• Басты бет
  • Біз туралы
  • Жарнама
  • Байланыс
  • ҚАЗ
  • РУС
05.09.2026, 20:33
TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі
  • Жаңалықтар
    • Қазақстан жаңалықтары
    • Облыс жаңалықтары
    • Қала жаңалықтары
    • Аудан жаңалықтары
    • Әлем жаңалықтары
    • Абырой
    • Басшылар рейтингісі
  • Саясат
  • Қоғам
  • Азаматтық қоғам
  • Мәдениет
  • Заң
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сараптама
  • Бейнеблог
No Result
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Қазақстан жаңалықтары
    • Облыс жаңалықтары
    • Қала жаңалықтары
    • Аудан жаңалықтары
    • Әлем жаңалықтары
    • Абырой
    • Басшылар рейтингісі
  • Саясат
  • Қоғам
  • Азаматтық қоғам
  • Мәдениет
  • Заң
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сараптама
  • Бейнеблог
No Result
Барлық нәтижені қарау
TURANINFO.KZ ақпарат агенттігі
No Result
Барлық нәтижені қарау

Айдархан Қалиев, дизайнер, «Aspara» брендінің негізін қалаушы: «Бір көйлекті сапалы етіп шығару үшін мың рет толғанамын»

Арайлы Жақсылық Арайлы Жақсылық
03.09.2026, 12:23
Қоғам, Мәдениет
Айдархан Қалиев, дизайнер, «Aspara» брендінің негізін қалаушы:   «Бір көйлекті сапалы етіп шығару үшін мың рет толғанамын»
4
қаралым
FacebookWhatsAppTelegramTwiiter

Мәдени код пен заманауи сән әлемінің шекарасы тоғысқан тұста ұлттық болмысты жоғалтпай, оны жаһандық трендпен үндестіру шын мәнінде үлкен суреткерлік зерделілікті талап етеді. Ғылымның қиын да қызықты соқпағынан жүріп өтіп, қазақтың бай ою-өрнегі мен көне петроглифтерін әлемдік сән апталықтарының подиумдарына шығарған тұлғалардың бірі – өнертану ғылымдарының доценті, «Асыл Дизайн» сән үйі мен халықаралық «Aspara» брендінің негізін қалаушы Айдархан Қалиев. Ол қарапайым дизайнер емес, ТМД кеңістігінде «неофольклор» бағытының іргетасын қалап, дәстүрлі киімді күнделікті тұрмысымыздың ажырамас бөлігіне айналдырған сәнгер. Өзі негізін қалаған, Әулиеата топырағында бой көтеріп, бүгінде Еуропа мен Азияның сән астаналарын бағындырған ұлттық брендтің артында үлкен ізденіс, анаға деген сағыныш, ғылыми дәлдік пен отаншылдық рух жатыр. Ұлттық мәдениетті халықаралық креативті индустрияның табысты брендіне айналдырған дизайнермен өрбіткен сұхбатымызды оқырман назарына ұсынамыз.

– Айдархан мырза, сіздің негізгі мамандығыңыз бағдарламалаушы екенін білеміз. Ал сән әлеміне, оның ішінде ғылыми негізделген этно-дизайнға келуіңіз қалай жүзеге асты?

– «Асыл Дизайн» брендінің негізі 1993 жылы қаланған. Жоба еліміздің егемендігімен қатар өмір сүріп келеді. Менің негізгі мамандығымның тігін өндірісіне қатысы жоқ. Алайда 1986 жылы Алматы политехникалық институтын бағдарламалаушы мамандығы бойынша тәмамдадым. Оқуды аяқтаған сәтім ел тағдырында орасан орны бар Желтоқсан оқиғасымен тұспа-тұс келді. Ол уақытта Алматы елдің орталығы болатын. Жоғарыдан жергілікті қазақ ұлтының азаматтарын өңірлерге жіберу туралы тапсырма келген болу керек, Меркінің жігіті болғандықтан мені Жамбыл өңіріне жіберді. Негізі арманым Алматыны бағындыру еді. Мұның орайы келмеген соң Жамбылға келуге тура келді. Оның үстіне грантта білім алған соң келіспеске айлам да болған жоқ. Нәтижесінде Жамбыл технологиялық жеңіл және тамақ өнеркәсібі институтына мұғалім болып қызметке орналастым.

Төрт айдан кейін институт ректоры жұмысыма көңілі толып, тігін технологиясы бағыты бойынша мамандарға сұраныстың көптігін айтып, аспирантураға жіберетіндерін хабарлады. Осылайша Ташкент, Мәскеу, Киев қалаларының біріндегі институтты таңдауым керек болды. Аспирантураның алғашқы курсынан кейін шаңырақ көтеру ойымда болды. Сондықтан жақын жердегі Ташкенттегі Өзбекстан Республикасы Ғылым академиясының Кибернетика институтына түстім. Осы оқу орнында ғылыми зерттеулер жүргіздім. КСРО тұсында одақ аумағында үлкен зауыт, фабрикалар болатын. Мысалы, Алматыдағы әйелдердің сырт киімдерін тігетін Гагарин атындағы фабрикада бір ауысымда екі мыңға жуық адам еңбек ететін. Диссертациямның тақырыбына байланысты ғылыми жұмыстарымды осы фабрикада жүргіздім. Мұнда тігілген киімдер одақтың түкпір-түкпіріне вагонмен жөнелтіліп жататын. Яғни мен киімді жоспарлау, нақты айтқанда, жеңіл өнеркәсіп өнімдерін автоматтандыру және жобалау жүйесі бойынша диссертация жаздым.

