Автокөлік құралдарындағы өрттер әртүрлі жағдайларда: жол апаты кезінде, қозғалыстағы автокөлікте, аз уақытқа тоқтаған кезде, ашық автотұрақта немесе гаражда ұзақ тұрған кезде болуы мүмкін. Аталаған ерекшеліктер өрттің пайда болу себебіне, оның динамикасы мен салдарына да міндетті түрде әсер етеді, 2020 жылдың басынан осы уақытқа дейін Жамбыл облысы бойынша 69 автокөліктегі өрт оқиғасы тіркелді (2019 жылы осы уақытқа дейін 93 автокөлік өртенді)
шығыны 4 млн. 47 мыңнан астам теңгені құрады.
Өрттердің негізгі себебі – электр сымы мен электр құрылғыларының қысқа тұйықталуы (71%), жанар-жағар май жүйесінің ақаулығы (18%), сонымен қатар тұрғындардың отты қолданудағы абайсыздығы (11%) .
Мысалға, 2020 жылғы 5 тамызда сағат 20.05-те Тараз қаласы, Султанбаев
көшесінің 2-ші бұрылысындағы №17 үйдің жанында 1978 жылы шыққан «Ваз- 2106» жеңіл автокөлігінің өртенгендігі жөнінде хабар түскен. Оқиға орнына Тараз қ. №1 Мамандандырылған өрт сөндіру бөлімінің 1-бөлімшесі шығып, 1-б оқпанын қолданған. Өрт салдарынан жеңіл автокөлік жойылды. Зардап шеккендер жоқ.
Сол күні сағат 22.37-де Мойынқұм ауданы, Қылышбай ауылдық округі,
Подсольный жерінде «Audi-80» жеңіл автокөлігінің өртенуі болды. Оқиға орнына Мойынқұм аудандық №18 өрт сөндіру бөлімінің 2-бөлімшесі шыққан. Сағат 22.59- да жеткен от жауынгерлері шұғыл түрде автокөліктегі өртті сөндіруге кіріскен. 23 сағат 04 минутта өрт ауыздықталып, 23 сағат 14 минутта жойылған. Өкінішке орай
өрт салдарынан жеңіл автокөлік толығымен жойылды. Алдын ала болжам бойынша өрт электр сымдарының қысқа тұйықталуынан орын алған.
НАЗАР АУДАРЫҢЫЗ!
Еске салсақ, орташа көлік 5-10 минут ішінде толықтай өртенуі мүмкін. Сіздердің назарларыңызға автокөлік құралдарының өртке қарсы жағдайын жақсарту және ондағы өрттердің алдын алу мақсатында, техникалық тексеру жүргізген кезде, төмендегі мәселелерге аса назар аударуды ұсынамыз:
— қуат көзі жүйесінің герметивті жалғануы;
— электр сымының кузов элементтері мен аспап қалқанына берік жалғануы;
— қосымша электр құрылғыларының /электрлік оталдыру шығырының, тұманға
қарсы шамдарының, қосымша сигналдардың және т.б./ дұрыс орнатылуы;
— ақаусыз өрт сөндіру құралының болуы.
Автотұрақ бөлмелерінде /гараждарда/ жол бермеу қажет:
— жанар-жағар май багінен, жанар-жағар май өткізгіштерінен,
карбюраторлардан майы ағып тұрған, сонымен қатар электрмен қамтамасыз
ету жүйелері қалыпты емес автокөліктерді жүргізуге;
— электр сымдарын дәнекерлеусіз қосуға;
— автокөліктерді бояуға, мөлшерден тыс жанар-жағар май құюға;
— бөлшектерді тез тұтанатын және жанатын сұйықтықтармен жууға;
— жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде ашық от қолдануға болмайды.
Жамбыл облысы ТЖД «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметі» ММ
Ішкі және сыртқы коммуникациялар тобы
Тел. 8(7262) 34-86-09