«Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы тек бір күндік науқан емес, ол ауыл мен қаланың тазалығын сақтап, тұрақты экологиялық мәдениетті қалыптастыратын бірегей жобаға айналды. Осы игі бастама аясында Жамбыл облысының әр өңірінде ауқымды жұмыстар атқарылып, аудан әкімдерінің тікелей бастамасымен және тұрғындардың жұмыла қатысуымен кезекті жалпыаудандық сенбіліктер мен ағаш отырғызу науқандары ұйымдастырылды. Экологиялық шара барысында көшелер, саябақтар мен қоғамдық орындар қоқыстан тазартылып, аумақтарды көркейту және абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілді. Бұл іске мекеме қызметкерлері, ардагерлер, белсенді жастар мен ауыл тұрғындары үлкен ұйымшылдықпен атсалысты. Күні кеше өңірде күзгі абаттандыру және санитарлық тазалық айлығының қорытынды шаралары өткенімен, тазалық жұмыстары мұнымен толастамай, әрі қарай да жалғасын табатыны айтылды. Әр апта сайын ұйымдастырылатын сенбіліктер барысында белсенділік танытқан бірқатар азаматтар мен әріптестерге арнайы алғыс білдіріліп, марапаттар табысталды. Қоршаған ортаны таза ұстау – бір күндік науқан немесе уақытша ұран емес, бұл әрбір саналы азаматтың күнделікті ұстанымы болуы тиіс екендігі баса айтылды.
Жуалы ауданында да бұл республикалық экологиялық акция жоғары деңгейде қолдау тауып, аудан әкімі Жалғас Мұртазаның бастамасымен аумақта ауқымды жалпыхалықтық сенбілік ұйымдастырылды. Игі шараға ауданның мекеме қызметкерлері, жастар мен саналы тұрғындар белсенді түрде атсалысып, өңірдің тазалығы мен көркеюіне өз үлестерін қосты. Күні кеше ғана аяқталған күзгі санитарлық тазалық айлығының қорытындысы шығарылғанымен, атқарылар жұмыстар әлі де жалғасын табатыны атап өтілді. Сенбілік барысында аудандағы көшелер, қоғамдық орындар мен саябақтар қоқыстан тазартылып, айналаны абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы орайда, әр апта сайын ұйымдастырылатын тазалық жұмыстарында белсенділік танытқан бірқатар әріптестер мен азаматтарға арнайы алғыс білдіріліп, марапаттар ұсынылды. «Таза Қазақстан» акциясы бір күндік науқан емес, ол елді мекендердің тазалығын сақтаудағы бірегей жоба екені ескертіліп, аудан тұрғындары өз аулалары мен қоғамдық орындардың тазалығына бей-жай қарамай, бұл бағыттағы жұмыстарды ұл-қыздарына, көрші-қоланға үлгі ете отырып жалғастыруға шақырылды.
Мойынқұм ауданында да бұл ауқымды экологиялық науқан аса жоғары деңгейде қолдау тауып, игі істің жарқын үлгісі көрсетілді. Бұл күні аудан әкімі Ермек Карентаев бастаған әкімдік пен мекеме қызметкерлері, жастар және ауыл тұрғындары бір кісідей жұмылып, туған жерді көркейтуге атсалысты. Тұрғындар мен жұмысшы топ Мойынқұм ауылының бірнеше аумағына жалпы саны 120 түп арша мен қарағай көшеттерін екті. Әрбір отырғызылған көшет – ауылдың жасыл желегін молайтып, қоршаған ортаны жақсартуға қосылған үлкен үлес болып табылады. Шара барысында тек ағаш егумен шектелмей, олардың түп тамырымен жайылып, ертеңгі саялы ағашқа айналуы үшін жасыл желекті күтіп-баптау мен суару жұмыстарын назардан тыс қалдырмау маңызды екені атап өтілді. Мұндай ізгі бастамалар тұрғындардың, әсіресе өскелең жастардың бойында табиғатқа деген жанашырлықты оятып, туған жерге деген жауапкершілік сезімін қалыптастыруда үлкен рөл атқаратыны сөзсіз.
Шу ауданында да «Таза Қазақстан» акциясы қарқынды жалғасып, өңірде ауқымды экологиялық іс-шаралар ұйымдастырылды. Аудан тұрғындары мен мекеме қызметкерлері қоршаған ортаны тазартуға, көшелерді қоқыстан арылтуғажәне аймақты жасыл желекпен көгалдандыруға жұмыла кірісті. Шулықтар табиғатты қорғау мен туған өлкенің экологиялық жағдайын жақсарту бағытындағы жұмыстарға әрқашан белсенділік танытып келеді. Бұл жолғы тазалық шарасы барысында да ауданның әрбір елді мекенінде ретсіз шашылған қалдықтар жиналып, абаттандыру жұмыстары жүйелі түрде жүзеге асырылды. Жергілікті билік өкілдері мен тұрғындар тазалық жұмыстары тек бір күндік науқанмен шектелмейтінін, өңірдің санитарлық ахуалын тұрақты түрде жоғары деңгейде ұстау әрбір тұрғынның басты міндеті екенін атап өтті.
Экологиялық іс-шаралар легі басқа да елді мекендерде жалғасын тауып, Кеңес және Бурыл ауылдарында нағыз еңбек пен бірліктің үлгісі көрсетілді. Атап айтқанда, Кеңес ауылында аудан әкімінің қатысуымен өткен науқанда тұрғындар бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып, 50 жуық туя ағашы мен 40-тан аса қара тал көшеттерін отырғызды. Бұл жай ғана көгалдандыру емес, болашақ ұрпаққа қалдыратын мәңгілік жасыл мұра екеніне көпшілік ерекше мән берді. Дәл осындай игі іс Бурыл ауылында да жалғасып, ауыл тұрғындарының белсенділігімен бұл жерде 100-ден аса туя және қара ағаш көшеттері егілді. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деген аталы сөзді ұстанған тұрғындар ауылдың көркін кіргізіп, таза ауа қалыптастыруға өз үлестерін қосты. «Бірлік бар жерде тірлік бар» демекші, осындай ортақ іске жұмыла білген барша азаматтардың еңбегі ерекше бағаланды.
Өңіріміздегі тазалық мәдениетін қалыптастыруда әрқайсымыздың қосар үлесіміз зор екені даусыз. Туған жерді түлету, қоршаған ортаны аялау – әрбір азаматтың ортақ парызы. Өзіміздің ұл-қыздарымызды, көрші-қолаңды және жастарды табиғатты қорғауға үндей отырып, ауыл мен қаламыздың тазалығын сақтауға атсалысайық. «Таза Қазақстан» акциясы аясында атқарылған осындай жұмыстар өңіріміздің әрбір тұрғынын ортақ жауапкершілікке шақырып, туған өлкемізді одан әрі гүлдендіре түспек. Тұрғындардың табиғатқа деген жанашырлығы арқасында туған жеріміздің келбеті күн санап жақсарып, жайлы әрі таза мекенге айнала бермек.







