Облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың жұмыс сапары бұл жолы Мойынқұм ауданында жалғасын тапты. Ол ең алдымен Мыңарал ауылдық округінде орналасқан «Компания Мыңарал» ЖШС-ның атқарып жатқан жұмысымен танысты.
Аталған серіктестік мұндағы жергілікті тұрғындардың негізгі күнкөріс көзіне айналған балықты кәсіпкерлерден қабылдап алып, одан түрлі өнімдер шығарумен айналысады. Осыдан 6 жыл бұрын құрылған кәсіпорын жылына 1,5 мың тонна балық өнімдерін шығаруға қауқарлы екен. Алайда «Мыңарал компаниясы» балық зауытының директоры Сергей Нидің айтуынша Мыңарал ауылдық округінде балық аулауға машықтанған тұрғындар көп болғанымен, заңды түрде айналысатын кәсіпкерлер аз көрінеді. Тағы бір айта кетерлігі, балық зауыты әлі күнге дейін толық қуатында жұмыс істей алмай келеді. Оған бірден-бір себеп – шикізаттың жетіспеушілігі. Мәселен, зауыт 2017 жылы 853 тонна балық өнімін шығарса, 2018 жылы 597 тонна ғана өндіріп, жоспарлы межеден шыға алмай қалған. Ал өткен жылғы өндірген өнім көлемі тіпті 300 мың тоннаға да жетпей қалыпты. Оған қоса, зауыт меншігінде балық аулайтын екі учаскесі болса, өндіріс ошағына оның өзі жеткіліксіз көрінеді. Мекеме басшылығы жергілікті жердегі балық аулайтын айдындардың көлемін ұлғайтып, квота берілсе дейді.
«Мыңарал ауылдық округінде пайдаланылмай жатқан учаскелер бар. Бұл жерлерді өз аттарына заңдастырған кейбір тұрғындар материалдық базаның жоқтығынан тиімді пайдалана алмауда. Сонымен бірге биыл зауытқа 500 тоннаға дейін квота беріледі деп жоспарлануда. Дегенмен оның өзі бізге аздық етеді. Біздің зауытқа квотаның аз мөлшерде берілуінің бірден-бір себебі – меншігіміздегі учаскелердің аздығында болып тұр. Бұл аймақтағы учаскелердің басым бөлігі Алматы облысынан келген кәсіпкерлерге тиесілі. Олардың материалдық-техникалық базасы төмен болса да, учаске көлемінің үлкен болуына байланысты оларға 2 мың тоннаға дейін квота беріліп жатыр. Әзірге арнайы келісімшарт негізінде солардың учаскесінде балық аулауға мәжбүрміз. Облыс әкімдігі бізге дәл осы учаске мен квота бөлу мәселесін шешіп берсе, зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне мүмкіндік туар еді», – дейді Сергей Ни.
Облыс әкімі аталмыш мәселені жан-жақты зерттеп, тиісті министрлік өкілдерімен ақылдасып, зауыттың толық қуатында жұмыс істеуіне барынша атсалысатынын жеткізді.
Жалпы, мұнда 100-ге жуық адам тұрақты жұмыс істейтін болса, коронавирус індетіне байланысты әзірге 40-50 адам жұмыс істеуде. Бір қуанарлығы, жұмысшылардың жартысынан көбі мойынқұмдықтар екен.
Бұдан кейін өңір басшысы дәл осы ауылдағы К.Қасымов атындағы орта мектебіне барды. Білім ошағының материалдық-техникалық базасын көзбен көріп, мультимедиялық кабинеттің жабдықталуымен танысты. Алғашқы іргетасы осыдан жарты ғасырға жуық уақыт бұрын қаланған мектеп бүгінде қатты отынмен жылытылады екен. Өйткені шалғайдағы ауылға көгілдір отын әлі тартылмаған. Мойынқұм ауданы өңіріміздегі газ мәселесі шешілмей тұрған жалғыз аудан екенін тілге тиек еткен Б.Машбекұлы алдағы уақытта бұл олқылықтың орнын толтыру үшін тиісті жұмыстардың атқарылатынын айтты. Білім ордасының жай-күйімен танысқан өңір басшысы бірқатар ауыл тұрғындарымен кездесіп, Мыңаралдағы шешімін күткен мәселелерді тыңдады.
