Тараз мемлекеттік педагогикалық институтында Жамбыл облысындағы білім беру саласы қызметкерлері мен жоғары оқу орны оқытушылары арасындағы «Оқыту мен тәжірибе» атты аймақтық байқау өтті, деп хабарлайды оқу орнының Ақпараттық-имидждік қызметінің жетекшісі Жандар Асан.
Педагог мамандардың инновациялық оқыту технологияларын арттырып, өзара тәжірибе алмасу мақсатында ұйымдастырылған шараға өңірдің 250-ге жуық мұғалімі қатысты.
«Білім мен ғылымға қойылар талап артып, оқу жүйесі күрделенген шақта жаңа қоғамның мұғаліміне жүктелер міндет те еселене түсуде. Ұстаздар қауымы алдында білім беру ғана емес, өркениет көшіне жол бастайтын, бәсекеге қабілетті, ұлтжанды азамат тәрбиелеу ісі тұр. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында білім беру жүйесінің рөлін өзгерту, IT-білімді, білікті педагогтардың жетіспеу проблемасын айтып, осы ретте нақты ұсыныстар беруді тапсырған болатын. Аталған фестивальдің алға қойған мақсаты да осы. Заманауи технологияларды, инновациялық үдерістерді жете меңгерген маман дайындауға үлес қосу», – деді ТарМПИ ректоры Дария Қожамжарова жиынның ашылу рәсімінде.
Байқауда өткен жылдың 15 желтоқсанынан биылғы жылдың 15 қаңтарына дейін өткізілген «Виртуалды сайыстың» қорытындысы жарияланды. Әр номинация бойынша үздік деп танылған білікті педагогтар арнайы сертификаттарға ие болып, дипломдармен марапатталды.
Айта кетейік, сайыстың «Үздік мультимедиалық презентация» және «Үздік флипчарт» аталымдарына жалпы саны 118 авторлық инновациялық өнім келіп түскен. Бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда үш есеге жоғары. Педагогтар өз жобаларында бүгінгі білім беру жүйесінің талабына сәйкес озық веб-технология, робототехника, ғылыми жоба, психологиялық тренинг, станциялы оқыту және ағылшын тіліндегі интегративті оқыту бағыттарына басымдық берген.
Сонымен қатар, байқау аясында педагогикалық зерттеудің қорытындысы және ақпаратты білім беру ресурстары жайында тренингтер жүргізілді. Тренерлердің басым бөлігі Германия, Испания, Англия, Сингапур, Оңтүстік Корея, АҚШ сынды мемлекеттерде біліктілігін арттырған тәжірибелі мамандар.