Индонезияның Джакарта қаласында өткен Азия-Тынық мұхиты өңірлік комитетінің 11-ші отырысында Қазақстан ұсынған екі маңызды номинация ресми түрде мақұлданды. Атап айтқанда, Есік қорғанынан табылған күміс тостағандағы көне жазуды қамтитын «Есік жазуы» және «Мәшһүр Жүсіп Көпейұлының басылымдарға шыққан туындыларының топтамасы» ЮНЕСКО-ның «Әлем жады» (MOWCAP) бағдарламасының өңірлік тізіліміне енгізіліп, ұлттық жазба мұрамыздың маңызын тағы бір мәрте паш етті.
Бұдан бөлек, биыл желтоқсан айында Қытайдың Сямынь қаласында ЮНЕСКО-ның Материалдық емес мәдени мұраны қорғау жөніндегі үкіметаралық комитетінің 21-ші сессиясы өтеді. Бұл шара еліміз үшін тағы бір үлкен тарихи оқиға болмақ, өйткені аталған сессияда «Кесте өнері: біз кесте, бедел кесте» мен «Дәстүрлі киіз басу: киіз басу» атты көпұлтты номинацияларды, сондай-ақ «Салбурын: тазы ертіп, бүркіт салатын атбегілер фестивалі» атты Қазақстанның ұлттық номинациясын Адамзаттың материалдық емес мәдени мұрасының репрезентативтік тізіміне енгізу туралы түпкілікті шешім қабылданады.
Қазіргі уақытта ЮНЕСКО-ның бағалау органы аталған номинацияларды тізімге енгізу жөнінде оң қорытындысын беріп отыр. Осылайша, әлемдік ұйымның беделді тізімдері халқымыздың тарихы мен салт-дәстүрін айшықтайтын жаңа қазақстандық жетістіктермен толығуда.







