Сот анықтағандай, 2025 жылғы 27 шілдеде таңғы уақытта «Алматы-Екатеринбург» тас жолында «Toyota Land Cruiser» көлігін тізгіндеген Р. шаршаған күйде рульге ие бола алмай, қарсы қозғалыс жолағына шығып кеткен. Көліктің аударылуы салдарынан оның жанында болған әпкесі мен досы алған жарақаттарынан қайтыс болды.
Сотталушы өз кінәсін мойындамағанымен, оның айыбы сараптамалар мен куәгерлердің айғақтарымен толық дәлелденді. Жәбірленуші тараптар сотталушыға кешірім беріп, оны бас бостандығынан айырмауды сұрады. Прокурор болса 5 жылға бас бостандығынан айыруды және жазаны орындауды кейінге қалдыруды сұраған болатын. Нәтижесінде сот Р.-ны ҚР Қылмыстық кодексінің 345-бабы 4-бөлігі бойынша кінәлі деп танып, 5 жылға бас бостандығынан айыру және 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айыру жазасын кесті. Алайда сотталушының тәрбиесінде 2 жастан 9 жасқа дейінгі төрт кішкентай баласының болуына байланысты, заң аясында жазаның орындалуы 5 жылға кейінге қалдырылды. Қазіргі уақытта сот үкімі заңды күшіне енген жоқ.







