Мемлекеттік қолдаудың арқасында соңғы жылдары көптеген елді мекендер еңсесін тіктеп, халықтың да әлеуметтік жағдайы артып, тұрмысы түзелді. Жуырда Талас ауданына жұмыс сапарымен барып, әр салаға серпін берген жүйелі жұмыстардың жүргізілгенін байқадық. Жыл сайын өсіп-өркендеп, ажарлана түскен ауылдардың қарасы қалың. Тамдыдағы толайым, Үшаралдағы үлгі болар, Ақкөлдегі ауқымды, Ойықтағы оңды істерді көргенде көз сүйсінеді. Алайда, өркениет көшінен кейін қалған, өңірлерді дамытуға арналған мемлекеттік бағдарламалардың игілігін сезіне алмай отырған ауылдардың әлі де бар екені арқамызға аяздай батты.
Мәселен, Қызыләуіт ауылдық округіне барғанымызда, 1991-1995 жылдарға тап болғандай әсерде болдық. Қателеспесек, осыдан екі-үш жыл бұрын Қызыләуітке барып, сонда халықтың жайлы өмір сүруіне кедергісін келтіріп тұрған түйінді мәселелердің көп екенін байқаған едік. Одан бері де біршама уақыт өткендіктен өзекті мәселелер шешімін тауып, оң өзгерістер орын алып жатқанына іштей сенімді едік. Өкінішке қарай, сеніміміз ақталмады. Ауылды аралап, тұрғындармен тілдескеннен кейін алақандай ауылдың ілгері жылжудың орнына, керісінше кері кетіп, құлдырап бара жатқанын ұғындық. Ауылішілік жолдардың әбден тозығы жеткен. Қаңырап бос тұрған үйлер көп. Әкімдік ғимаратын көргенде тіпті жағамызды ұстадық. Журналистік сапармен осы күнге дейін талай ауылда болдық. Кез келген ауылға барсаң әкімдік ғимараты алыстан менмұндалап тұрады. Солай болса керек-ті. Себебі, әкімдік ғимараты – ауылдың бет-бейнесі. Ал, сәулетінен сән қашқан Қызыләуіттегі әкімдік ғимаратын көргеннен кейін ауылдың жағдайын өзіміз-ақ бағамдай бердік.
Ауыл тұрғындарының айтуынша, елді алаңдатқан мәселелер аз айтылып, кем жазылып жүрген жоқ екен. Бірақ, «баяғы жартас, сол жартас».
– Шынымызды айтсақ, таң қаламыз. Айналамыздағы басқа ауылдарда жыл сайын қыруар жұмыстар атқарылады. Тұрғындары дән риза. Ал Қызыләуіт бәрінен құр қалып келеді. Неге? Ауылымызда айналдырған төрт көше бар. Бәлкім, сенбейтін де шығарсыз, төрт көшеге де Кеңес үкіметінің кезінде асфальт төселген. Тәуелсіздік алғанымызға отыз жылға жуық уақыт болды. Бірде бір көшемізге күрделі жөндеу жүргізілмеді. Ақылға қонымсыз ғой. Әйтеуір, төрт-бес жыл бұрын ауылдың кіреберісінен емханаға дейінгі жол жөнделгендей болды. Арада бір жыл өтпей жатып сапасыз жөнделген жол таз қалпына қайта түсті.
«Ауылға газ келеді» дегелі де бес-алты жылдың жүзі болды. Әлі келе жатыр… Жыл сайын уәде беріледі. Тағы бір маңызды мәселе – мектептің жылу мәселесі. Жылу қазандығы дұрыс істемейді. Қыс бойы оқушылар, мұғалімдер ауырып шығады, – дейді ауыл тұрғыны Жанәділ Сайлаубекұлы.
Сондай-ақ, ауыл тұрғыны Жеңісбек Әбдуалиев талай мәрте айтылып нәтижесі шықпағаннан «Айта-айта Алтайды, Жамал апай қартайды» деп, күрсінумен күн өткізіп жүргендерін жеткізді.
– Жыл өткен сайын тозып бара жатқан ауылымыздың жай-күйіне ешкімнің бас ауыртқысы келмейді. «Екі қойың бір сом». Ащы да болса айтайын, ауылда бас көтеретін адам жоқ. Егер ауыл әкімінің, ауыл тұрғындарының жаны ашымаса, ілкімді істердің ұйытқысы бола білмесе, басқа ешкім келіп жағдайымызды жасап бермейді. Сондықтан, әкім мен халық жұдырықтай жұмылып әрекет етсе, әркім елдің жағдайына жанашырлықпен қараса, мұндай жағдай орын алмас еді. Айтудай-ақ айтып жүрміз. Бірақ айтылған нәрсе айтылған жерде қалады. Сондықтан да жол, газ, мектептің жылуы, жарықтандыру, жұмыссыздық мәселелері өзекті күйінде қалып отыр. Мектептің жылу қазандығы жылда жөнделеді. Бірақ, нәтиже жоқ. Қыста суық сыныптарда сабақ оқу мүмкін емес. Ертең ұл-қызымыздың ауру болып шықпасына кім кепіл?
Биыл ауылда мәдениет үйі күрделі жөндеуден өтті. Естуімізше, 50 миллион теңгеден астам қаржы жұмсалыпты. Аз ақша емес. Қыруар қаржыға шағын ғана мәдениет үйін жөндемей-ақ, халықтың санына қарай еңселі мәдениет үйін соғуға болады ғой. Бірақ, оны ойлап жатқан ешкім жоқ, – дейді ауыл тұрғыны Ж.Әбдуалиев.