Екі жыл білім алғаннан кейін Кеңес одағы ыдырап, ғылыми жетекшім кандидаттық диссертациямды Алматыда қорғауыма күш салды. Өкінішке қарай, одақ тарап, дағдарыс орнап, зауыт-фабрикалар жабылып, құрылғылар жаппай талан-таражға түсті. Қайта құру кезеңінде менің жазған кандидаттық жұмысымның қажеттілігі болмай қалды. Десе де, тауым шағылмай, жұмысымды сәтті қорғап, қайтадан бұрынғы қызметімді жалғастырдым.

Келесі кезеңде доцент ғылыми дәрежесін алу үшін әрекет ете бастадым. Егемендік алғаннан кейінгі кезеңде төл өнеріміз, әсіресе ұлттық киімдеріміз жайлы ақпарат тапшы болды. Осы орайда мен өнертану бағыты бойынша ғылыми жұмыстар жазып, біраз дүниелерді зерттеуге кірістім. Зерттей келе сән әлеміндегі «неофольклор» ұғымын тереңірек қаузай бастадым. Бұл – ұлттық киімді күнделікті өмірде, қарапайым тұрмыста киіп жүруге ыңғайлайтын бағыт. Нәтижесінде 1996 жылы доцент ғылыми атағын иелендім. Содан бері осы ұғым менің жұмысымның негізгі бағыты саналады. Нәтижесінде неофольклор түсінігі барлық ТМД елдеріне кеңінен тарап, «өзбек неофольклоры», «қырғыз неофольклоры» деген ұғымдар қалыптасты. Осылайша әр ұлт өзінің тарихи түбірін жоғалтпау, ұлттық мәдениетінен ажырамау үшін жаңа технологияларды пайдалана отырып, бұл ұғымды сән әлеміне дендетіп енгізіп алды.

– Қазақстанда шикізат пен мата өндірісі ақсап тұрғаны жасырын емес. Отандық өнімге қажетті мата мәселесін бренд аясында қалай шешіп отырсыздар?

– Қазақстанда алғашқылардың бірі болып ұлттық принт бейнеленген маталарды біздің бренд өмірге әкелді. Бұған дейін бізде қазақтың бірегейлігін айқындап тұратын өзіндік материалы болмаған. Кеңес одағының тұсында Алматыда Қарғалы комбинаты жұмыс істейтін. Комбинатқа Қазақстанның тұс-тұсынан жүн келетін. Жиналған жүн түрлі өнеркәсіптік процестерден өтіп, тоқылатын. Өскеменде де ацетатты жібек комбинаты жұмыс істеп тұрды. Егемендік алғаннан кейін, өкінішке қарай, бүгінге дейін мата жеңіл өнеркәсібі қолға алынған жоқ. Осы себепті де біздің тіккен киімдеріміз, жасаған өнімдеріміз қымбат. Шикізатты БАӘ, Еуропа, Түркия, Қытай және Үндістаннан аламыз. Қазіргі таңда, соңғы онжылдықта біз бұл мәселенің тетігін таптық. Ұлттық танымымызды айқындайтын, өзіндік философиясы бар принттерімізді арнайы сублимациялық аппаратқа компьютер арқылы жобалап, сандық-текстильді принтермен қағазға шығарып, пресс арқылы қыздыру тәсілімен матаға сіңіріп, отандық өнімге қол жеткізіп отырмыз. Бұл технологияның аппараты осы Тараз қаласында орналасқан. Яғни негізгі шикізат – ақ материал шетелден келеді. Ал декоративті-технологиялық жұмыстар Таразда жүргізіледі. Бұл операцияларды Қазақстанда алғашқы болып біз бастағанымызды мақтанышпен айта аламын. Мұндай маталарға сұраныс өте жоғары. Біздің көйлектер, орамалдар, басқа да дүниелер осы маталардан тігіледі. Дайын ассортименттерді ғана сатпай, осы маталарды еліміздің түкпір-түкпіріне тапсырыспен жөнелтіп жатамыз.

– Халықаралық көрмелерге қатысу мен жаңа технологияларға жиі көңіл бөлесіз. Өндіріске жаңа әдістерді енгізу және материалдармен жұмыс істеу процесі қалай өтеді?

– Қытайдың оңтүстігінде әлемдегі маталардың астанасы саналатын Кэцяо деген шаһар бар. Осы қалада жыл сайын маталардың дүниежүзілік көрмесі өтеді. Көрмеге мата технологиясына қатысты жаңалықтардан хабардар болу үшін жылына бір мәрте арнайы барамын. Өзіміздің ұлттық принттерді флешкамен ала барып, жаңа технологиялар арқылы сынақтан өткіземін. Мәселен, матаға суретті басып, суреттің үстіне арнайы құрылғы арқылы жылтыр, түссіз пайеткаларды тігіп шығатын технология бар. Сонымен қатар, жаккард материалға ұлттық принттерімізді тоқу әдісі арқылы орналастыратын технология бар. Қазақтың оюлары мен петроглифтерін осы тәсілмен матаға салуға болады. Гобелен маталарды да осы қатарға қосуға болады. Кейінірек біз киізбен де айналыстық. Баяғы қазақы технологиямен жасалған, асты жібек, ортасы киіз, киіздің бетіне ою салып, бетіне қайтадан жібек орналастырып, кәдімгі шапан, желбегей сияқты жылы әрі жеңіл киімдерді тігуге болады. Қолымыздан мата өндірісі келе қоймаса да, киіз басу қанымызда бар. Мұндай әдіспен тігілген киімге шетелде сұраныс жоғары.

– Қазіргі таңда ұлттық киімді заманауи үлгіде жаңғырту трендке айналды. Осы бағытта әріптестеріңізбен, отандық дизайнерлермен жиі тәжірибе алмасасыз ба?

