Мәселен, жуырда Жамбыл аудандық орталық кітапхананың ұйымдастыруымен “Жастар ресурстық орталығында” республикалық жыр бәйгесінің бас жүлдегері, «Жарық» фестивалінің дипломанты, өлеңдері республикалық жас ақындардың антологиясына енген жергілікті ақын Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» атты кітап бенефисі өтті.
Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» кітабынан кітапхана қызметкерлері мен оқырмандары өлеңдерін мәнерлеп жатқа оқып берді және «Элегия» өлеңінің аудиожазылымы композициямен тыңдалды. Кеш қонақтары Сансызбай Бертайұлы, Қуаныш Ауғанбаевтың жаңа кітабының шығу тарихына тоқталса, Анарбай Тұрсынхан жырларына талдау жасады. Жас ақынның ұстазы Клара Момынжанова кеш иесінің балалық шағы мен шығармашылығы туралы мазмұнды әңгіме өрбітті. Сондай-ақ, оқу залының кітапханашысы Манабаева Нурипа Қуаныш Ауғанбаевтың «Құс көзіндегі сағыныш» атты кітабына библиографиялық шолу жасады.
Ал жақында Жамбыл аудандық балалар мен жасөспірімдер кітапханасы, зағип және көзі әлсіз көретін азаматтар бөлімі кітапханашысы З.Хожамкулова «Туған жерім -алтын қазығым» атты үлкен топ қызмет алушыларына туған өлкеміз жайлы мәліметтер беріп, сұрақ -жауаптар алмасты. Басқосуға жиналғандарға тарихи ақпараттар беріліп, ауданның шығу тарихы, осы аймақтан шыққан құрметті азаматтаржайындакөптеген мағлұматтар айтылды. Өз кезегінде ерекше жандар аудан тарихы жайында ақпараттарды браиль үлгісіндегі кітапхана түсіру қажеттігі жайында ұсыныс тастады.
Тағы бір маңызды шара, Жастар ресурстық орталығы мен аудандық полиция қызметкерімен бірлесе ұйымдастыруымен зиянды әдеттердің алдын алу мақсатында Аса ауылындағы дүкендерінде рейдтік жұмыстар жүргізілді. Рейд барысында кәмелетжасқа толмаған балаларға алкоголь, темекі өнімдерін сатпау туралы Заң аясында түсіндірме жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар қазіргі уақытта жастардың зиянды әдеттерге әуестігін тежеу үшін мемлекет тарапынан шектеу қойылғандығы туралы ескертіліп, қатаң шара қолданылатындығы айтылды.
Қазақстан Республикасының еңбек нарығын дамытудың 2024– 2029 жылдарға арналған тұжырымдамасы аясында 2024 жылдың 19 cәуірінде Аса ауылы «Жасмин» сауда орталығында бос жұмыс орындары жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Жәрмеңкеге Жамбыл ауданының тұрғындары және жұмыс іздеуші азаматтар қатысып, оларға аудан бойынша 9 мекемеден түскен 21 тұрақты жұмыс орындары ұсынылды. Сонымен қатар, мемлекеттік қолдау шаралары түсіндіріліп оның ішінде, қысқа мерзімді кәсіптік оқыту, алғашқы жұмыс орны, жастар практикасы, Солтүстік өңірлерге ерікті қоныс аударуға ниет білдірген азаматтармен ақпараттық түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Жүрекке мейірім ұялататын тағы бір жаңалық, 10 баланы бауырына басқан көпбалалы әке балаларымен бірге тазалық акциясына үлес қосты. «Өнегелі ұрпақ» апталығы аясында Жамбыл ауданы Құмтиін ауылының тұрғыны, көпбалалы отбасы Оспановтар жанұясы аулаға жеміс талдарын отырғызды. Іс-шараға «Жастар ресурстық орталығының» мамандары бірлесіп, атсалысты. Марат Оспанов жұбайы екеуі балалар үйінен 10 баланы бауырына басқан жандар. Ерекшелігі, балалар әртүрлі ұлттан. Бүгінде олар мейірім мен сыйластық орнаған жанұяда әке тәрбиесін, ана өнегесін көріп, қазақ тілін меңгеріп, алды оқу орнына түсіп, өсіп келеді. Көпбалалы әке барлық баланы білімге құштарлықпен қатар еңбекке баулыған. Бауырлар көктем шығысымен аулада егін егіп, қыздар анасына қолғабыс етеді. Марат Оспанов үлгілі жаняұның бірегей үлгісін көрсетіп қана қоймай, үнемі қайырымдылық іс-шараларда белсенділік танытып келеді. Осы ерен еңбегі үшін ол жақында ғана «Қайырымдылық керуені» VI республикалық конкурсының «Туған жер» номинациясының иегері атанды.
Мақала Жамбыл облысы әкімдігі ішкі саясат басқармасының ақпараттық саясаты тапсырысы негізінде жарияланды