2026 жылғы 29 қазанда «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры» АҚ-ның Жамбыл облысы бойынша өңірлік филиалы бұқаралық ақпарат құралдары өкілдеріне арналған баспасөз турын ұйымдастырды.
Іс-шара барысында журналистер қордың қаржылық қолдауын пайдаланып отырған үш кәсіпорынның жұмысымен танысты. Атап айтқанда, отандық өндірісті дамыту, өндірістік қуаттарды кеңейту және кәсіпкерліктің тұрақтылығын қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар көрсетілді.
Баспасөз турының алғашқы нысаны — былғары бұйымдары мен аяқ киім өндіруге маманданған «ТаразКожОбувь» ЖШС. 1999 жылдан бері жұмыс істеп келе жатқан кәсіпорын бүгінде аяқ киімнің 70-тен астам түрін шығарады. Өндірістік қуаты жылына 500 мың жұпқа дейін жетеді. Компания 2025 жылы «Өрлеу» жеңілдетілген кредиттеу бағдарламасы аясында жылдық 12,6 пайыздық мөлшерлемемен қаржыландыру алған. Қаражат айналым қаражатын толықтыруға бағытталып, өндірістің үздіксіздігін қамтамасыз етуге мүмкіндік берген.
Келесі нысан — «Новые Технологии – Тараз» ЖШС-нің «NTOUCH» брендімен өнім шығаратын өндіріс орны. 2013 жылдан бері қауіпсіздік жүйелері саласында жұмыс істейтін компания 2022 жылдан бастап Тараз қаласында жеке өндірісін дамытып келеді. Кәсіпорында бейнебақылау камералары, желілік бейнетіркегіштер, PoE-коммутаторлары, серверлік шкафтар мен турникеттер шығарылады. Өнімдердегі жергілікті қамту үлесі 60 пайызға дейін жетеді. Компанияда 150-ден астам маман еңбек етеді.
Баспасөз турының тағы бір нысаны — табақ шыныны қалыптау және өңдеумен айналысатын «JS Glass» ЖШС. 2026 жылы кәсіпорын «Іскер аймақ» бағдарламасы аясында қолдау алған. Қаржыландыру барысында «Даму» қорының кепілдік қолдауын пайдалану банктік кредит алуға мүмкіндік берген. Алынған қаражат өндірістің ағымдағы қажеттіліктерін қамтамасыз етуге, соның ішінде қажетті материалдарды сатып алуға бағытталған.
Баспасөз туры аясында журналистер кәсіпорындардың өндірістік үдерістерімен танысып, мемлекеттік қолдау құралдарының бизнесті дамытудағы маңызына назар аударды.
Мұндай бастамалар өңірдегі кәсіпкерліктің дамуын, отандық өндірістің әлеуетін және мемлекеттік қолдау тетіктерінің нақты нәтижелерін кеңінен танытуға мүмкіндік береді.