– Елімізде бір кезеңдерде қамзол, бешпент, кимешек, шапан сияқты ұлттық киімдер ұмытылып бара жатты. Кейінірек ұлттық жадымыз қайта жаңғырып, өз түбірімізге оралдық. Осы тұста күнделікті өмірге киюге қолайлы заманауи ұлттық киімдерге сұраныс арта бастады. Дәл осы кезеңде неофольклор бағытындағы жұмыстар жандана түсті. Қазір еліміздің әр өңіріндегі дизайнерлердің басы қосылған ортақ жұмыс чатымыз бар. Сол чатта жүзге жуық дизайнер осы бағыттағы жұмыстарды қалай жаңғырту қажет екенін ақылдасып, идеяларымызбен бөлісіп отырамыз.

– «Aspara» брендінің халықаралық коллаборациялары мен франшизалық жүйесі туралы айтып берсеңіз. Шетелдік нарықты, соның ішінде Қытай мен Еуропаны қалай бағындырып жатырсыздар?

– Aspara брендінің биылғы күзгі топтамасы Үндістан мемлекетімен коллаборация ретінде әзірленіп жатыр. Үндістерде «аджрак» деген мата бар. Басқа маталарға принтті темір қалып арқылы басатын болса, үндістер ағаш қалыппен басады. Көбінесе Еуропаға танылғысы келетін көптеген сәнгерлер Aspara брендіне жүгінеді. Мұндай сәттерде мен бірге жұмыс істеп, ортақ өнім шығаруды ұсынамын. Бізде шикізат болмағандықтан, мұндай сәттерде біздің ұсынысқа мүдделі тарапқа мата әзірлеуді тапсырамын. Ал топтаманы тігу, әзірлеу жұмыстарын біздің бренд соңына дейін жеткізеді. Брендіміз арқылы Еуропаға, дүниежүзіне танылғысы келетін сәнгерлер көп. Осыдан-ақ Aspara-ның әлемдік деңгейдегі бренд екенін аңғару қиын емес.

Қытайдың Ұлттық тоқыма және тігін ассоциациясы деген үлкен ұйым бар. Осы ұйымға осыдан 12 жыл бұрын кеңесші ретінде шақырылып, кейін мүше болып қабылдандым. Нәтижесінде қытайлық компаниялар бірге жұмыс істеуге ұсыныс жасап, қанатымыз кеңге жайыла бастады. Халықаралық деңгейдегі жұмыстар осылай жандана түсті.

Тараз қаласында біз сырт көзге шағын ғана, қарапайым кәсіпкер болып көрінеміз. Алайда алыс-жақын шет мемлекеттерде өнімдеріміз бен топтамаларымызды аса жоғары бағалайды. Қазіргі таңда жиі айтылатын креативті индустрия бағытындағы жұмыстарды біз осыдан он жыл бұрын бастап кеттік. Мәдениетімізді, тарихымызды дизайнерлік жұмыстар арқылы паш етіп, оны шетелдік нарыққа шығару процесін сәтті жүргізіп келеміз. Мысалы, қытайлық компаниялармен серіктестік арқылы жұмыс істейміз. Олар бізге тапсырыс береді. Біз киімді тігіп, жөнелтеміз. Қазір тауарды басым көпшілігі Қытайдан әкеліп сатады. Біз бұл процесті керісінше жүргізіп жатырмыз. Осыдан бірнеше жыл бұрын бізде тігілген киімдерді серіктес компания сондағы қандастарымыз үшін алдыртып отырған. Өнімдеріміздегі оюлар мен принттер қазақы нақышта болғанымен, киімдердің пішімі мен үлгісі, тігу тәсілі еуропалық стильде.

Кейде киім цехымыз шағын болғандықтан, тапсырыс көлемін толық орындауға физикалық күшіміз жетпей жататын жағдайлар болады. Мұндайда жұмысты франшиза арқылы жүргіземіз. Франшизамызды сатып алу үшін оларға қоятын талабымыз: сән үлгілері кем дегенде екі сән апталығына қатысуы тиіс. Қытайдың ішінде осы факт арқылы жарнама жасалып, көбейтіп сатады. Осылайша Aspara брендінен Қытайға барған киімдерге aspara.kz тауар белгісі қойылады. Ал Қытайда франшиза арқылы тігілген киімдерге aspara.cn тауар белгісі жабыстырылады. Яғни kz – түпнұсқа, cn – қытайлық өнім, қолжетімді деген ұғымды білдіреді. Бізге Dior, Gucci сынды брендтердің түпнұсқасы келсе, көшірмесі Қытайдан келеді. Олар да біздің өнімді өз елдерінде осындай тәсіл арқылы сатып жатыр. Нәтижесінде мұндай белгімен тауарды қаншалықты көп сатса, соның үстіндегі пайыз – біздің пайдамыз. Креативті индустрия деген – осы. Өзіңнің мәдениетіңді тек насихаттау арқылы емес, оған сұраныс тудыру арқылы да танытуға болады.

– «ASPARA»-ның әлемдік деңгейдегі франшизалық талаптарға сай болуы мен  қазақы колоритін жоғалтпай сақтап қалуының құпиясы неде?

– Шетелдік серіктестермен жұмыс барысында менің оларға қоятын негізгі әрі басты талабым – ұлттық бірегейлігімізді сақтау. Осы талапқа көнсе, олардың технологиясын пайдаланамыз. Олар дайындаған шикізат Таразға жеткеннен кейінгі жұмыстардың бәрі біздің бақылауда. Сондықтан ұлттық ерекшелігімізді серіктестермен жұмыс барысында жоғалтып алуымыз әсте мүмкін емес.

