Кейде сол жәдігердің өзі бір дәуірдің үнін жеткізіп, тұлғаның болмысын тануға жол ашады. Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорында сақталған Шәмші Қалдаяқовтың хатының көшірмесі де сондай құнды дүниелердің бірі.
«Қазақ вальсінің королі», «жүректің сазгері» атанған Шәмшінің шамамен 50 жыл бұрын жазған хаты Алматы қаласынан жамбылдық дәрігер Амангелді Сұрағановқа жолданған. Хаттың мазмұнынан сол кезеңнің тынысы, адамдар арасындағы сыйластық пен өнер иесінің замандасына деген жүрекжарды лебізі аңғарылады.
Бұл құжаттың музей қорына келу тарихының да өз орны бар. Хат көшірмесі 2006 жылдың 13 қыркүйегінде Жамбыл облыстық тарихи-өлкетану музейінің қорына қабылданған. Содан бері ол композитордың өмірі мен шығармашылығына қатысты құнды жәдігер ретінде сақталып келеді.
Бір қарағанда, бұл – белгілі бір адамға жазылған қарапайым хат. Алайда уақыт өте келе мұндай дүниелердің мәні өзгереді. Хатта сақталған сөздер арқылы біз Шәмшіні тек атақты композитор ретінде емес, өз дәуірінің тынысын сезінген, айналасындағы адамдармен тығыз байланыста өмір сүрген азамат ретінде де тани түсеміз.
Шәмшінің шығармашылығына көз жүгіртсек, оның әндерінен де осындай адамдық һәм азаматтық болмысты аңғаруға болады. Ол махаббатты да, достықты да, туған жерді де, елдікті де әнге қосты. Сондықтан композитордың туындылары бір дәуірдің әндері болып қалмай, уақыт өткен сайын халықпен бірге жасай берді.
Сол шығармалардың ішінде ел тарихымен ерекше біте қайнасқаны – «Менің Қазақстаным».
1959 жылы дүниеге келген бұл әннің өмірге келуі кездейсоқ емес еді. Қазақстанда тың және тыңайған жерлерді игеру науқаны жүріп, елдің қоғамдық өмірінде күрделі өзгерістер орын алған кезең болатын. Қазақ жерінің тағдырына алаңдаған Шәмші сол ахуалды жүрегімен қабылдап, елдің еңсесін көтеретін, туған жердің қадірін ұқтыратын ән қажет екенін сезінді.
Ақын Жұмекен Нәжімеденовтің сөзіне жазылған ән осылай дүниеге келді. Шәмші Қалдаяқовтың өз естелігінде бұл туындыны қазақ жерінің тұтастығына алаңдаған азаматтық сезімінен туғанын айтқаны белгілі.
«Менің Қазақстаным» көп ұзамай халықтың сүйікті әніне айналды. Жамал Омарованың орындауында радио арқылы кең тараған шығарма ел арасында ерекше ықыласқа бөленді. Әннің әр жолынан туған жерге деген сүйіспеншілік, әр әуенінен елдік рух сезілді.
Ең қызығы – халық жүрегінен шыққан бұл ән араға жылдар салып, тәуелсіз Қазақстанның Әнұранына айналды.
2006 жылдың 7 қаңтарынан бастап «Менің Қазақстаным» Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұраны ретінде ресми түрде қабылданды. Кезінде қазақ жерінің тағдырына алаңдаған композитордың жүрегінен туған әуен енді бүкіл елдің атынан шырқалатын қасиетті әнге айналды.
Осы тұрғыдан қарағанда, музей қорындағы Шәмшінің хатының да мәні тереңдей түседі. Бір кездері Алматыдан жамбылдық дәрігерге жолданған хат бүгін музей төрінде сақтаулы. Ал сол хатты жазған адамның әуені бүгінде Қазақстанның әр түкпірінде, халықаралық мінберлерде, елдік шараларда орындалады.
Хат – Шәмшінің өз дәуіріндегі адамдық үнін жеткізсе, «Менің Қазақстаным» – оның елге арналған мәңгілік үнін жеткізеді.
Бүгін, композитордың туған күнінде, музей қорындағы осы бір жәдігерге үңілу – қазақ музыкасының дара тұлғасын еске алу ғана емес, оның шығармаларының уақытпен бірге қалай биіктегенін бағамдау.
Шәмші Қалдаяқовтың әндері – халықтың жүрегінен туған әндер. Ал халық жүрегінен шыққан әннің ғұмыры ұзақ.






