Министрге Turaninfo.kz ақпарат агенттігінен екі сауал жолданды.
— Құрметті, Ажар Ғиниятқызы! Бірінші сұрақ. Сізге шала туылған балалар туралы сұрау хат жолдаған болатынмын. Жауабын оқып, “бізде бәрі керемет” деген ой қалыптасып қалды. Шын өмірде жағдай мұндай емес. Бір сәби ретинопатияға шалдығып, қазір көзі көрмейді. Дәрігер уақытылы ем дом көрсеткенде осындай жағдайға жетпес еді. Қазақстанда емдей алмағандықтан Ресейге, Түркияға апарып диагностика, ота жасалды. Әсер етпеді. Республика көлемінде ретинопатияға шалдыққан балаларға қандай емдеу шаралары жүргізілуде? Ерте туылған, көзі көрмейтін қанша бала бар?
Біздің елімізде Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының бекіткен ережесі бойынша 500 грамм болып шала туған балаларға барлық медициналық көмекті көрсетіп, айы-күні жетпей туылған балалардың әрі қарай өмір сүріп кетуіне икемдеу жұмыстары жүргізіледі. Былтырдан бастап біздер денсаулығындағы қандай да бір кінәратпен өмірге келетін балалардың санын азайтып, нәресте өлімін төмендету үшін бала ананың құрсағында пайда болған сәттен бастап бақылайтын түрлі скринингтік бағдарламарды күшейттік. Егер сондай балалар дүниеге келетін болса офтальмология, аудиология сынды арнайы скринигтік бағдарламалар қабылданды. Былтыр осы бағдарламаға дейін офтальмологиялық тексеру тек 10-11 облыста ғана болды. Перинатальды орталықтарда әртүрлі қорлар мен министрліктің, жергілікті органдардың қаражатымен офтальмоскоп аппараттары сатып алынды. Бұл осы диагнозды қою үшін бірден бір керек аппарат. Сонымен бірге республика бойынша сол аппаратпен жұмыс жасап, уақытында көмек көрсететін 30-дан аса маман оқытылды. Сондықтан бұл жұмыс қолға алынып, ретинопатиямен күрес жұмыстары жүйелі жүріп жатыр. Бұл проблеманы жақсы білеміз. Сол үшін бағдарлама қабылданды. Министрліктің бұл бағыт бойынша барлық бұйрықтары мен клиникалық протоколдары жаңартылып, жұмысы жанданып жатыр.
— Екінші сұрақ. Сіз министр болғалы, Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы үш рет ауысты. Олардың ешқайсысының медицинаға қатысы жоқ. Бәрі экономистер. МӘМС-ке сауал көп. Жауап жоқ. Осыған орай, басшылар неге жиі ауысқанын білгіміз келеді? Ауысуларына не себеп? МӘМС-ке тіркелгендер қашан толық анықталады?
Медициналық сақтандыру қоры арқылы бүкіл денсаулық сақтау саласының бюджетінің 92 пайызы жүргізіледі және осы қор арқылы басқарылады. 2,5 трлн-нан астам қаржы барлық медициналық мекемелерге аударылып, пациенттерге дейін жетуі керек. Ең бірінші қаржының дұрыс басқарылуын, тиісті жерге жетуін, қаржылық операциялардың жүруін қаржы маманы басқарғаны дұрыс деп ойлап отырмыз. Бұл маманның қаржы министрлігінен шыққан маман болғаны денсаулық сақтау министрлігі үшін аса маңызды. Себебі Қаржы министрлігінің тарапынан Денсаулық сақтау министрлігі туралы “көп қаражат осы салаға кетіп жатыр, неге сіздерге жетпейді?” деген сұрақ болды. Ал бүгінгі таңда салаға қаржы жетпейтіні анық. Сондықтан мамандардың өзі көріп, көз жеткізгені, қаржылық операциялардың барлығын жүргізіп, екі министрліктің ортасындағы байланыстың күшеюіне, біздің саламызға көп ресурс келуіне мүмкіндік туады деген мақсатпен қаржы мамандары қаралып отыр,- деп жауап берді министр.