Байзақ аудандық соты «С.» АҚ-ның «N.», «D.» ЖШС-не және екі жеке тұлғаға қатысты инвестициялық салымды, кепілді табысты, айыппұл санкциялары мен өсімпұлдарды өндіріп алу туралы талап қоюы бойынша азаматтық істі қарады.
Талап қоюшы мен «N.» ЖШС-і арасында «Жамбыл облысында талшықты цемент бұйымдарын өндіру» жобасын іске асыру бойынша бірлескен қызмет туралы шарт жасалған. Шарт шеңберінде талап қоюшы инвестициялық салымның 125 млн теңге көлемінде бірінші траншын аударған.
Міндеттемелердің орындалуын қамтамасыз ету үшін кепілдік шарттары жасалды, оған сәйкес «D.» ЖШС-і және екі жеке тұлға негізгі борышкердің міндеттемелерін орындағаны үшін ортақ жауапкершілікті өз мойындарына алды.
Сотта жауапкердің инвестициялық қаражатты мақсатсыз пайдалануы, жабдыққа тиісті құжаттаманың болмауы, сондай-ақ кепілдендірілген табысты төлемеу фактілері анықталды. Жауапкерлер қарызды өтеу және міндеттемелерді мерзімінен бұрын орындау туралы жіберілген талаптарды орындамады.
Ұсынылған дәлелдемелерді зерттей келе, сот мәлімделген талаптардың негізді екендігі туралы қорытындыға келді.
Сот шешімімен талап қою қанағаттандырылды. Жауапкерлерден ортақ тәртіппен 141 млн теңгеден астам берешек, сондай-ақ үлестік тәртіппен 4,2 млн теңге мөлшерінде мемлекеттік баж өндірілді.
Шешім заңды күшіне енген жоқ.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