МОЙЫНҚҰМНЫҢ ДАЛАСЫ ТУРИЗМГЕ СҰРАНЫП ТҰР
Сонымен қатар аймақ басшысы Балқаш көлінің жағалауынан жағажай салуға лайықты деп танылған орынды көзбен көріп қайтты. Облыс әкімдігі туризм басқармасының басшысы Ғани Майлыбаевтың айтуынша, дәл осы Балқаш көлінің маңынан Мыңарал жағажайы салынып, курорттық қалашықтар бой көтеріп, аңшылық пен балық аулауға арналған демалыс орындары ашылар болса, Нұр-Сұлтан мен Қарағанды, Алматы мен Шымкент қалаларынан келетін адамдардың қарасы қалың болмақ. Ол үшін ең әуелі республикалық мәндегі күре жол мен жағалаудың арасына жол салу қажет екен.
Сондай-ақ Ғани Айдарұлы аудандағы 45 археологиялық, 46 сәулеттік, 6 тарихи ескерткіштерді жандандырып, «Қырбас», «Биназар батыр» және «Құралай сұлу» кесенелеріне жол салынар болса, мұндағы туризмді жаңа деңгейге көтеруге болатынын тілге тиек етті. Оның үстіне кейінгі жылдары Мойынқұмдағы «Андасай» мемлекеттік зоологиялық қорығына көңілі ауған шетелдіктер арнайы лицензия алып, аң аулайтын көрінеді. Өз кезегінде Мыңарал жағажайының сұлбасымен танысқан Б.Сапарбаев Балқаш көлі маңындағы аталмыш жағажайға адамдардың алыстан ат терлетіп келетініне күмәнмен қарайтындығын жеткізді. Облыс әкімі туризм басқармасы басшысына аталған орынға жол салмас бұрын бұл жобаны әлі де пысықтап алу керектігін ескертті.
Аймақ басшысының құмды өлкедегі жұмыс сапары бұдан әрі аудандағы іргелі өндіріс ошақтарының бірегейі – «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» ЖШС-ында жалғасын тапты. Кәсіпорынның техникалық директоры Анатолий Медюков облыс басшысын кәсіпорындағы толық автоматтандырылған диспетчерлік басқару орталығының жұмысымен таныстырды. Байқағанымыздай, мекеменің барлық жұмысын компьютермен басқарып отырған мұндағы білікті мамандар өз жұмыстарын аса ыждаһаттылықпен атқаруда.
Зауытта қазір 233 адам тұрақты жұмыс істесе, оның 51-і жергілікті тұрғындар. Сондай-ақ аталмыш зауыт шикізаттың 95 пайызын Мойынқұм ауданынан алса, қалған 5 пайызды көршілес Қарағанды облысынан тасымалдайды екен. Цемент өндірумен айналысатын мекеме жылына 1,5 миллион тонна өнім өндіруге қауқарлы. Ең қызығы, аталмыш өндіріс ошағының өндірген өнім көлемі зауыттың қуаттылығынан асып, соңғы үш жылда бұрын-соңды болмаған рекордтық көрсеткішке қол жеткізіп келеді екен.
Дәлірек айтқанда, олар өткен жылы М400 және М400D маркалы цементтің 1549,6 мың тоннасын өндіріпті. Қазіргі таңда көптеген компаниялар мен ірі инвесторлар жаңа жұмыс орындарын ашып, қызметкерлерінің алдындағы әлеуметтік міндеттерін жоғары деңгейде атқарып келеді. Сол секілді, Мойынқұм ауданындағы «Жамбыл цемент өндірістік компаниясы» да қазіргі таңда кәсіпкерліктің әлеуметтік жауапкершілігі саласындағы шараларды жоспарлы түрде жүзеге асыруда. Олар өндірістегі қызметкерлерге қолайлы жағдай жасап, жұмысшыларына әлеуметтік тұрғыда түрлі көмектер көрсетеді.
АҚБАҚАЙДЫҢ БАСТЫ ПРОБЛЕМАСЫ – АУЫЗ СУ
Мойынқұм ауданына жұмыс сапары барысында облыс әкімі Бердібек Сапарбаев өңірдегі ең шалғай елді мекендердің бірі — Ақбақай ауылында болды, онда барлығы 604 адам тұрады. Қазіргі таңда ауылдағы 100-ге жуық оқушы 500 оқушыға арналған мектепте білім алуда. Биылғы оқу жылында 13 бала бірінші сыныптың табалдырығын аттамақ. Білім ошағы барлық қажетті құрал-жабдықтармен қамтылған, интернет желісі тартылған, кітап қоры — бай. Жалғыз мәселе — кадр жетіспеушілігі. 22 мұғалімнің ішінде химия және информатика пәндерінің мұғалімдері жоқ.