Ал, аты-жөнін атамауымызды өтінген тағы бір тұрғын ақыл айтар ақсақалдың жоқтығынан да ауыл азып, тірлігі тозып жатқанын қынжыла жеткізді.
Естіп-білген, көзбен көрген мәселелер бойынша Қызыләуіт ауылдық округі әкімінің айтарын тыңдамас бұрын Бажан Бекетаевтың өткен жылдың қорытындысы бойынша атқарылған жұмыстар мен алда тұрған міндеттер туралы Талас ауданының әкімі Бақыт Қазанбасов пен халық алдына берген есебіне көз жүгірттік.
«Газ жүйесі бойынша биыл Ақкөл, Қызыләуіт, Ақтөбе ауылдарына газ құбырын тарту үшін 200 миллион қаржы қарастырылды. Ауыл ішіндегі көше жолдарының тозығы жеткен. Қызыләуіт ауылының орталық Д.Дүйсенбин көшесіне 40 миллион, мектеп көшесіне 9 миллион, Есей көшесіне 20 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасалып, тиісті мекемеге тапсырылды. Биыл өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында 2 миллион 200 мың теңге қарастырылып, 2020 жылы Абай көшесінің тиісті жеріне көше жарығы толығымен орнатылады. Ал қалған Есей көшесінің жарықтануына жалпы құны 1,8 миллион теңгеге жобалық-сметалық құжаттары жасалды», делінген баяндамада.
Егер әкім есебін толық оқып шықсаңыз таңдай қағып, Қызыләуітке көшіп барғыңыз келеді. Атқарылған жұмыстары мен алда тұрған міндеттері еріксіз сүйсіндіреді. Бірақ… Тұрғындар ауыл әкімінің сөзі ірі болғанымен ісі ұсақ екенін, уәде берумен ғана шектелетінін айтады.
Ал, Қызыләуіт ауылдық округінің әкімі Бажан Бекетаевтың сөзіне сүйенсек, атқарылған жұмыстар аз емес, алда тұрған міндеттер де ауқымды екен.
– Ауылішілік жолдар бойынша жобалық-сметалық құжаттар дайындалып қойған. Қазіргі таңда Ақкөл ауылына газ тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Ақкөлден кейін Қызыләуітке газ кіргізілетін болады. Ауылға газ тарту жұмыстары толықтай аяқталғаннан кейін ғана жол құрылысы басталады. Себебі, газ кіргізілмей тұрып жол жөндесек екі есе шығынға ұшыраймыз. Егер биыл жолдарымызды жөндесек, газ тартылғаннан кейін тағы жөндеуге тура келеді.
Өткен жылы ауызсу мәселесі шешілді. Келесі жылы газ тартылып, жол жөнделеді. Ауылда жұмыссыз жүргендер жоқ. Мемлекеттік бағдарламалардың арқасында несие алып, кәсібін дөңгелетіп отырған ауыл тұрғындары көп. Дегенмен, биыл несие алғандардың саны аз болды. Себебі, тұрғындар 2018-2019 жылдары жаппай алып, биыл қалғандарына берілді.
Ағымдағы жылы жұмыспен қамтудың 2020-2021 жылдарға арналған жол картасы аясында 51 миллион теңгеге мәдениет үйі жөнделді. 9,5 миллион теңгеге мектептің іші толық жарықтандырылды. 6 миллион теңгеге су жинайтын дамба құрылысы аяқталды. Өңірлерді дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы аясында Абай көшесінің 1 шақырымы жарықтандырылды.
Демеушілердің көмегімен бой көтеріп жатқан спорт кешені, қоғамдық монша Тәуелсіздік күні қарсаңында ел игілігіне беріледі. Сонымен қатар, «Ынтымақ» шаруа қожалығы 400 ірі қараға арналған сиыр сүт фермасының құрылысын, «Кәусар» шаруа қожалығы 1000 ірі қара малға арналған бордақылау алаңының құрылысын жүргізіп жатыр. Олар жыл соңына дейін пайдалануға беріледі деп жоспарлануда. Сондай-ақ, «Көктал» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі келесі жылы 5000 қойға арналған бордақылау алаңын ашқалы отыр.
Ал, әкімшілік ғимараты бойынша биыл жобалық-сметалық құжаттар әзірленді. Келесі жылы күрделі жөндеу жүргізіледі. Мектептің қазандығы ауысқан. Дегенмен, қазандықтың жүйесінде бір кілтипан бар секілді. Аудан әкіміне айтылған. Келесі жылы шешімін табады деген ойдамыз, – дейді Бажан Бекетаев.
Осылайша ауылдық округ әкімі барлық мәселе келесі жылы толықтай шешілетініне сендірді. Ал, тұрғындардың көкейінде үміттен гөрі күмән басым. Себебі тұрғындардың «Жобалық-сметалық құжаттары дайындалып, келесі жылы шешіледі» деген жауапты ести-ести құлақтары жауыр болған. Тіпті қазір ауыл тұрғындарының арасында «хит» болған, тіпті келмейтін келесі жыл» деген әзіл таралып кеткен.
Кім біледі, мүмкін шынымен-ақ келесі жылы қызыләуіттіктер жағымды жаңалықтардың куәсі болып қалар? Әйтеуір, атқарылар шаруа келесі жылы да «келесі жылға» созылып кетпесе екен. Бұлай болатын болса, қоғам кайраткері Мырзатай Жолдасбековті тудырған топырақтың тұрғындарынан тағы ұят болғалы тұр.
Талғат НҰРХАНОВ,
Талас ауданы






