Арнайы техникалардың кілттерін ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шыңғыс Әрінов пен облыс әкімі Ербол Қарашөкеев салтанатты түрде табыстады.
Бұл күні жамбылдық құтқарушыларға 94 бірлік заманауи қызметтік киімдер де тапсырылды.
– Бүгін біз үшін ерекше күн! Сіздерге жаңа техника мен заманауи үлгідегі киімдер табыстап отырмыз. Бұл – Мемлекет басшысының құтқарушыларға айрықша көңіл бөлуінің және халық қауіпсіздігін алдыңғы орынға қоюының нақты көрінісі. Бірлескен күш-жігердің арқасында құтқару қызметінің сапасы артып, материалдық-техникалық мүмкіндіктері нығайып келеді. Баршаңызға мықты денсаулық, еңбектеріңізге толағай табыс тілеймін! Халық игілігіне қызмет ете берейік! – деді ведомство басшысы Шыңғыс Әрінов.
Өңір басшысы құттықтау сөзінде жамбылдық құтқарушыларды әрқашан ерекше құрметпен бағалайтынын атап өтті.
– Сіздер – төтенше жағдайларда бірінші болып қолұшын созатын ержүрек жауынгерлерсіздер. Батылдық пен кәсібилікті ту етіп, адам өмірін қорғау жолында тынымсыз еңбек етіп, жанқиярлық пен жауапкершіліктің үлгісін көрсетіп келесіздер. Сіздердің әрбір қадамыңыз – халық қауіпсіздігінің берік тірегі! – деді Ербол Қарашөкеев.
Облыс әкімі көрсетілген қолдау үшін ҚР Төтенше жағдайлар министрлігі мен «Қазақстан құтқарушылар қоры» жеке қорына шынайы ризашылығын білдірді.
Жамбыл облыстық төтенше жағдайлар департаментінің материалдық-техникалық базасы жылдан жылға нығайып келеді. Биыл 20 техника сатып алу жоспарланған, соның 13-і бүгін тапсырылды. Қалған 7 техника жыл соңына дейін жеткізіледі.
Жамбыл облысының әкімдігі







