Министрдің айтуынша, осы жылдың 30 қазанында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев тиісті Жарлыққа қол қойған. Ведомство басшысы бұл оқиғаның еліміз үшін маңызы зор екенін атап өтіп, мемлекет тарапынан жасанды интеллектіні дамытуға және талантты мамандарға әрдайым ерекше мән берілетінін жеткізді.
«Біз болашақ технологияларын жасайтын мамандардың өз жоспарларын Қазақстанмен байланыстырып, идеяларын жүзеге асыруға қажетті мүмкіндіктерді елімізден тапқанын қалаймыз», — деді Жаслан Мәдиев.
Сондай-ақ министр мұндай жетістіктер отандық жастар үшін үлкен үлгі екенін атап өтті. Бұл Қазақстанда еңбек ете жүріп-ақ әлемдік деңгейдегі озық технологиялар жасауға, жетекші компаниялармен бәсекелесуге және халықаралық нарықтарды бағындыруға толық негіз бар екенін айқын көрсетеді.
Өз жазбасында министр Алекс Машрабовқа Қазақстанға сенім білдіріп, ел азаматтығын таңдағаны үшін алғыс айтып, алдағы уақытта бірлесе атқарылатын жұмыстар еліміздің технологиялық әлеуетін одан әрі нығайтатынына сенім білдірді.