– Сән саласына, неофольклорға қырық жылдан аса уақытыңызды сарп еттіңіз. Бұл салаға орта жолдан қосылған жоқсыз. Өз ісінің хас шебері ретінде, ғылым арқылы бетбұрыс жасадыңыз. «Асыл Дизайн» үйінің негізін қалап, бренд қалыптастыру жолында көптеген белестерден өттіңіз. Бүгінгі биіктен қарағанда, қазақ сән өнерінің философиясын әлемдік деңгейде мойындату үшін қандай құрбандықтарға бардыңыз? Қандай жолдардан өттіңіз?

– Бұл жолға, бұл белеске ұзақ жылдарға созылған тәжірибе нәтижесінде қол жеткіздік. Бірақ басқа уақытта, басқа кезеңде өмірге келсем, мұндай жетістікке жете алмаған болар едім. Шынтуайтына келгенде, ең алдымен бүгінгі белестің негізі – әке-шешемнің тәрбиесі. Әкем: «Ер азаматтың тек өзіне тән болмысы, өзіне тән мінезі мен қадір-қасиеті, талабы болуы тиіс», – деп айтып осыратын.

Менің келесі ұтқан тұсым – Кеңес одағы тұсында ғылыммен айналысып, салаға ғылым арқылы қадам бастым. Ғылыми жұмыстарыммен кеңестік білім беру саласында ұзақ жылдар еңбек еткен ғалымдардан тәлім алып үлгердім. Ай сайын одақтың әр қиырында ғылыми конференцияларға қатысып, ғылымның алып майталмандарының алдында жұмыстарымды қорғадым. Олардың алдында тұрып қателесуге, шатасуға жол жоқ. Себебі мүмкіндік бір-ақ рет беріледі. Мен Мәскеудегі Дизайн және технология институтында докторлық жұмысыма кіріскенде, Федор Максимович Пармон деген үлкен ғалыммен таныстым. Ол – костюм композициясы бойынша оқулық жазған адам. Бұл оқулық кеңес дәуіріндегі сәнгер, дизайнер, жобалаушылардың әліппесі болатын. Осындай алыптардан білім алғанымды мақтанышпен еске аламын. Федор Максимович – орыс халқының ұлттық киімін заманауиландырған өнертану докторы болатын. Сол кісі қолданған технологияны мен қазақ халқының ұлттық киімін заманауиландыру әдістеріне кеңінен пайдаландым.

Ғылыми дәрежелеріме бүгінгі студенттер сынды асығып-аптығып емес, ақырын, білімді тәжірибемен ұштастыра, бойыма сіңіріп жүріп қол жеткіздім. Өз кәсібіме кіріскенде ғылымдағы тәжірибем, жеңіл өнеркәсіп технологиясына ғылыми көзқараспен қарағаным жемісін берді.

Үшіншіден, бұл салада еркін қанат қағу үшін патриот болу керек деп есептеймін. Өз ұлтыңның бірегейлігін дұрыс танымасаң, оны сүймесең, бәрі бекершілік. Кейде отандық дизайнерлердің жұмыстарына көңілім толмай жатады. Себебі олар кәдімгі кресло, диван қаптайтын материалдармен арзанқол костюмдер тігіп, оған ою жабыстырып, отандық өнім ретінде ұсынып жатады. Сен өз ұлтыңды сүйгенің соншалықты, оның өзіне тән бірегейлігін сапасыз өнімдер арқылы көрсетуге арланатындай ұстанымың болуы керек. Сонда ғана брендің ерекшеленіп, әрдайым сұраныста болады. Біз өз дәстүріміз бен мәдениетімізді ерекше сыйлауымыз керек. Сол үшін сапасыз дүниелерге жол бермегеніміз жөн. Мен бір көйлекті сапалы етіп шығару үшін мың рет толғанамын. Мәселен, бір оюды алсақ, ол оюды көйлекке орналастыруға бола ма, ол әйел табиғатын аша ма, әлде ер адамға жарасымдырақ па? Бір модельге, оған қажетті материалға, оның арқалайтын мәніне әбден бас қатырамын. Осындай операциялар өнімнің сапасын арттырады. Оның үстіне бұл өнім ұлтыңның бірегейлігін айқындайтын болса, жауапкершілік жүгі екі еселенеді.

– Шығармашылық жолыңызда бағыт-бағдар берген, өнеге болған тұлғалар жайлы да айта кетсеңіз…

– Негізі адам өзі қандай болса, ниеті оң болса, жолында жақсы адамдар жиі кезігеді. Менің өмірімде белгілі суретші ағамыз Сапар Төленбаевтың орны ерекше. Ол ою-өрнектің білгірі еді. Түрлі еңбектердің авторы. Сол кісімен жұмыс істеп жүріп, мол тәжірибе жинадым.

– Бүгінде «Асыл» парфюмерия желісі де брендтің ажырамас бөлігіне айналды. Ұлттық иіссуды шығару идеясы қалай туды?

– Күні кеше пайғамбар жасына келіп, зейнетке шықтым. Бірақ осы саналы ғұмырымда, осы жасқа жеткенше жаңа деталь ойлап табу үшін ойланбаған, ізденбеген күнім болмапты. Өз ісіммен күн сайын айналысамын. Мәселен, фотограф қызғалдақты өзінше көрсе, мен дизайнер ретінде басқаша қараймын. Көйлекке қызғалдақ басқаша орналасады, ал сырт киімге орналастыру технологиясы мүлде бөлек. Әр киім өзінше бөлек.