Ауыл тұрғындары негізінен «АК Алтыналмас» АҚ Ақбақай филиалында жұмыс істейді. Облыс әкімі аталған кәсіпорында болып, жұмыс барысымен танысып, ондағы ұжыммен кездесті. Менеджер Мұхтар Аманжолов мекеменің жай-күйін әңгімелеп, өндіріс үдерісі туралы айтып берді. Компания GPS технологиясын және қазіргі заманғы жабдықтарды белсенді қолданады, соның арқасында жұмысшылардың орнын анықтауға, тіпті істің жөн-жосығын онлайн режимінде бақылауға болады. Интернет желісі компания ғимаратында да, жер астында да тарта береді. Шахтаның максималды тереңдігі — 560 метр.
Қазіргі уақытта компанияда 1056 азамат жұмыс істейді, олардың 789-ы Жамбыл облысының және 444-і Мойынқұм ауданының тұрғындары. Сонымен қатар, компания үнемі өз қызметкерлерінің біліктілігін арттырып отырады. Айталық, Қарағанды, Тараз және Жезқазған қалаларындағы университеттерде 305 қызметкер арнайы курстардан өткен. Орташа жалақылары — 240 мың теңге шамасында. Облыс әкімі алдымен жергілікті кадрларды тарту қажеттілігіне баса назар аударды.
М.Аманжоловтың айтуынша, Ақбақай кен орнындағы барланған алтын қоры 38 тоннаны құрайды. Дегенменде кейбір жергілікті тұрғындар осынау кәсіптен көлденең табыс табуға ұмтылып, шахтаға заңсыз кіруге тырысады екен. Облыс әкімі мұндай жағдайлармен күресу үшін полициямен тығыз қарым қатынаста жұмыс істеу қажет екенін атап өтті. Тағы бір проблема — ауыз су, оған қол жеткізу үшін 400 метрге дейін ұңғымаларды бұрғылау қажет.
Әкім әлеуметтік жауапкершіліктің маңыздылығын алға тартып, кәсіпорын облыс әкімдігінің қолдауына сенім арта алатынын айтты.
Жиналысқа қатысқан «Қазақалтын» АҚ үкіметпен байланыс жөніндегі бас директорының орынбасары Ғани Сағиев пандемия кезінде айтарлықтай көмектесе алатын корпоративтік қор құру қажеттігін мәлімдеді. Облыс әкімі бұл ұсынысты мақұлдап, Мойынқұм ауданының әкіміне осы бағытта жұмыс жасап, «Алтыналмаспен» тиісті меморандум жасауды тапсырды.
МИРНЫЙ ГРАНИТІ ҚЫТАЙҒА ДЕЙІН ЭКСПОРТТАЛАДЫ
Мирный ауылындағы тағы бір ірі кәсіпорын «Оргстрой» ЖШС көптеген жылдардан бері Ресей мен Өзбекстанға экспортталатын гранит блоктары мен граниттен жасалған бұйымдарды шығарады. 2020 жылы алғаш рет кәсіпорын өнімі Қытайға экспортталды. Б. Сапарбаев бұл кәсіпорынның жұмысына жоғары баға берді. Компанияның 2028 жылға дейін табиғи гранит өндіру бойынша бес келісім-шарты бар. Бүгінгі таңда түрлі-түсті табиғи гранит кен орындарының сегіз карьері жұмыс істейді. Компания көптеген құрылыс компанияларымен тығыз байланыста және Түркістан қаласындағы құрылыстарға гранит өнімдерін басты жеткізуші болып табылады. Мәселен, Мойынқұм гранитімен Қожа Ахмет Ясауи кесенесі мен Түркістан облысы әкімдігінің алдындағы алаң әрленді. Сонымен қатар жергілікті гранитті еліміздің басқа да ірі қалаларындағы түрлі нысандардан кездестіруге болады.
Аудандағы «Меркі-Бұрылбайтал» автомобиль жолын салуды жеделдету үшін жолдың екі шетінен екі ауысымда жұмыс істейтін екі мердігер компания тартылған. Олар отандық «АБК-Автодор НС» компаниясы (учаскенің ұзындығы 167 шақырымды құрайды) және қытайлық «China Xinxing Corporation» фирмасы (учаскенің ұзындығы 95 шақырым). Қазіргі қалыптасқан карантиндік жағдайға байланысты құрылыстағы жұмысшылар саны айтарлықтай қысқарды. 300 жұмысшының 31-і ғана жұмыс істейді.
Жақында еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Бейбіт Атамқұлов аталған нысанда болып, жұмыс барысымен егжей-тегжейлі танысқан болатын.
— Министрдің сапары кезінде біз қазақстандық фирма жыл соңына дейін мұндағы жұмысты аяқтап, көлік қозғалысы іске қосылатынына уәде бердік. Сондықтан, жұмысты күшейтіп, мүмкіндігінше көп жұмысшыны тарту қажет, — деп атап өтті облыс әкімі.
