Жамбыл облысы, Байзақ ауданына қарасты Үлгілі ауылында жаңа балалар ойын алаңының ашылуы ауыл халқы үшін ерекше қуаныш болды. Бұл нысан — «Үлгілі ауылға – үлгілі алаң» әлеуметтік жобасы аясында салынып, жергілікті тұрғындардың игілігіне берілді.
Жобаның ашылуында ауыл тұрғындары, ардагерлер, жастар мен аналар алқасы өкілдері қатысып, қуаныштарымен бөлісті. Соның ішінде Аналар алқасының төрайымы Жанат Дейсенқызы бұл игі істің ауыл өміріндегі маңызды оқиға екенін атап өтті.
«Мен Үлгілі ауылының аналар алқасының төрайымымын. Ауылымыз жайлы айтатын болсақ, бүгінде ауылдың ажары кіріп, көркі жасарып келеді. Осындай жобалардың арқасында ауылымыздың дамуын, жақсы өзгерістерін көзбен көріп отырмыз,» — деді ол.
Оның айтуынша, жаңа ойын алаңы тек балаларға арналған демалыс орны ғана емес, ауыл халқының бірлігін, ортақ мүдде жолындағы еңбек пен ізгі ниеттің көрінісі.
«Бұл — біздің балалар үшін ғана емес, барлық ата-аналар үшін қуанышты сәт. Отбасылық құндылықтарды сақтап, ұрпақты тәрбиелеуде мұндай бастамалардың орны ерекше. Біз ұлттық дәстүрлерімізді, бірлікті, ынтымақты бағалаймыз және осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді деп сенеміз», — деді Жанат Дейсенқызы.
Ауыл тұрғындары жобаны жүзеге асыруға атсалысқан барлық ұйымдарға шынайы ризашылығын білдірді.
«Барлық қолдау көрсеткен азаматтарға алғысымыз шексіз. Осындай игі бастамалар көп болсын», — деп түйіндеді ол.
Жаңа балалар ойын алаңының ашылуы — ауылдағы салауатты, қауіпсіз орта қалыптастыруға жасалған нақты қадам. Бұл жоба болашақта балалар тәрбиесіне, ауыл мәдениетінің дамуына және тұрғындардың өмір сапасының артуына оң әсер етпек.