Менің анам бақуатты әулеттің қызы еді. Талғамы бөлек болатын. Әдемілікке, сапалы дүниеге деген ынтызарлық анамнан келген қасиет деп ойлаймын. Әр элементтің қолданылатын жері бар. Қатты көзге ұрмауы тиіс, абажадай болып ерсі көрмеуі қажет. Жастардың өз талғамы бар, үлкендер киімінің табиғаты басқаша деген сынды. Мұның бәрі де тәжірибемен келеді. Кез келген бастаманы ойымда ұзақ қорытамын. Кездейсоқ бастап кетпеймін. Миымда тұжырымдамасын жасап, бекітемін. Бір жобаны сәтті аяқтап барып қана келесісіне кірісемін. Мысалы, иіссу шығарумен де айналыстым. Бұл бастама да көкейімде көп уақыт жүріп, пісіп жетілді. Осыдан он шақты жыл бұрын нағашы жұртқа барып, киіз үйде қондым. Таңсәріде аулаға шықсам, сай-саладан соққан таңғы самалмен бірге аңқыған жусан мен адыраспанның иісі мұрныма келді. Осы сәтте ойыма ең бірінші анамның бейнесі оралды. Алғашқы қазақ парфюмін жасау идеясы да, оның «Асыл» деген атауы да дәл сондай ұлы сағыныштан туған еді. Хош иісті парфюмді әзірлеу үшін Украинадағы Парфюмерлер гильдиясының басшысы Влад Зваричпен хабарласып, Киевте арнайы концентрат дайындадық. Адыраспанды шекарадан өткізу оңайға соқпаса да, парфюмде даланың иісін сақтап қалу мен үшін басты ұстаным болды. «Асыл» парфюміндегі әрбір иіс – балалық шағымның естелігі іспетті. Сонда Влад Зварич: «Саған даланың жабайы қызғалдағының иісі керек пе, әлде жылыжайда өскен жасанды жауқазынның жұпары қажет пе?» – деп сұрағаны есімде. Жазық далада еркін өскен қызғалдақтың иісі керек екенін айтып, осы иіссулар өмірге келді.

– Өнер мен өндірістен түсетін табыс таразыға түскенде, арадағы тепе-теңдікті қалай сақтайсыз?

– Мен алғашқы жылдары бұл жайға аса қатты мән бермейтінмін. Қазір жалпы колледж бен брендтің өзінде жүзге тарта адамды жұмыспен қамтып отырмын. Олардың әрқайсысына жалақы беріп, берілген тапсырмаларды бақылауда ұстап, жұмыстарды жүйелеп отыру да үлкен міндет.

Сән саласында қырық жылдан аса уақыт еңбек етіп келе жатсам да, кейде өз-өзіме күмәнданып қалатын сәттер болады. Кейде өзімнің кейбір әріптестеріме таңғаламын. Кеше басқа салада жүрген адамдар бүгін кенеттен дизайнер болып шыға келеді. Жасым ұлғайған сайын кейде жастар арасындағы трендтерге, жаңа инновацияларға ілеспей қалатын сияқты боламын. Сән саласы сәт сайын, сағат сайын өзгеріске ұшырап жатыр. Осындай өзгерістерден сәл ғана шет қалып қойсам, сатылым жағы да төмендеп кететінін жақсы түсінемін. Мұның жауапкершілігі өте жоғары. Көп ойлану қажет. Кейде түнімен, күнімен ой құрсауында жүресің. Әсіресе жаңа топтама жасайтын кезде сатылатын әрі сапалы дүние жасаудың екі ортасында шайқалып жүретін сәттер аз емес.

Бір кереметі, ішкі түйсігім мені ешқашан алдамаған. Мен ешқашан сатылым әкелетін өнімнен қателескен емеспін. Мүмкін Aspara бренді жазылып тұрғаннан кейін тұтынушылар маған сенетін де шығар. Қазір бренд бізге жұмыс істейді. Ешқашан коммерцияның құрбаны болған емеспін. Бірінші кезекте – төл мәдениетіміз бен ұлттық дүниетаным. Коммерция содан кейін. Осындай тұжырым мен ұстанымнан туған өнім өзектілігін жылдар бойы жоймай келеді.

– Қазіргі таңда жаппай өндіріс пен эксклюзивті авторлық жұмыстардың (haute couture) арасында үлкен бәсеке бар. Этно-дизайнды күнделікті тұрмысқа бейімдеудің тиімді формуласы қандай?

– Gucci, Dolce & Gabbana, Versace, Dior сынды алып, жоғары сән брендтерінің топтамаларын ақпарат үшін ғана тамашалаймын. Бірақ біздің негізіміз және сәндік қорымыз Еуропа сән әлеміне қарағанда терең әрі бай деп ауыз толтырып айта аламын. Ірі брендтер көбінесе сәнқойларды таңғалдыруды ғана көздейді. Ал ұлттық таным негізіндегі киім үлгілерінің өзіне ғана тән, өзіне ғана жарасымды концептуалды идеясы, дүниетанымы бар. Сондықтан екеуін салыстыру қиын. Ірі брендтердің ақылға сыймайтын кейбір дизайн үлгілері ешқашан сатылмайды. Оларды тек ауқымды, жылына бір рет өтетін шараларға ғана селебрити жұлдыздар киіп шығады.

Ал неофольклор стиліндегі киімдер күнделікті киілетіндіктен, қашан да сұранысқа ие. Мұндай стильдегі киімдерді арзандату үшін де біз мата өндірісін қолға алдық. Жалпы біздің елде өзін қазақпын деп санайтын азаматтарға осындай киім үлгілерінің қолжетімділігін қамтамасыз етуді көздейміз. Біріншіден, бұл – насихат, екіншіден – идеология. Бізден ұлттық нақыштағы маталарымыздан тігілген дайын өнімді ала алады немесе матаны метрлеп сатып алып, өзіне ыңғайлы дизайнда киім тігіп кие алады. Бастысы – қазақы нақышта. Біз осы нәрсеге ерекше мән береміз.

