Мағжан Жұмабаевтың «Алты Алаштың басы қосылса, төр – мұғалімдікі» деген сөзі бүгін де өзекті, өйткені бір ғасырдан бері бұл кәсіподақ ұйымы білім саласы қызметкерлерінің мәртебесі мен құқықтарын қорғауды басты міндет санап келеді. Ұйым үнемі ұстаздардың мүддесін алдыңғы қатарға қойып, үздіксіз дамып, жаңарып отыруда.
Ауқымды мерейтойға арналған іс-шаралар легінің қорытындысы Астана қаласында өткен «Ғасырлық тәжірибе: тарихтан тағылым – болашаққа бағдар» атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияда шығарылды. Бұл жиынға Жамбыл облысының білім беру саласы кәсіподағының төрағасы Ерұлан Мағзымбеков бастап барған өңірлік делегация да белсене қатысты.
Конференция жұмысына Халықаралық еңбек ұйымының мүшелері, шетелдік кәсіподақ ұйымдары, ҚР Парламентінің депутаттары, мемлекеттік органдардың өкілдері, ғылыми орта мен сала ардагерлері және еліміздің әр өңірінен келген кәсіподақ белсенділері қатысты.
Шараны кәсіподақ төрайымы Айгүл Мұқашева ашып, білім саласындағы кәсіподақ қозғалысының тарихы мен жетістіктеріне тоқталды. ҚР Премьер-Министрінің кеңесшісі Бибігүл Асылова, Оқу-ағарту вице-министрі Еділ Оспан, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Асқар Биахметов және Парламент депутаты Асылбек Нұралин секілді ел тұлғалары қатысушыларды құттықтап, жылы лебіздерін жеткізді.
Конференция барысында қатысушылар кәсіподақ ұйымының тарихи рөлі, қазіргі жетістіктері мен болашақ міндеттері жайында мазмұнды баяндамалар жасады. Әсіресе, профессор Жамаладдин Ибрагимұлының сөзі көпшіліктің көңілінен шықты. Ол әлеуметтік кодекстегі заңнамалық бастамаларға кәсіподақтардың белсенді араласуын атап өтіп, білім саласындағы қызметкерлердің үнінің естілуі аса маңызды екенін айтты. Сонымен қатар, әділетті Қазақстан құру жолында ұйымның жаңашыл, еркін шешім қабылдай алатын құрылым ретінде қалыптасуын тіледі.
Бұл халықаралық басқосу кәсіподақтардың білім мен ғылым саласы қызметкерлерінің құқықтарын қорғауда және қоғамдық өмірдегі орнын нығайтуда айрықша рөл атқарып келе жатқанын тағы бір рет айқын көрсетті.
Ақпарат Жамбыл облысы әкімдігі ақпарат және қоғамдық даму басқармасының мемлекеттік ақпараттық тапсырысы негізінде жарияланды