Бір әулеттің үш буыны жарты ғасырдан астам уақыт бойы балалар мен жасөспірімдерді спортқа баулып, аудан спортының қалыптасуына және дамуына өлшеусіз үлес қосып келеді.
Жамбыл облысы әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасына қарасты Талас ауданындағы №33 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің тарихында Сабыровтар әулетінің қолтаңбасы айқын. Бұл отбасы үшін спорт – жай мамандық емес, ұрпақтан-ұрпаққа жалғасқан өмірлік миссия.
Әулеттің үлкені Темешбай Сабыров саналы ғұмырын спорт саласына арнады. Қазақ мемлекеттік дене тәрбиесі институтын тәмамдаған ол еңбек жолын әдіскер-нұсқаушы болып бастап, кейін жаттықтырушы, аудандық спорт мектебінің директоры қызметтерін атқарды. Әр жылдары аудан спортының ұйымдастырушылық жүйесін қалыптастыруға, жас спортшыларды тәрбиелеуге және спорт мектептерінің материалдық базасын нығайтуға белсене атсалысты.
2008 жылы Ақкөл ауылында балалар-жасөспірімдер спорт мектебі ашылғанда оның алғашқы директоры болып тағайындалып, жаңа ұжымның қалыптасуына жетекшілік етті. Зейнет жасына жеткеннен кейін де жастармен жұмысын тоқтатпай, футбол жаттықтырушысы ретінде тәжірибесін кейінгі буынға үйретті.
Ұзақ жылғы еңбегі елеусіз қалған жоқ. Темешбай Сабыров әр жылдары мемлекеттік және ведомстволық марапаттарға ие болып, «Құрметті спорт қызметкері» төсбелгісімен наградталды. 2024 жылы дүниеден өткен ардагердің есімі Талас ауданы спортының тарихында құрметпен аталады.
Спорттағы еңбек эстафетасын оның туған інісі Ғарифолла Қонарбаев жалғастырды. Ол да жоғары білім алып, еңбек жолын жаттықтырушы ретінде бастап, кейін аудандық спорт комитетін басқарды. Ақкөл спорт мектебінде ұзақ жыл әдіскер, жаттықтырушы және директор қызметтерін атқарып, өңірдегі бұқаралық спорттың дамуына елеулі үлес қосты.
Ғарифолла Қонарбаевтың ұйымдастырушылық қабілеті мен көпжылдық еңбегі де жоғары бағаланып, аудан әкімінің Құрмет грамоталарымен және «Еңбек даңқы» төсбелгісімен марапатталды.
Бүгінде әулеттің қалыптасқан жолын Темешбай Сабыровтың ұлы Оңғар Темешбайұлы жалғастырып келеді. Жоғары оқу орнын тәмамдаған жас маман туған ауылына оралып, балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде футбол жаттықтырушысы болып еңбек жолын бастады. Қысқа уақыт ішінде жауапкершілігімен көзге түсіп, бүгінде спорт мектебінде әдіскер қызметін атқарып жүр. Оның басты мақсаты – шәкірттерге сапалы тәлім беріп, аудан спортын жаңа деңгейге көтеруге үлес қосу.
Сабыровтар әулетінің тарихы – еңбекке адалдықтың, кәсіпке деген құрметтің және ұрпақ сабақтастығының жарқын көрінісі. Бір әулеттің бірнеше буыны бір салада табанды еңбек етіп, жүздеген жас спортшының қанаттануына ықпал етті. Олар үшін басты жетістік – марапат емес, спорт арқылы тәрбиеленген жас ұрпақтың жеңісі.
Осындай еңбек адамдары өңір спортының ғана емес, қоғамның да тірегіне айналып келеді. Себебі кәсібіне адалдық пен ел болашағына қызмет ету – уақыт өзгерсе де өз құндылығын жоғалтпайтын қасиет.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасы мемлекеттік ақпараттық саясат тапсырысы негізінде жарияланды