– Өзіңізден кейінгі толқынға, шәкірттеріңізге бағыт-бағдар беріп келесіз. Бүгінгі жас дизайнерлердің бойынан қандай артықшылықтар мен қандай жүйелі қателіктерді жиі байқайсыз?

– Иә, біз «Аспара» модельдік өнер және бизнес колледжінде жастармен тығыз жұмыс істейміз. Бұл тұрғыда таяқтың екі ұшы барын ұмытпаған жөн. Қалай алып қарасақ та, баланың аты – бала. Ол – жазылмаған дәптер сияқты. Бұған өз қолтаңбасын қалдыратын – ата-ана. Көп жағдайда ата-аналардың балаға деген қарым-қатынасы көңілге күдік ұялатады, баланы жұмысқа жегеді. Мысалы, талантты студенттеріміз бар. Бір күні сабаққа мүлде келмей, ізі суып кетеді. Кураторы сұрау сала бастайды. Кейін баланың түнімен сауда орталықтарында тауар орналастырып жүргені анықталады. Жұмысы таңғы сегізде аяқталған бала оқуға қалай келеді? Әрине, келмейді, ал кешке тойда даяшы болып жүреді. Ата-анасы баланың шәкіртақысын бір алады, екіншіден жұмысқа салып, тапқан табысын да қағып алып отырады. Ал балаға тәрбие беру мәселесі шетке ысырылып қалады. Мұндай ата-аналарға сұрақ көп. Әрине, нарық уақытында отбасын асырау оңай шаруа емес. Бірақ талабы бар баланың жолын бұлай байлауға болмайды ғой.

Балалардың тәртібі мен өмірге бейімделуіне қатысты түрлі мәселелермен бетпе-бет келіп жүрміз. Көп жағдайда сұрақ баланың өзіне емес, ата-анасының әрекетіне қойылады. Қарапайым тілмен алғанда, ата-ана тәрбиені өзінен бастау керек деп ойлаймын. Әрбірден соң бұл өмірді дұрыс ұйымдастыра білуді қажет ететін үлкен рөл ғой. Өмірге әкелген әр балаға жоба ретінде қарау керек. Бейберекет өмір жақсылыққа алып келмейді. Кейде күні кеше оқуға түскен қыз бала аздаған уақыттан соң деструктивті ағым жетегінде кетіп қалады. Бұл да ойландыратын мәселе.

Биыл колледжімізге 75 білім гранты бөлініп отыр. Осы грантты бөлу кезінде балалардан сауалнама аламыз. Сауалнамадағы ақпараттар көп ойландырады. Осы ретте бала тәрбиесіне дұрыс көңіл бөлуіміз керек. Қуантарлығы, колледжімізге оқуға түскен студенттердің 80-90 пайызы өмірден өз жолын тауып кетіп жатыр. Кейбірі тіпті шетелге аттанып жұмыс істеп жүр, үлкен мегаполистерге аттанады. Кейбір студенттеріміз жоғары оқу орындарын тәмамдап, бізге келіп сабақ беріп жүр. Колледжде арнайы пәндерден сабақ беретін педагогтердің дені өзіміздің түлектер екенін мақтанышпен айта аламын.

– Өнер адамы ретінде сізді үнемі алға жетелейтін, шабыттандыратын басты қозғаушы күш не?

– Менің шығармашылығымның бастауында қашан да анам тұрады. Әу баста өз кәсібімді анамның есімімен аштым. Асыл анама арнап иіссулар шығардым. Көп жағдайда анамнан қуаттанып, анамның махаббатынан нәр алатын едім. Ал қазір көбінесе позитивті ойлардың жетегінде болуға тырысамын. Мысалы, жағымсыз әңгімелер, жанжал болып жатқан жерден қан қысымым көтеріліп кететіндіктен, тезірек кетіп қаламын. Өзімді мұндай келеңсіздіктерден алыс ұстаймын. Денсаулығымды бірінші орынға қоямын. Қуатымды сарқитын істермен айналыспаймын. Бақытты адамдар ешқашан қатігез болмайды. Бақытты болу үшін жақсы дүниелер ойлауға күш салған жөн. Шығармашылықпен айналысып, биік өнердің тұтқасын ұстап жүргеніңді түйсінсең, қыжыртпа әңгімеге, қауесетке уақытың болмайды. Күнделікті тұрмыстық мәселелер өз ретімен шешіле береді. Рухың таза болған жерде шабытың шарықтай береді. Сонымен қатар, менің айналамды қай кезде де жақсы ойлап, жақсы істерге ұмтылуға бейім адамдар қоршап келеді. Адамның алға ұмтылысы, жақсылық жасауы ортасына да байланысты. Кез келген жақсы жаңалыққа қуана білетін, ақжарқын жандардың жанында түнеріп, шаршап жүру мүмкін емес. Адам өз бойын, өз рухын таза ұстауы тиіс.

– Айдархан Қалиевтің қолтаңбасы десе, көз алдымызға тұтас бір дәуірдің эстетикасы келеді. Осы уақытқа дейін жасаған жұмыстарыңыздың ішінде өзіңіздің ішкі меніңізді, болмысыңызды толық аша алған ең сәтті туындым деп қай топтаманы айтар едіңіз?

