Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің тапсырысы бойынша гранттық қаржыландыру негізінде «Ортақ мүдде» жобасы аясында үкіметтік емес ұйым өкілдеріне арналған оқыту курсы өтті. Іс-шараны «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» заңды тұлғалар бірлестігі ұйымдастырды.
Оқыту курсы Абай атындағы Жамбыл гуманитарлық жоғары колледжінде өткізіліп, оған Тараз қаласында тіркелген және қоғамдық маңызы бар жобаларды жүзеге асыруға ниетті үкіметтік емес ұйымдардың өкілдері қатысты.
Курс барысында қатысушыларға «Ортақ мүдде» шағын гранттар конкурсына қатысу тәртібі, өтінім беру талаптары, әлеуметтік жобаларды әзірлеу негіздері, бюджетті қалыптастыру және конкурстық іріктеу критерийлері туралы жан-жақты ақпарат берілді.
Оқыту жұмыстарын «Елім-ай Достық» қоғамдық бірлестігінің төрайымы Полина Ким, «Жамбыл облысы Азаматтық Альянсы» ЗТБ басқарма төрағасы Исламбек Дастан және «Жамбыл облысы жастар ұйымдарының Қауымдастығы» ЗТБ президенті Азамат Намелбек жүргізді.
Курс аясында қатысушыларға азаматтық бастамаларды қолдауға бағытталған шағын гранттар конкурсына өтінім әзірлеудің негізгі талаптары түсіндірілді. Сонымен қатар жастардың қоғамдық белсенділігін арттыруға бағытталған «Тәуелсіздік ұрпақтары» грантына қатысу ерекшеліктері де таныстырылды.
Іс-шара барысында ҮЕҰ өкілдері өздерін қызықтырған сұрақтарға жауап алып, жобаларды тиімді әзірлеу мен іске асыруға қатысты практикалық кеңестермен бөлісті.
Айта кетейік, «Ортақ мүдде» шағын гранттар конкурсы азаматтық бастамаларды қолдауға және әлеуметтік маңызы бар жобаларды іске асыруға бағытталған. Конкурс аясында әрқайсысының құны 500 мың теңгені құрайтын 5 шағын грант беру жоспарланып отыр.













