Бұл бастамалар Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес өңірдің өндірістік потенциалын көтеріп, әлеуметтік-экономикалық дамуды жеделдетуге, жергілікті тұрғындарды жаңа жұмыс орындарымен қамтуға және өмір сүру сапасын жақсартуға тікелей бағытталған.
Атап айтқанда, Айшабибі ауылдық округіне қарасты Әулиекөл ауылының аумағында «KEGOC» АҚ-ның электр станциясын кеңейту жобасы қарқынды жүргізіліп жатыр. Жалпы инвесторлық құны 10 миллиард теңгені құрайтын бұл жобаның аясында қуаты ПС 500/220/10 кВ болатын заманауи электр станциясының мүмкіндіктері арттырылмақ. Сонымен қатар іске асырылатын қуаттылықтың арқасында 10 жаңа тұрақты жұмыс орнын ашу жоспарланған. Қазіргі таңда нысанда құрылыс-монтаждау жұмыстары жоғары қарқынмен жүріп жатыр. Сондай-ақ электр станциясына қуат жеткізетін жоғары кернеулі электр желілерінің магистральдық желілерін тарту шаралары да қатар іске асырылуда.
Бұдан бөлек, осы Айшабибі ауылдық округінде «ГЭСМЫРЗАТАЙ» ЖШС тарапынан бу-газ қондырғыларын өндіру зауытын іске қосу жобасы жоспарлануда. Ауқымды жобаның жалпы құны 30 миллиард теңгені құрайды. Өндірістік қуаты бастапқы кезеңде 50 МВт болса, кейіннен кезең-кезеңімен 200 МВт-қа дейін ұлғайту көзделген. Өндіріс ошағы іске қосылғанда 60 жергілікті азамат жаңа жұмыс орындарымен орналасады. Қазіргі уақытта жобалық құжаттаманы отандық заңнамалық талаптарға сәйкестендіру жұмыстары жүргізілуде. Бастапқы жоба Қытай Халық Республикасының құрылыс нормалары мен талаптарына сәйкес әзірленгендіктен, оны отандық сарапшылар қайта қарастырып, Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасы мен нормативтік-құқықтық актілеріне бейімдеп жатыр. Аталған құжаттамалық жұмыстар толық аяқталғаннан кейін жоба кешенді сараптамадан өткізіліп, тиісті рұқсат құжаттары алынған соң, құрылыс жұмыстары белгіленген тәртіппен жүзеге асырылады. Қазіргі сәтте зауыттың негізгі өндірістік құрылғылары орнатылатын алаңды дайындау мен инфрақұрылымдық инфрақұрылымды тарту шаралары жүргізілуде.