– Мен төрт жыл Дүниежүзілік қолөнершілер қоғамы Азия-Тынық мұхит аймағының вице-президенті қызметін атқардым. Қызмет барысында бренд жұмыстарын шәкірттеріме табыстауға тура келді. Төрт жыл ішінде бір де бір топтаманы бастан-аяқ өзім жасамаған екенмін. Бірақ идеялардың бәрін, маталарды, пішіндерді ізімнен еріп келе жатқан мамандарға қорықпай тапсыра алатын болдым. Тек шетелдік компаниялармен жүргізілетін жұмыстарға жіті назар аударып келемін. Еуропа нарығына шығуға үмітті әріптестерімді жерге қаратқым келмейтіндіктен, бұл жұмыстарға бейжай қарамаймын. Бұл тұста біздің алдымызда бірнеше міндет тұр. Мәселен, алда 2027 жылдың көктем-жаз топтамасын әзірлеу міндеті бар. Бұл жұмыстарды Үндістандағы әріптестермен жүргіземіз. Жұмыс барысында ұлттық бірегейлігіңді сақтап қалуға тиіссің. Трендтерден де қалыс қалмау керек. Мұнымен қоса, топтаманың сатылымын да ұмытпауымыз қажет. Осының бәрін ұйымдастыру – менің тікелей міндетім. Алдымызда осындай міндеттер тұрғанда, шабытсыз жұмыс істеу мүмкін емес.

Сонымен қатар, ақпан айында Миландағы «қыс-күз 26-27» маусымына ұсынатын тағы бір топтамамыз бар. Оған басқа концепт ойластырып жатырмыз. Бұл – бір сәтте үстел басына отырып, сурет салып тастайтын жұмыс емес. Талай жылғы тәжірибенің нәтижесінде бір маусымға арналған топтаманың идеясы миыңда ұзақ уақыт жүріп, пісіп жетіледі. Мәселен, белгілі тренд бар, бірақ оны қандай матамен, қандай принтпен, қандай тәсілмен істейсің? Осыны ұзақ ойланасың. Барлық идеяның бастауында ұлттық бірегейлік тұрады. Ұлттық нақыштарды еуропалық сапада жарыққа шығару арқылы үлкен абырой мен құрметке бөленесің. Ұлттық стиль – сәнгердің фишкасы.

Мен қарапайым ғана кішкентай Меркі ауданының тумасымын. Еуропада бармақ басты, көз қыстылық жүрмейді. Ол жақта тек сапалы жұмысыңмен, жайсаң мінезіңмен ғана Айдархан Қалиевсің. Осы себепті менің барлық топтамам өзім үшін ерекше әрі ыстық.

– «Aspara Fashion Week» көрсетілімдері Тараздағы тарихи-мәдени орталықтарда, атап айтқанда «Көне Тараз» этномәдени кешенінде жиі ұйымдастырылады. Тарихи шаһарды сән подиумына айналдыру барысында қандай қиындықтармен бетпе-бет келдіңіз?

– Негізі мұнда негізгі рөл атқаратын бірінші жайт – кәсібилік. Кәсібилігіңді мойындаған әр азулы маман сенің сән апталығыңа қатысуға мүдделі болады. Екіншіден, жылдар бойы жинаған тәжірибемнің нәтижесінде мен әлемдегі түрлі сән апталықтарының басшыларымен жылы қарым-қатынас, мығым байланыс орнатып үлгердім. Бизнес тілінде мұны «нетворкинг» деп атайды. Қайда жүрсем де оларға қазақы қонақжайлылықтың үлгісін көрсетіп келемін. Риясыздығыңды көрген азулы сәнгерлер ойланбастан саған қарай ұмтылыс жасайды. Мәселен, былтыр оңтүстік Италияның Лечче қаласына табаным тиіп, қатысып жатқан іс-шарамда сөз алғанымда: «Лечче қаласы менің туған қалама ұқсайды, өз ауылымда жүргендеймін», – деп құрмет көрсеттім. Бұл шаһар расында шағын ғана, қарапайым қала екен. Осы сөзімнен кейін жергілікті халық ерекше ықылас танытып, ризашылық білдірді.

Дәл осылай Милан сән апталығының президенті Марианна Мичелли Таразға сапарлап келгенде туған жеріндегідей аяғын алшаң басып, сұлулық салонына барып, кофесін алып еркін жүреді. Оның үстіне мен шетелдік әріптестерім Таразға табан тіреген сайын оның тарихын айтып, Айша бибі, Қарахан, Тектұрмас кесенелерін аралатып, тарихқа сапар шектіріп, әбден қызықтырып қойғанмын. Олар әр келген сайын киелі шаһарға алғаш рет ат басын бұрып тұрғандай әсерленіп жүреді. Бұл тұста қарапайым сыйластық пен кішіпейілділік ерекше рөл ойнайды.

– Тіршілігіңіз кеңінен тамыр жайған Тараз қаласының өркендеуі үшін жасаған ең үлкен ерлігіңіз қандай?

– Дүниежүзілік қолөнершілер қоғамы Азия-Тынық мұхит аймағының вице-президенті қызметін атқарып жүргенімде Таразды әлемдік қолөнершілер қаласының тізіміне қостым. Осыдан кейін қолөнершілердің жұмыстары жандана түскендей. Шын мәнінде, өзің еңбек ететін шаһарға еңбегің сіңген сайын, қаланың саған берері де молынан болатын сынды. Мұндай түсінікті көпшілік, әсіресе бизнес өкілдері мойындай қоймайды. Бірақ, расында, шын көңіліңмен, риясыз пейіліңмен өзің тұратын, суынан нәр алып, топырағынан қуаттанып жүретін мекенде қаншалықты еңбек етсең, соншалықты жемісін көресің. Бұл – тәжірибе көрсеткен, көпшілік сене бермейтін құбылыс.

