№7 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына «Әділет» партиясынан ұсынылған кандидат Асқар Бахытұлы Сырлыбаев 2026–2031 жылдарға арналған сайлауалды бағдарламасын ұсынды. Партиялық құндылықтарға негізделген бұл бағдарлама ауыл тұрғындарының өмір сүру сапасын арттыруға бағытталған тоғыз басым бағыттан тұрады. Кандидат өз қызметінде әр тұрғынға әділ қарау, ауылдардың ерекшелігін ескеру, адал еңбекті бағалау және халықпен ашық байланыс орнату қағидаттарын басшылыққа алатынын айқындаған.
Асқар Бахытұлы 1982 жылы Жамбыл ауданының Аса ауылында дүниеге келген. Жамбыл көпсалалық политехникалық колледжін және Тараз мемлекеттік педагогикалық институтын «Тарих және география пәнінің мұғалімі» мамандығы бойынша тәмамдаған. Еңбек жолын 2007 жылы Жамбыл аудандық мәдениет үйінде автоклуб меңгерушісі ретінде бастаған ол аудандық тарихи-өлкетану мұражайында ескерткіштерді қорғау инспекторы болып еңбек етті, ал 2020 жылдан бері осы мұражайдың директоры қызметін абыроймен атқарып келеді. Туған өлкесінің тарихы мен тыныс-тіршілігін терең білетін азамат ретінде кандидат округ аумағындағы елді мекендердің өзекті мәселелерін шешуге басымдық береді.
Бағдарламада ауылдардың инженерлік және көлік инфрақұрылымын жақсартуға айрықша мән берілген. Атап айтқанда, Гродеково ауылындағы көшелерді ағымдағы және орташа жөндеуден өткізуге, қоғамдық көліктің тұрақты қатынауын қамтамасыз етуге және жол қауіпсіздігі мен қоғамдық тәртіпті нығайту мақсатында көшелерге бейнебақылау камераларын орнатуға ықпал ету көзделген. Сонымен қатар, жеке тұрғын үйлердегі ауызсу қысымын реттеу, тозған желілерді жаңарту, электр энергиясымен үздіксіз қамту және көшелерді жарықтандыру жұмыстарын кеңейту міндеттері белгіленген.
Ауыл экономикасын дамыту және тұрғындардың табысын арттыру бағытында Асқар Сырлыбаев «Ауыл аманаты» және «Іскер аймақ» бағдарламалары арқылы жеңілдетілген несие беру мүмкіндіктерін кеңейтуді ұсынады. Отбасылық кәсіпкерлік пен ауыл шаруашылығы кооперативтерін қолдаумен қатар, шаруаларды жайылымдық жерлермен қамтамасыз ету, ветеринариялық инфрақұрылымды дамыту және ауыл шаруашылығы өнімдерін көтерме бағамен өткізу үшін онлайн сату жүйесін қалыптастыру қарастырылған. Бұған қоса, шағын бизнесті өркендету, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу мен инвестиция тарту арқылы тұрақты жұмыс орындарын ашу жоспарланған.
Әлеуметтік сала, жастар саясаты және экологиялық мәдениетті қалыптастыру да бағдарламаның маңызды бөлігін құрайды. Кандидат мектептер мен балабақшалардың материалдық-техникалық жабдықталуын жақсартуды, білім ұйымдарына баратын жолдардың қауіпсіздігін күшейтуді, сондай-ақ қарттар, балалы отбасылар мен мүгедектігі бар азаматтарға әлеуметтік қызметтердің қолжетімділігін арттыруды басты назарда ұстайды. Сонымен бірге, жастарды «Жасыл ел» және «Жастар тәжірибесі» бағдарламалары арқылы жұмыспен қамтып, бұқаралық спортқа тарту және «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында ауылдарды көгалдандырып, абаттандыру көзделген.
Асқар Сырлыбаевтың сайлауалды бағдарламасы Гродеково ауылы мен №7 сайлау округі тұрғындарының күнделікті тұрмыстық түйткілдерін шешіп, елді мекендердің тұрақты дамуына серпін беретін нақты бастамаларды қамтиды.
Дайындаған: «ID Corp» ЖШС.
Тапсырыс беруші: А.Б. Сырлыбаев.
№7 бірмандаттық аудандық сайлау округі бойынша Жамбыл аудандық мәслихатының депутаттығына кандидаттың сайлауалды үгіт материалы республикалық бюджет қаражаты есебінен төленді.







