Бұл жолы аймақ басшысы Талас ауданы Қаратау ауылдық округінің тұрғындарымен кездесті.
Басқосуға құқық қорғау органдарының және салалық басқармалардың басшылық өкілдері де қатысты.
Қаратаулықтар елді мекендегі көшелерді жөндеу, ауылға келетін жолды асфальттау, спорт кешенін салу, жедел жәрдем көлігінің ескіргенін, “Ауыл аманаты” жобасына ену, газдандыру, сапасыз жүргізілген ауыз су жүйелерін реттеу, суармалы су секілді бірқатар мәселелерді көтерді.
Нұржан Нұржігітов сұрақтарға облыстық деңгейде атқарылып жатқан жұмыстарды негізге ала отырып жауап беріп, барлық көтерілген мәселелер ескерілетіндігін жеткізді.
Ауылдық округте 8 көше бар десек, оның екеуі жөнделген. Қалған 6 көше мен ауылға келетін 11 шақырым жолды келер жылы асфальттау жоспарлануда.
Сондай-ақ, “Ауыл аманаты” жобасы бойынша ауылдықтарды несиелендіру шаралары 2024 жылы басталады деп күтілуде.
Облыс әкімі жауаптыларға ауыз су жүйесін уақыт созбай реттеуді тапсырды.
Сурмалы су мәселесін шешуге қатысты бөгетті көтеру, шағын қойманы тазалау бойынша да тиісті тұлғаларға нақты міндеттер жүктелді.
— Басты міндет — ауылда жастарды, азаматтарды тұрақтандыру. Ол үшін біз елді мекендерді әлеуметтік игіліктермен қамтамасыз етуге тиіспіз. Бұл жұмыстар облыстың кешенді дамыту жоспары аясында жүзеге асады. Ауылда жаңа жұмыс орындарын ашу, мемлекеттік бағдарламалардың мүмкіндіктерін тиімді пайдалану керек. Барлық мәселе кезең-кезеңімен шешіледі. Тек, тұрғындардың жергілікті билікке деген сенімі маңызды. Ортақ жауапкершілік болғанда ғана нақты нәтижеге жетеміз,-деп түйіндеді Нұржан Нұржігітов.
Кездесуден кейін аймақ басшысы тұрғындарды жеке мәселелері бойынша қабылдау өткізді.