№6 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Талап Нышанбекұлы Әбдібеков өзінің 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын көпшілік назарына ұсынды. Әділдік, заң үстемдігі, еңбекқорлық және даму қағидаттарына негізделген бұл бағдарламалық құжат Гродеково ауылы мен округ аумағындағы өзекті мәселелерді шешуге бағытталған тоғыз басым бағытты қамтиды.
Талап Әбдібеков 1971 жылы Жамбыл ауданының Өрнек ауылында дүниеге келген, «Зооинженер» және «Тарих, құқық және экономика негіздері» мамандықтары бойынша жоғары білім алған. Еңбек жолын ауыл шаруашылығы саласында бастаған ол ұзақ жылдар бойы №17 Жамбыл колледжін басқарып, білім беру ісіне зор үлес қосты, ал бүгінде «Әділет» партиясы Жамбыл аудандық филиалының төрағасы қызметін атқарып келеді. Аудандық мәслихаттың төрт шақырылымының депутаты болған, «Үздік депутат» номинациясымен, «Ауыл еңбегі үшін» медалімен және «Ы. Алтынсарин» төсбелгісімен марапатталған тәжірибелі қоғам қайраткері елді мекендердің тыныс-тіршілігі мен шешімін күткен түйткілдерін терең білетінін алға тартады.
Бағдарламада ауыл инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне бірінші кезекте мән берілген. Атап айтқанда, кандидат Гродеково ауылындағы көшелерді орташа және күрделі жөндеуден өткізуге, ауыл мен Тараз қаласы арасындағы қоғамдық көлік қатынасын жақсартуға ықпал етуді көздейді. Сонымен қатар, тұрғын үйлердегі ауызсу қысымын реттеу, тозған инженерлік желілерді жаңарту, электр энергиясымен үздіксіз қамту және көшелерді жарықтандыру жұмыстарын кеңейту негізгі міндеттер ретінде белгіленген.
Ауыл шаруашылығы мен кәсіпкерлікті дамыту бағытында кандидат нақты сандық көрсеткіштерге қол жеткізуді мақсат етеді. Бағдарлама аясында Гродеково ауылында ет өңдеу үлесін 42,2 пайызға, сүт өңдеу үлесін 5 пайызға дейін арттыру, сондай-ақ тамшылатып және жаңбырлатып суару технологияларын қолданатын алқаптарды 2 400 гектарға дейін кеңейту жоспарланған. Бұған қоса, шаруаларды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және «Ауыл аманаты» жобасы арқылы жеңілдетілген микрокредиттер беру мүмкіндіктерін арттыру арқылы отбасылық бизнес пен жаңа жұмыс орындарын ашуға қолдау көрсетілмек.
Әлеуметтік инфрақұрылым, денсаулық сақтау, білім беру және жастар саясаты да бағдарламаның өзегін құрайды. Кандидат 2031 жылға дейін Гродеково ауылындағы дәрігерлік емхананы ағымдағы жөндеуден өткізуге, «Дипломмен ауылға» жобасы арқылы жас мамандарды тартуға және Гродеково орта мектебін заманауи STEM кабинетімен жабдықтауға ықпал етуді көздейді. Сонымен бірге, әлеуметтік осал топтар мен мұқтаж отбасыларға қолдау көрсетіп, аудан мекемелерінде кедергісіз орта қалыптастыру, ал жастарды «Жасыл ел», «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары мен кәсіптік оқыту курстары арқылы жұмыспен қамтып, жыл сайын кемінде 210 азаматтың еңбекке орналасуына жәрдемдесу жоспарланған.
Талап Әбдібековтің сайлауалды бағдарламасы Гродеково ауылының әлеуметтік-экономикалық әлеуетін күшейтіп, тұрғындардың күнделікті өмір сүру сапасын жаңа деңгейге көтеруге бағытталған жүйелі бастамаларды біріктіреді.
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: Т.Н. Әбдібеков.
№6 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.







