Байрақты бәсекеде Қазақстан Республикасының Ұлттық құрамасы сапында Жамбыл облысынан 9 спорт түрі бойынша 32 спортшы ел намысын қорғайды.
Атап айтқанда, дзюдодан Елдос Сметов, еркін күрестен Нұрданат Айтанов, қазіргі бессайыстан Аяна Қазыбекова мен Диана Щедрова, ушудан Абдурашид Абдуллаев жарыс жолына шығады.
Кураштан Нұр Аманшүкіров, Арайлым Шегенова және Рауза Нұрмахамбетова, көгалдағы хоккейден Мунира Теміргалиева мен Жанел Ізбасар, волейболдан Нұрлыбек Нұрмахамбетов пен Илья Таволжанский, велосипед спортынан Юлия Ли сынға түседі.
Сонымен қатар су добынан ерлер құрамасында 4, әйелдер құрамасында 15 жамбылдық спортшы өнер көрсетеді.
Елдос Сметов Қазақстанның Мемлекеттік Туын алып шығады
Азия ойындарында Жамбыл облысының ғана емес, еліміздің спорт жанкүйерлері үшін маңызды мәртебе Олимпиада чемпионы Елдос Сметовке бұйырды.
Берілген ақпаратқа сәйкес, айтулы додада Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын дзюдодан Олимпиада чемпионы, жамбылдық спортшы Елдос Сметов алып шығады.
Бұл – жамбылдық спортшыға көрсетілген зор сенім әрі мәртебе.
Пара Азия ойындарына Жамбыл облысынан 8 спортшы қатысады
Бұдан бөлек, 2026 жылғы 18–24 қазан аралығында Жапонияның Нагоя қаласында V Пара Азия ойындары өтеді.
Жарысқа Жамбыл облысынан 8 спортшы қатысады.
Жүзуден Зульфия Габидуллина, Зарина Мурзагалиева, Асхат Сариев және Полина Скоржевская, пауэрлифтингтен Ерболат Карибай, Айжан Беримкулова және Асхат Жуманов, таеквондодан Айбек Жұманғали ел намысын қорғайды.
Осылайша, Жамбыл облысының спортшылары 2026 жылғы Азия және Пара Азия ойындарында бірнеше спорт түрінен Қазақстан құрамасының сапында өнер көрсетпек.
Жамбылдық спортшыларға алдағы байрақты бәсекелерде сәттілік тілейміз!