Ал, «АБК-Автодор НС» өкілдері жұмыс өз мерзімінде аяқталатынын, оған қажетті материалдардың жеткілікті екендігін атап өтті.
Келесі кезекте облыс әкімі орталық аудандық ауруханада болды. Аурухананың бас дәрігері Жайдар Әйтішев өңірде пневмонияға шалдыққандардың саны азайып келе жатқандығын айтты. Оның айтуынша, науқастар саны өткен аптамен салыстырғанда үш есеге азайған. Қазіргі таңда аурухана барлық қажетті дәрі-дәрмектермен, ӨЖЖ аппараттарымен және оттегі концентраттарымен қамтамасыз етілген. Жергілікті кәсіпкерлер де игілікті істен тыс қалмай, қолдау-көмектерін көрсетуде. Провизорлық стационарда екі дәрігер мен алты медбике кезекшілік етеді. — Облыста аптап ыстық болды, сегіз сағаттан жұмыс істеу қиынға соқты. Тіпті масканы үнемі тағып жүру де оңай болмады. Ал біздің дәрігерлеріміз болса, арнайы костюмдерді киіп ауруханада жұмыс істеуге мәжбүр. Сондықтан кезекшілік кестесін қайта қарап, ауысымды төрт сағатқа дейін қысқарту қажет, — деді облыс әкімі. Сондай-ақ, Б.Сапарбаев қосымша жұмыс көлемі үшін медициналық қызметкерлерге тиесілі қосымша төлемдер туралы сұрады. Бас дәрігердің айтуына қарағанда соңғы төрт күн ішінде дәрігерлер 54-тен 80 мың теңгеге дейін қосымша ақы алған.
— Қосымша үстемақы уақытында және тұрақты берілуі тиіс. Бұл істе кейбір аймақтардағыдай салғырттыққа жол беруге болмайды, — деп атап өтті аймақ басшысы.
ҚҰМДЫ ӨЛКЕДЕГІ ТІЛСІЗ ЖАУ АУЫЗДЫҚТАЛДЫ
Облыс әкімі аудандағы жұмыс сапары барысында Мойынқұм ауданында орын алған өртті де назарынан тыс қалдырмады. Табиғи ресурстар және табиғат реттеуді пайдалану басқармасының басшысы Аслан Оразбеков облыс басшысына қазіргі ахуалды баяндап, атқарылып жатқан жұмыстардан хабардар етті.
Басқарма басшысының айтуынша, тілсіз жауды ауыздықтау үшін Байзақ, Жамбыл, Ақкөл және Бурылбайтал орман шаруашылығы мекемелерінен барлығы 46 адам, 20 техника, сондай-ақ «Қазәуеорманқорғау» РМҚК мекемесінің облыстағы филиалынан 6 десантшы жұмылдырылыпты. Бұдан бөлек, жақын маңдағы ауылдардан да көмек қолын созған тұрғындар бар. «Қазіргі таңда ауа райының тым ыстық болуының және желдің шығысқа қарай бағыт алуының салдарынан өрт тез таралып, 18 мың гектарға жуық жер өртенді. Өрт сөндірушілердің жанкештілігінің арқасында өрт шілденің 20-сы күні сөндірілді. Сонымен қатар Т.Рысқұлов ауданында найзағайдың салдарынан өрт шығып, 15 мыңдай гектар жерді өрт шалды. Тұтастай алғанда, қазіргі кезде 34 мыңдай гектар жер өртенген. Бүгінде өрт түгелдей ауыздықталды», – дейді Аслан Ұланұлы.
Одан кейін Б.Машбекұлы аудандағы зиялы қауым өкілдерімен кездесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады. Жиын барысында аудандық қоғамдық кеңестің төрағасы Болат Сатыбалдиев аудан орталығы саналатын Мойынқұм ауылына Жазылбек Қуанышбаевтың есімі берілсе деген ұсынысын білдірді. Шынын айту керек, өткен ғасырда құмды өлкенің маңғаз даласын жайлаған малшы қауымның шаруасы шалқып, жеткен жетістіктері мен көрсеткіштері әлі күнге дейін көптің есінде. Аты аңызға айналған даңқты шопан Жазылбек Қуанышбаевтың есімін елге танытқан да осы Мойынқұмның малға жайлы даласы деуге болады. Екі мәрте «Еңбек Ері» атағын алған шопанның ауданға сіңген еңбегін еш нәрсемен өлшеуге келмесі анық. Міне, осының бәрін тілге тиек еткен аймақ басшысы бұл ұсынысқа қолдау білдіретінін жеткізді. Кездесуде өзге де ақсақалдар түйткілді мәселелерді әкімнің назарына ұсынып, сауалдарына тұшымды жауап алды.