Мен бұл қалаға институт тәмамдап, небәрі 24 жасымда қоныс тептім. Желтоқсан көшесіндегі тоғыз қабатты жатақхананың 302-бөлмесінде менің осы күні айналысып жүрген іргелі ісімнің негізі қаланды. Осы шаһарға бозбала болып келіп, бүгінде танымал брендтің негізін қалаушысы атанып отырмын. Сондықтан да бұл тарихи, киелі шаһарға перзент ретінде берерім мол деп санаймын. «Өзім, өзім» деп кеудемсоқтыққа бара беруге болмайды. Әулиеата – қасиетті шаһар. Бұдан кейін қолөнершілер қалаларының қатарына жастық шағым өткен Алматыны, түркі әлемінің киелі бесігі Түркістанды енгіздік.

– Бүгінде «ASPARA» – киім, аксессуар және иіссу шығаратын кешенді бренд. Брендтің алдағы уақыттағы трансформациясы қандай бағытта өрбиді?

– Егер бүгінгі таңда жолға қойылған жұмыс жүйесі өз бағытынан ажырамаса, ұлттық бірегейлігімізге негізделген брендтің жұмысы осы тарихи шаһарда дәл осы қарқынмен өрби береді деп сенемін. Менің жұмыстағы басты ұстанымым – сыйластық пен құрмет. Мен өз тұтынушыларымды, өз халқымды, өз ұлтымды, тарихымды қатты құрметтеймін. Ұлттық мәдениет жолындағы жұмыстарым – осы құрметтің жемісі. Өз ұлтыма, өз замандастарыма, өз халқыма өзінің ерекшелігін айшықтап тұратын сапалы, заманауи, күнделікті өмірге ыңғайлы киім ұсыну – «ASPARA» брендінің сән үйінің басты мақсаты болып қала бермек.

– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан: Арайлы ЖАҚСЫЛЫҚ

Тегтер: айдархан қалиевАспарасұхбат
БөлісуЖолдауБөлісуTweet
Құрылтай

Ұқсас мақалалар

Құрылтай сайлауы: Жамбыл облысынан қай партиялар кімдерді ұсынды? (2 бөлім)

«Сайлау қорытындыларына күмән келтіруге негіз жоқ» – Азаматхан Әміртаев

24.08.2026, 15:50
«ХАЛЫҚ ҮНІ» САҚАДАЙ САЙ: ТАРАЗДА ТӘУЕЛСІЗ БАЙҚАУШЫЛАР ДАЯРЛЫҚТЫ АЯҚТАДЫ

«ХАЛЫҚ ҮНІ» САҚАДАЙ САЙ: ТАРАЗДА ТӘУЕЛСІЗ БАЙҚАУШЫЛАР ДАЯРЛЫҚТЫ АЯҚТАДЫ

21.08.2026, 20:05
Шәмшінің хатынан жеткен сыр: жүректен шыққан ән – елдің Әнұраны

Шәмшінің хатынан жеткен сыр: жүректен шыққан ән – елдің Әнұраны

15.08.2026, 17:10
Партиялардың ақпараттық жұмыстары: апталық шолу (7–13 тамыз 2026)

Партиялардың ақпараттық жұмыстары: апталық шолу (7–13 тамыз 2026)

14.08.2026, 20:55

СОҢҒЫ ЖАҢАЛЫҚТАР

Жамбыл облысында аға прокурор ұсталды

05.09.2026, 18:12

Елордада жамбылдық креаторлардың жәрмеңкесі өтуде

05.09.2026, 15:50

«Залал жоқ» деді әкімдік өкілі: Тараздағы сотта 137 миллион теңге, 11 жоба және сарапшы дауы сөз болды

04.09.2026, 21:20

Ұлттық өнердің зерлі өрнегі: Әбілхан Қастеев атындағы музейде Бәтима Заурбекованың мерейтойлық көрмесі өтеді

04.09.2026, 12:52

Алматы облысына жаңа әкім тағайындалды

04.09.2026, 10:09

КӨП ОҚЫЛҒАНДАР

  • Ержан Әмірбекұлы жаңа қызметке тағайындалды

    Ержан Әмірбекұлы жаңа қызметке тағайындалды

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • Намаздан кейінгі дұға және тәсбих

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • «Ауыл» партиясы Құрылтайға өтетін депутаттар тізімін бекітті

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • «Ақ жол» Демократиялық партиясы Құрылтайдағы депутаттық мандаттарды бөлді

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0
  • Вице — Президент Ерлан Қарин немен айналысады?

    0 Бөлісу
    Бөлісу 0 Tweet 0

Сайт Қазақстан Республикасы Ақпарат және Коммуникациялар министрлігі ақпарат комитетінде 2018 жылы 19 наурызда тіркеліп, №16981- ИА куәлігі берілген.

Тел: +7 (707) 550 04 70
Email: turaninfo.kz@gmail.com



  • Басты бет
  • Біз туралы
  • Жарнама
  • Құпиялылық саясаты
  • Байланыс

© 2016-2026. «Turaninfo.kz» ақпарат агенттігі. Барлық құқықтар сақталған.

No Result
Барлық нәтижені қарау
  • Жаңалықтар
    • Қазақстан жаңалықтары
    • Облыс жаңалықтары
    • Қала жаңалықтары
    • Аудан жаңалықтары
    • Әлем жаңалықтары
    • Абырой
    • Басшылар рейтингісі
  • Саясат
  • Қоғам
  • Азаматтық қоғам
  • Мәдениет
  • Заң
  • Денсаулық
  • Спорт
  • Сараптама
  • Бейнеблог
  • Қазақша
  • Русский

© 2016-2026. «Turaninfo.kz» ақпарат агенттігі. Барлық құқықтар сақталған.