Жуырда Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімі “Жастар ресурстық орталығының” әлеуметтік тапсырысы аясында “Жамбыл облысы жастар ұйымдарының қауымдастығы” Заңды тұлғалар бірлестігінің ұйымдастыруымен шаһардағы жас қаламгерлердің шығармашылығын қолдау мақсатында түрлі әдеби-мәдени іс-шаралар легі басталған болатын.
Осы қозғалыстың аясында тараздық жас ақындар ымырт үйірілгенде шаһардағы «Мамыр» саябағына жиналып, ай астында тұмса жырларын оқыды.
Басқосу барысында жас ақындар үшін арнайы от жағылып, жанға жайлы атмосфера жасалды. Жағылған отты айналдыра арнайы орындықтар қойылып, жастар ән мен жырға бөленіп, әсерлі кештің куәгерлері атанды. Ұйымдастырушылар тіпті ошаққа от жағып, қара қазанға бауырсақ пісірді. Самаурынға шай қойып, кешке келген ақындардың бабын жасады.

Өз кезегінде көптен бері мұндай мамыражай күй кешпеген қаламгерлер әсерлі кешке елітіп өздерінің бұрын соңды оқырманға ұсынбаған өлеңдерін оқып, көпшілікті тәнті етті. Ай астында тұмса жырдан шашу шашылған кездесуге өңірге, тіпті республикаға есімі белгілі ақын Нұржан Қадірәлі, «Авангард» поэтикалық жобасының авторы Арайлы Жақсылық, жас ақындар Ғалия Абылай, Нұрболат Аманбек, Қайрат Илмурадов және тағы басқа қаламгерлер арнайы қатысты.

Кеш барысында вальс королі Шәмші Қалдаяқовтың әндері шырқалып, «Мамыр» саябағы ерекше әуенге бөленді. Басқосуға қатысқан жас ақындар Тараздан шыққан ақын замандастары Файзулла Төлтай мен Нұрболат Жолдасбектердің де шығармашылығын ұмыт қалдырмай, өлеңдерін оқыды.

Кешті қорытындылай келе, жобаның бас үйлестірушісі Еркін Әбдиев жас ақындарды қолдау мақсатында ұйымдастырылатын шаралар легі мұнымен тоқтамайтынын, алда түрлі іс-шаралар легі күтіп тұрғанын жеткізді.
Өз кезегінде ақындар да ұйымдастырушыларға ғажап көңіл-күй сыйлағаны үшін алғыстарын жеткізді.






