Қордай ауданынан басталған сапар
Алғашқы шара Қордай ауданында өткізілді. Аудандық мәдениет үйінде ұйымдастырылған салтанатты жиын барысында Қордай аудандық мәслихатының төрағасы Нурдин Садықов жиналған қауымды Ұлы Жеңіс күнімен құттықтап, бұл тарихи оқиғаның маңыздылығына тоқталды. Өз кезегінде автокеруен мүшелері Жеңістің 80 жылдығына арналған акцияның мәнін түсіндіріп, ардагерлерге көрсетіліп жатқан құрметтің символдық және тәрбиелік маңызына тоқталды. Іс-шара аудан өнерпаздарының мерекелік концертімен жалғасып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлады.
Заңгерлік және әлеуметтік кеңес беру жұмыстары
Автокеруен құрамында болған тәжірибелі заңгерлер мен әлеуметтік сала мамандары тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдады. Олар зейнетақы, әлеуметтік көмек, тұрғын үй, медициналық қызмет сынды салаларға қатысты тұрғындардың сұрақтарына жауап беріп, заңдық түсіндіру жұмыстарын жүргізді. Бұл қабылдаулар халық үшін өте маңызды болды, өйткені ауыл-аймақтағы тұрғындар үшін мұндай тікелей кеңес беру мүмкіндіктері сирек кездеседі.
Ардагерлерге құрмет көрсету – басты парыз
Степной ауылындағы 95 жастағы тыл ардагері Тимур Мурадовтың үйіне арнайы барған автокеруен мүшелері ардагерді мерекемен құттықтап, «Жастар рухы» жастар қанатының белсенділері үй шаруасына көмектесіп, ауласын тазалап, бақшасын ретке келтірді. Егіс даласында еңбек етіп, майданға азық-түлік жіберуге атсалысқан Мурадов ақсақалдың өмір жолы – жас ұрпаққа үлгі боларлық өнеге.
Автокеруеннің келесі аялдамалары – Шу мен Жуалы аудандары
Шу ауданында да салтанатты жиын ұйымдастырылып, Төле би ауылындағы мәдениет үйінде жергілікті тұрғындармен кездесу өтті. Бірлік пен Жаңақоғам ауылдарында заңгерлік және медициналық кеңестер беріліп, дәрігерлер алдын ала тексерулер жүргізді. Сондай-ақ, Көктөбе ауылындағы 88 жастағы тыл ардагері Сарақша Қырықбаев пен Бірлік ауылындағы Нұрбибі Абдикаримованың үйлеріне барып, оларға құрмет көрсетілді. Ардагерлердің үйлерінің ауласы тазаланып, жас көшеттер отырғызылды.
Жуалы ауданында автокеруен Бауыржан Момышұлы ауылында болып, мәдениет үйінің алдында өткен жиынға қатысты. Онда облыстық мәслихат депутаттары, партия өкілдері және ардагерлер кеңесінің төрағасы тұрғындармен жүздесіп, акцияның маңызы мен елдік тәрбиедегі орнын атап өтті.
Мойынқұм ауданындағы қорытынды жиын
Автокеруеннің соңғы бағыты – Мойынқұм ауданы болды. Мұнда аудан орталығындағы Ұлы Отан соғысы ардагерлеріне арналған ескерткіштің жөндеу жұмыстары барысымен танысқан керуен мүшелері жөндеудің 9 мамырға дейін толық аяқталуы тиіс екенін атап өтті. Қоғамдық қабылдауда тұрғындар құқықтық, әлеуметтік, медициналық және тұрмыстық мәселелерді көтеріп, нақты көмек алды. Автокеруен мүшелері ҰОС ардагерінің жесірі Тұрсын Садықованың үйіне барып, азық-түлік себетін табыстап, құрмет көрсетті. Сонымен қатар, тыл ардагері Орынбасар Отыншиевтің ауласында тазалық жұмыстары жүргізілді.
Халықтың көкейіндегі мәселелер – назарда
700-ден астам тұрғын қоғамдық қабылдауға қатысып, өзекті мәселелерін ортаға салды. Оның ішінде зейнетақы жүйесіндегі өзгерістер, алимент өндіру тетіктері, бұғатталған банк шоттарына қатысты жеңілдіктер, оңалту орталықтарына жолдама алу, ауылдардағы медициналық жабдықтардың жеткіліксіздігі мен кадр тапшылығы, мәдениет саласындағы мамандардың жетіспеушілігі сияқты нақты ұсыныстар айтылды. Партия бұл мәселелердің барлығын жинақтап, тиісті органдарға жолдауға уәде берді.
Медициналық қызмет – әр ауылда
Халықтың дәрігерге қол жеткізу мүмкіндігін арттыру мақсатында автокеруен құрамына жылжымалы медициналық кешен қосылып, мыңға жуық азаматқа профилактикалық, диагностикалық көмек көрсетілді. Бұл бастама шалғайдағы ауыл тұрғындары үшін аса тиімді шешім болғаны сөзсіз.
Тазалық және құрмет акциясы қатар өтті
«Таза Қазақстан» акциясы аясында ескерткіштер мен мемориалдық кешендер қалпына келтіріліп, оларға іргелес аумақтар абаттандырылды. Ардагерлер атына берілген көшелерде, аллеялар мен саябақтарда сенбіліктер ұйымдастырылып, елдің тарихи жадына деген құрмет нақты іспен дәлелденді.
Ардагерлер ризашылығы – шынайы баға
Ардагер Амантай Базаров:
– AMANAT партиясының осындай бастамалары – біз секілді аға буын өкілдеріне үлкен қолдау әрі рухани демеу. Ардагерлерді назардан тыс қалдырмай, үйімізге келіп, көмек көрсеткен жастарға алғысым шексіз. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қан майданды көрген біздің тағдырымыз бүгінгі ұрпақтың есінде қалса дейміз. Қазіргі бейбіт өмірдің қадірін білейік, – деп шынайы алғысын білдірді.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырысы негізінде жарияланды