«Жыр жауһарларын жаңғыртқан өнер иесі» тақырыбымен ұйымдастырылған рухани басқосуда дәстүрлі әнші, жыршы Бекарыс Көштаев модераторлық етті. Кеш шымылдығын орталық директоры Ахметжан Өзбеков ашып, ұлттық өнердің өрісін кеңейту жолындағы мұндай кездесулердің маңызына тоқталды.
Кездесу барысында Ерболат Заманбекұлы күні кеше Тараз төрінде өткен Жамбыл Жабаев атындағы республикалық жыршылар байқауының жоғары деңгейде ұйымдастырылғанын атап өтіп, жыршылық өнердің бүгіні мен болашағы жөнінде ой бөлісті. Ол қазақ руханиятындағы Жетісу жыр мектебінің орнына кеңінен тоқталып, жамбылдық жыршылар мен дәстүрлі әншілердің шығармашылық қарым-қабілеті мен ізденістеріне оң бағасын берді.

Сонымен қатар екі жыл бұрын ғана ашылған Жамбыл облыстық айтыскер ақындар, жыршы-термешілер орталығының ұлттық мұраны насихаттаудағы игі бастамаларына ризашылығын білдірді.
Әңгіме әсерлі өнермен сабақтасты. Ерболат Шалдыбеков жыр алыбы Жамбыл Жабаевтың «Төгейін жырды халқыма» шығармасын нақышына келтіре орындады. Оның ізін ала Бекарыс Көштаев ақын Аяз Бетбаевтың «Жамбылға» атты жырын, орталық жанындағы «Қаратау» жыр-терме үйірмесінің қатысушысы Сұлтанхан Даниал Жамбыл Жабаевтың ақындарға арналған арнауын жырлап, көпшіліктің қошеметіне ие болды.
Кеш соңында Қазақстанның Еңбек сіңірген қайраткері, Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншісі Оңал Азаматова мен Мәдениет саласының үздігі, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері, әнші-термеші Маралбек Бабақұлов сөз сөйлеп, ұлттық өнердің қадір-қасиеті туралы тағылымды пікірлерімен бөлісті.
Тағылымды кездесудің қорытындысында жыршылық және термешілік өнерді кеңінен насихаттау, жас буынның қызығушылығын арттыру бағытындағы ұсыныстар ортаға салынып, өзекті мәселелер талқыланды.






