№6 бірмандаттық аумақтық сайлау округі бойынша аудандық мәслихат депутаттығына кандидат Ердос Сақпанқұлов сайланған жағдайда Көкдөнен ауылын электрмен жабдықтау және газдандыру жобалары туралы тиісті мекемелерден ақпарат сұратуды көздейді. Сайлауалды бағдарламада 2030 жылға жоспарланған жобалардың дайындығын, қаржыландырылуын және іске асырылу барысын бақылау мәселесі қамтылған.
Кандидат Көкдөнен мен Жақсылық ауылдарында жиі істен шығатын электр желілерін жөндеу және жаңғырту қажеттігін аудан деңгейінде көтермек. Ол тұрғындармен бірлесіп инфрақұрылымға қатысты ұсыныстар әзірлеуді және сол ұсыныстардың ауданның тиісті жоспарларында ескерілуіне ықпал етуді жоспарлап отыр.
Көкдөненде дүниеге келген Ердос Сақпанқұлов — инженер-құрылысшы. Ол мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау саласында еңбек еткен және құрылыс компанияларын басқарған. 2022 жылдан бері Алматы облысының Сараптама палатасына төрағалық етеді. Аудандық мәслихаттың VIII шақырылымында депутат болған.





