Тараз қаласындағы «Ардагерлер ұйымы» республикалық қоғамдық бірлестігінің қалалық филиалы ардагерлердің құқықтары мен мүдделерін қорғауда, оларға қолайлы әлеуметтік-тұрмыстық жағдай қалыптастыруда және жастарға үлгі боларлық тағылымды тәрбие беруде белсенді жұмыс атқарып келеді.
Ұйымға жетекшілік ететін Абдикешова Күләш Амедиевна басшылығымен бұл құрылым ардагерлер қауымының қоғамдық өмірге белсене араласуын қамтамасыз етіп, қоғамдағы беделін арттыруға зор үлес қосуда.
Филиал жұмысының басты мақсаты – ардагерлерге тек материалдық емес, рухани, әлеуметтік, мәдени және медициналық тұрғыда қолдау көрсету. Осы мақсатта «Ардагерлер орталығы» ғимаратында арнайы «Белсенді ұзақ өмір сүру» орталығы ашылды. Бұл орталық – тек демалыс орны ғана емес, ардагерлердің денсаулығын бақылауға, өмір сапасын жақсартуға, сергек әрі белсенді болуына жағдай жасайтын кеңістік. Аптасына екі рет білікті дәрігерлер келіп, ардагерлерге тегін медициналық кеңес береді. Сонымен қатар, психолог мамандардың жеке қабылдауы, өмірлік маңызды тақырыптардағы танымдық лекциялар мен кездесулер де тұрақты түрде өткізіліп тұрады.
Ұйымның тағы бір маңызды бағыты – ардагерлердің қоғамдық өмірге белсенді қатысуын қамтамасыз ету. Осы бағытта Жамбыл облыстық Қоғамдық кеңесімен тығыз әріптестік орнатылған. Кеңес мүшелерімен бірлесіп түрлі қоғамдық бақылау және мониторингтік жұмыстар жүргізіліп, жергілікті билік пен халық арасында дәнекерлік рөл атқарып отыр. Мәселен, тұрғындардың қоғамдық көлік қозғалысына қатысты өтініштері назарға алынып, жауапты органдармен байланыс орнату арқылы нақты шаралар қабылданған.
Ардагерлердің өмірлік тәжірибесі мен даналығы – қоғам үшін баға жетпес қазына. Сондықтан да бұл ұйым ардагерлер мен жастар арасындағы сабақтастықты нығайту, патриоттық рухты дәріптеу, аға буынның өнегелі жолын жастарға үлгі ету бағытында да нақты бастамалар көтеріп келеді.
Тараз қаласындағы «Ардагерлер ұйымы» қоғамдық бірлестігінің жұмысы – ардагерлердің қоғамдағы рөлін арттыруға, олардың өмір сүру сапасын жақсартуға және ұрпақтар сабақтастығын нығайтуға бағытталған салиқалы әрі маңызды бастамаларға толы.







