып, бас жүлдеге қол жеткізді. Өнер ұжымы көрнекті жазушы-драматург Рахымжан Отарбаевтың «Құсалық» драмасын сахналап, қазылар алқасының жоғары бағасына ие болды.
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Атырау қаласының құрметті азаматы Рахымжан Отарбаевтың есімін ұлықтауға арналған халықаралық өнер додасы бес күнге созылды. Фестивальге еліміздің және шетелдің 11 театр ұжымы қатысып, көрерменге сан түрлі жанрдағы сахналық туындыларын ұсынды. Шараның басты мақсаты – ұлттық драматургияны дәріптеу, театр өнерінің дамуына серпін беру және шығармашылық байланыстарды нығайту.
Махамбет атындағы академиялық қазақ драма театрында ұйымдастырылған жабылу салтанатына отандық және шетелдік театрлардың өкілдері, өнер майталмандары, әдебиеттанушылар мен арнайы шақырылған қонақтар қатысты.
Салтанатты жиында Атырау облысы әкімінің орынбасары Дарын Шамұратов фестивальдің аймақтың рухани-мәдени өміріндегі маңызын атап өтіп, өнер додасына қатысқан театр ұжымдары мен қонақтарға ризашылығын білдірді.
– «Айналайын Атырауым, мен сіздермен қанаттас өмір сүргеніме бақыттымын», — деп өткен ағамыздың осы театр фестивалі арқылы екінші ғұмыры басталды десек те болады. Шақыртуымызды қабыл алып келген құрметті қонақтарға, қазылар алқасына және алыс-жақыннан келген барлық театр ұжымына Атырау облысы әкімдігінің атынан ризашылығымызды білдіреміз. Фестиваль өңірімізде үлкен театр мәдениетінің қалыптасқанын көрсетті. Барлық қойылым аншлагпен өтті. Рахымжан Отарбаев туралы білмейтін қазақ кемде-кем шығар. Сегіз қырлы, бір сырлы, қайрат пен білімді ұштастырған болмысымен елдің есінде мәңгі қалған тұлға деп есептеймін. Ағамыздың елі барда осындай шаралар әрі қарай да жалғасын табады, – деді ол.
Өз кезегінде белгілі әдебиеттанушы, сыншы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты Амангелді Кеңшілікұлы қаламгердің әдеби мұрасына тоқталып, шығармаларының сахна арқылы қайта түлеп, кейінгі ұрпаққа жол тартуының мәнін атап өтті.
– Рахаң өте бақытты жан. Себебі осындай мәңгілік мұра қалдырып, қанша қойылып, қанша сахналанса да көрерменнің шөлін қандыра беретін дүниелерді жазған Рахаң бақытты болмай, кім бақытты?! Жетпіске жетпесе де, артына өлмес мұра қалдырған жазушыдан, суреткерден артық бақытты жан бар ма дүниеде?! Рахаңның екінші ғұмыры өте керемет жалғасып жатыр. Осы фестивальді жоғары деңгейде өткізіп жатқан Атырау халқына басымды иемін. Рахаңның шығармашылығы туралы әлі де талай әңгіме айтуға болады. Оның деңгейі мен парасаты шығармаларынан айқын көрінеді, – деді Амангелді Кеңшілікұлы.
Фестиваль нәтижесінде бірінші орын Бердах атындағы Қарақалпақ мемлекеттік академиялық музыкалық театрына «Түпсіз тереңдік» психологиялық драмасы үшін табысталды. Екінші орынға «Тұман» драмасын сахналаған Шығыс Қазақстан облыстық драма және оперетта театры лайық деп танылды. Ал үшінші орынды Р. Сейтметов атындағы Түркістан қаласының сазды-драма театры «Соңғы спектакль» комедиясымен және Музыкалық жас көрермен театры «Ақ мұнар» әфсанасымен бөлісті.
Осылайша, «Құсалық» драмасымен бас жүлдені иеленген Асқар Тоқпанов атындағы Жамбыл облыстық академиялық қазақ драма театры халықаралық деңгейдегі байқауда өңір мерейін үстем етті. Бұл жеңіс театр ұжымының шығармашылық әлеуетін танытып, Жамбыл жеріндегі сахна өнерінің беделін тағы бір мәрте айқындай түсті.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







