Қазақстанның туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов PSG Academy халықаралық желісінің техникалық директоры Бенжамен Уримен кездесіп, PSG Academy Kazakhstan жобасын іске қосуға дайындық барысын талқылады.
Жобаның алғашқы оқу-жаттығу орталығы Астанадағы Air Arena спорт кешенінде орналасады. FIFA талаптарына сәйкес келетін жабық футбол алаңы балалардың жыл бойы жаттығуына мүмкіндік береді.
Алғашқы кезеңде академияға 6–14 жас аралығындағы 300-ге жуық ұл мен қызды қабылдау жоспарланған. Жаттығулар PSG Academy-дің ресми бағдарламасы мен бірыңғай әдістемесі бойынша жүргізіледі.
Қазақстандық жаттықтырушыларға француз клубының техникалық мамандары тұрақты әдістемелік қолдау көрсетеді. PSG Academy жүйесінде 17 жылдан бері еңбек етіп келе жатқан Бенжамен Ури Қазақстанға жұмыс сапарымен келіп, мамандар үшін теориялық және практикалық сабақтар өткізді.
Министр кездесуде балалар мен жасөспірімдер футболын жүйелі дамыту, білікті жаттықтырушылар даярлау және балалардың спорттық әрі тұлғалық өсуіне жағдай жасаудың маңызын атап өтті.
Жоба аясында болашақта академия орталықтарын Қазақстанның басқа өңірлерінде де ашу мүмкіндігі қарастырылуда.
Қазақстан PSG Academy халықаралық желісіне қосылған 24-ші мемлекет атанды. 2005 жылы құрылған академия бүгінде әлем бойынша 200-ден астам оқу-жаттығу орталығын біріктіреді. Онда жыл сайын 50 мыңнан астам жас футболшы жаттығады.
PSG Academy Kazakhstan жұмысының басталу күні, қабылдау шарттары мен тіркелу тәртібі дайындық жұмыстары толық аяқталғаннан кейін қосымша жарияланады.







