Жамбыл облысының әкімі Ербол Қарашөкеев жауаптыларға өңірдегі жол құрылысының сапасы мен талапқа сәйкестігіне жіті назар аудару бойынша нақты міндеттер жүктеді.
Жергілікті жолдарды жөндеу мен атқарылған жұмыстар барысы қаралған аппараттық кеңесте облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Мұрат Саурықовтың есебі тыңдалды.
Биыл жергілікті маңызы бар автожолдар мен елді мекен көшелерін жөндеуге 23,3 млрд теңге қаралды. Жалпы, жол саласында 332 жоба іске асырылады. Атап айтқанда, 16,5 шақырым көше жолдары құрылыспен, 631,9 шақырым жол орта жөндеу жұмыстарымен қамтылады. 3,0 шақырым жол қайта жаңғыртылады.
Бүгінгі таңда 144 жобада жұмыстар басталған.
Биыл аталған жобаларды іске асырудың нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жергілікті маңызы бар автожолдардың үлесін 99 пайызға, елді мекен көшелері бойынша 87 пайызға жеткізу жоспарлануда.
Жергілікті жолдарды күтіп ұстауға 2,2 млрд теңге қарастырылып, шұңқырларды жөндеу, жол белгілерін орнату және т.б. бағыттар бойынша жұмыстар жүруде.
Облыс әкімі жол саласында биыл ауқымды жұмыстар қолға алынғанын атап өтіп, бірқатар мәселелерге көңіл бөлді.
Қазір Тараз қаласында жылу құбырлары ауысып жатыр. Бұған дейін қазылған көшелерді қайта жаңарту жұмыстары көңіл көншітпейді. Мәселен, Қойгелді көшесіндегі жол ойылып, көлік иелеріне кедергісін келтіруде. Шаһардағы қазу жұмыстары толық аяқталысымен, жолды қалпына келтіру шаралары қатаң бақылауда болуы қажет, – деді облыс әкімі.
Ербол Қарашөкеев жол құрылысының сапасы мен талапқа сәйкестігіне жіті назар аударуды талап етті. Облыста қолға алынған жобалар толық сараптамадан өтуі тиіс. Облыс әкімі басқарма мен «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесіне бұл бағытта жұмысты жүйелеу керектігін баса айтты.
Бүгінгі күнге дейін «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» мекемесімен 25 нысанға зерделеу жұмыстары жүргізілді. 75 сынама алынып, бірқатар кемшіліктер анықталып отыр.
Тұрғындар жол саласына қатысты мәселені жиі көтеріп келеді. Қазылған, тозығы жеткен көше жолдары халықтың ашу-ызасын тудырады. Жол жауапсыздықты көтермейді. Жөнделгеніне көп уақыт өте қоймаған жолдардың қайта шұрық-тесікке айналуы – сапасыз жұмыстардың салдары, – деген Ербол Қарашөкеев жозықсыз мердігерлердің жауапкершілігін қарап, бұл мәселеге баса назар аудару керектігін ескертті.
Облыс әкімі өңірде туризм саласын дамыту үшін де инфрақұрылымның маңыздылығын атап өтті.
Жиында Тараз қаласы мен аудан әкімдерінен де жол саласында атқырылған жұмыстар туралы жауаптар алынды.
Сондай-ақ жауаптылар республикалық маңызы бар автожолдардың жобасын іске асыру, ауыр салмақтағы жүк көліктеріне бақылау жүргізу шаралары бойынша баяндама жасады.
Күн тәртібінің екінші мәселесінде суға шомылу маусымындағы қауіпсіздік шаралары талқыланды.
Облыс әкімі жауаптыларға шомылуға тыйым салынған орындарға бақылауды күшейтуді, тұрғын үйлерге жақын орналасқан каналдарды қоршауды және азаматтарға түсіндірме жұмыстарын жүргізу бойынша тапсырма жүктеді. Сонымен бірге мектеп оқушыларының жазғы демалыстарын тиімді әрі қауіпсіз өткізу мәселесіне де назар аударды.
Жамбыл облысының әкімдігі