Президентке барлық басты экономикалық көрсеткіштер бойынша оң динамика сақталып отырғаны баяндалды. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 7 айда 1,2 триллион теңгені құрады. Бұл – өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,1 пайызға жоғары. Биыл жалпы құны 300 миллиард теңге болатын 55 инвестициялық жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Бұл бастамалар 3,6 мың жаңа жұмыс орнын ашуға мүмкіндік береді .
Қасым-Жомарт Тоқаевқа жылыту маусымына дайындық жайында мәлімет берілді. Үшінші жылу электр орталығының бірінші кезегін, сондай-ақ «Тұран» және «Оңтүстік-Шығыс» газ стансаларын пайдалануға беру арқылы шаһардың жылыту қуаты 30 пайызға ұлғайған. Яғни қосымша 1100Гкал/сағат қуат өндіре бастады. Биыл «Тұран» стансасының екінші кезегін аяқтау жоспарланған. «Тельман» стансасының құрылысы жүріп жатыр. Екінші жылу электр орталығын кеңейту және «Оңтүстік-Батыс» газ жылу стансасын жобалау көзделіп отыр.
Кездесу соңында Мемлекет басшысы тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы және әлеуметтік сала нысандарын алдағы жылыту маусымына дайындау, жаңбыр суына арналған кәріз жүйесін реттеу, жол-көлік инфрақұрылымы мен абаттандыру мәселелерін шешу жөнінде бірқатар тапсырма берді.
Ақорда







