ТАРАЗДА АЙТ НАМАЗЫ ҚАНШАДА ОҚЫЛАТЫНЫ БЕЛГІЛІ БОЛДЫ

668
ҚАРАЛЫМ

Ағымдағы жылдың 9-11 шілде күндері мұсылмандар үшін Қасиетті Құрбан айт мерекесі. Айт намазы Тараз қаласы бойынша барлық мешіттерде 9 шілде күні сағат 06.30-да оқылатын болады.

Айт – арабшадан тілімізге аударғанда, «мейрам» деген мағынаны білдіреді. Айт намаздарының уәжіптігі Құран мен сүннетке сүйенеді. Біріншісі – Рамазан айты, екіншісі – Құрбан айт.

Мәдинадағы бір ансар-сахаба Исламнан бұрын тойлайтын екі күннің болғаны туралы Пайғамбарымызға (с.а.у.) айтқанда, ол: «Аллаһ сол екі күннің орнына сендерге олардан әлдеқайда жақсысын берген. Біреуі – Құрбан айт, екіншісі – Рамазан айт», – дейді.

Алла Елшісі екі айт намазын оқығаны жайлы хабар «тәуатүр» (бұлтартпас, анық) жолмен бізге жеткен. Пайғамбарымыздың (с.а.у.) алғашқы оқыған айт намазы – һижреттің екінші жылындағы Рамазан айт намазы. Бұны ибн Аббас айтады: «Алла Елшісі (с.а.у.) Әбу Бәкір, Омарлармен бірге Рамазан айт намаздарына қатыстым. Барлығы да айт намазын хұтпадан бұрын оқыды».

Басқа бір хабарда ибн Аббас: «Алла Елшісі айт намаздарын азансыз, қаматсыз оқыды», – деп риуаят еткен. Жұма намазы парыз болған жандарға осы екі айт намаздары да – уәжіп. Бірақ айт намаздарында хұтпа намаздардан кейін оқылады. Бұлай оқылуы – сүннет. Айт намаздарының алғашқы уақыты – күннің көкжиектен найза бойындай көтерілгендегі уақыт. Бұл шамамен күн шыққаннан кейін 50-55 минөттей өткеннен кейін баста- лып, бесін намазының кіруіне дейін жалғасады.

Айт намазы – екі рәкат. Жамағатпен жария түрде оқылады. Азан мен қамат оқылмайды. Имам мысалға, «Екі рәкат Рамазан айт намазына ниет еттім» деп ниет етеді. Жамағат «Екі рәкат айт намазына ниет еттім, ұйыдым имамға» – деп ниет етеді. «Аллаһу әкбар» деп, ифтитах (ашу, бастау) тәкбірі алынады. Қолдар бай- ланып, имам мен жамағат бірге құпиялай «Субханака Аллаһумма» дұғасын оқиды. Одан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, үш рет тәкбір алады.

Әрбір тәкбірді айтқанда қолдар жоғары көтеріліп, екі жанына түсіріледі. Әрбір тәкбірдің ара- сында үш тәсбих айтылатындай сәт тұрады. Үшінші тәкбірден кейін қолдар байланып, имам «Ә’узу» мен «Бисмиллаһты» құпиялай, одан кейін «Фатиха» мен қосымша сүрені жариялай оқиды. Осыдан кейін жариялай «Аллаһу әкбар» деп рүкүғ пен сәждеге барады. Жамағат та құпиялай тәкбір алып, имамға ұйиды. Содан кейін екінші рәкатқа бастайды.

Имам құпиялай – Бисмиллаһ, жариялай – «Фатиха», содан кейін қосымша сүре оқиды. Міне, осыдан кейін осы жерде алғашқы рәкаттағыдай үш рет тәкбір алады. Бұдан кейін имам – жариялай, жамағат – құпиялай «Аллаһу әкбар» деп, рүкүғ пен сәждеге барады. Одан кейін отырып, «әт-тахият», «салауат», «рәббәнә» дұғасы оқылып, екі жаққа сәлем беріледі. Яғни, бұл айт намаздарының әрбір рәкаттарында үш қосымша тәкбір бар. Бұл тәкбірлер – уәжіп.

Хұтпашы айт намаздарының артынан мінберге шығып, тіке тұрып, жұмадағыдай екі хұтпа оқиды. Айт хұтпаларында тәкбірмен басталып, жамағат та осы тәкбірге жайлап қосылады. Жұма намазындағы сүннеттер мұнда да сүннет. Мәкрүһ болған нәрселер бұл жерде де – мәкрүһ.

Айт хұтпасының намаздан бұрын оқылуы – мәкрүһ. Имам бірінші рәкатта айт тәкбірлерін ұмытып, «Фатиханы» оқып жатқанда есіне түссе, дереу тәкбірлерді алып, «Фатиханы» қайта оқиды. Бірақ «Фатиха» мен Құранды оқығаннан кейін есіне түссе, тек қана тәкбірлерді алады. Қайта оқудың қажеті жоқ.

  • Маңызды
  • Пікірлер
  • Соңғы