Биылғы жылдың бес айында облыста 500-ден астам жол-көлік оқиғасы орын алып, оның салдарынан 99 адам қаза тауып, 800-ден астамы әртүрлі дәрежедегі жарақат алған. Көлік құралдары мен жол бөлігінің қанағаттанарлықсыз техникалық жағдайымен қатар, жол-көлік оқиғаларының негізгі себептерінің қатарында жол қозғалысына қатысушылардың нашар тәртібі де бар. Мамандар жаяу жүргіншілер мен жүргізушілер мұқият болса, жол-көлік оқиғаларының көбеюі мен өліммен аяқталатын ауыр зардаптардың алдын алуға болатынына сенімді.
Көлік апаттары жалпы қоғамға да, жекелеген азаматтарға да орасан зор материалдық және моральдық зиян келтіреді. Жол-көлік жарақаттары еңбекке қабілетті жастағы адамдардың өндірістен шеттетілуіне әкеліп соғады. Ең ауыры мұндай оқиғаларда жиі жапа шегетін – балалар. Олар не өмірлерімен қоштасады, кейде мүгедек болып қалып жатады.
Облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметінен түскен мәліметке қарағанда, биылғы жылдың бес айында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда жол-көлік оқиғаларының өскені Шу, Қордай, Меркі, Мойынқұм, Жуалы, Т.Рысқұлов, Жамбыл аудандарында байқалады.
Жағдайлардың басым көпшілігінде жазатайым оқиғалардың себебі адами фактор болып табылады. Талдау көрсеткендей, барлық жол-көлік оқиғаларының 99 пайызы жылдамдықты асырған, жол қиылыстарынан өту ережелерін бұзған, көлік жүргізу кезінде ұялы телефонға алаңдаған, қашықтықты сақтамаған, қарсы жолға шығып кеткен жүргізушілердің өздерінің кінәсінен орын алады.
Олардан бөлек жаяу жүргіншілердің жолдың белгіленбеген жерден кесіп өтуі де апатты жағдайлардың себебіне айналып отыр. Ал ең қауіптісі көлікті мас күйінде басқарған жүргізушілер.
Полиция департаментінің мәліметінше, ағымдағы жылдың қаңтар-мамыр айларында көлікті мас күйінде басқарғаны үшін 331 адам жүргізуші куәлігінен айырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 70 фактіге көп.
«Патрульдік полиция батальонының қызметкерлері аумақты тәулік бойы патрульдеу жұмыстарын жүргізеді. Көлік жүргізушілерімен, сондай-ақ жаяу жүргіншілермен жол қозғалысы ережелерін сақтаудың маңыздылығы мен жол қауіпсіздігі шаралары туралы түсіндіру жұмыстары жүргізілуде. Жыл басынан бері жазатайым оқиғалардың санын азайту мақсатында 12 жедел-профилактикалық іс-шара және 16 жергілікті оқу-жаттығулар ұйымдастырылды. Еңбек ұжымдарында, оқу орындарында 1200-ден астам лекция оқылды», — делінген полиция департаментінің хабарламасында.
Мамандар жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерге жол қозғалысы ережелерін сақтау және ауа райының қолайсыз жағдайында қосымша сақтық шараларын сақтау қажеттігін ескертеді. Жауын-шашын, тұман кезінде жолдың көрінуі нашарлайтынын, барлық нысандар алысырақ көрінетінін, ал көліктердің жылдамдығы баяу болып көрінетінін есте ұстаған жөн.
Жаяу жүргіншілер өткелі жаяу жүргіншінің қауіпсіздігіне кепілдік бермейтінін есте сақтаңыз. Жолдың жүру бөлігіне кірер алдында жақындап келе жатқан көлік құралына дейінгі қашықтықты, оның жылдамдығын бағалап, жолдан өту қауіпсіз болатынына көз жеткізуі керек.






