Бүгін, Тараз қаласында отбасы құндылықтарын насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын нығайту және өнегелі өмір жолымен көпке үлгі болған отбасыларды ұлықтау мақсатында «Берекелі отбасы – берік қоғам» атты іс-шара өтті.
Іс-шара Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырмасы бойынша ұйымдастырылып, ұлттық құндылықтарды дәріптеуге, отбасылық тәрбиенің маңызын арттыруға және қоғамдағы отбасы институтының рөлін нығайтуға бағытталды.
Шара барысында 25 жыл бойы отбасылық өмір сүріп келе жатқан және 50 жыл отасқан отбасыларға ерекше құрмет көрсетілді. Ғұмырын бірге өткізіп, ұрпақ тәрбиесіне үлес қосып келе жатқан отбасылардың өмір жолы — жас буын үшін өнеге, ал олардың өзара сыйластығы мен татулығы — қоғам үшін құнды үлгі.
Отбасы — қоғамның негізгі тірегі. Ұрпақ тәрбиесі, ұлттық дәстүрлердің жалғасуы, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету секілді асыл қасиеттер ең алдымен отбасынан бастау алады. Сондықтан осындай игі шаралардың маңызы зор.
«Берекелі отбасы – берік қоғам» атты басқосу отбасылық құндылықтарды дәріптеп қана қоймай, ұзақ жылдар бойы бір шаңырақ астында ғұмыр кешіп келе жатқан жандардың өнегелі өмірін насихаттауға мүмкіндік берді.
Мұндай бастамалар қоғамдағы отбасы мәртебесін көтеруге, жастардың отбасылық өмірге деген жауапкершілігін арттыруға және ұрпақтар арасындағы байланысты нығайтуға ықпал етеді.



Берекелі отбасы — берік қоғамның негізі!







