Гвардейск горнизонындағы «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығының «Мәтібұлақ» оқу-жаттығу полигонында «Көкжал-2023» тәжірибелік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуының соңғы кезеңі өтті. Іс-қимылдың тәжірибеде қолдану барысын Қорғаныс министрі генерал-полковник Руслан Жақсылықов қадағалады.
Оқу-жауынгерлік міндеттерді пысықтау үшін оқу-жаттығу шеңберінде роталық тактикалық топтар ішінен мобильді топтар құрылды. Бір апта бойы бөлімшелер жауынгерлік іс-қимыл жүргізудің жаңа тактикалық әдіс-тәсілдерін пысықтады. Артиллериялық мен армия авиациясы бөлімшелерін жауынгерлік жағдайда қолдануға баса назар аударылды.
Бұл зерттеу жаттығуына «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев басшылық етті.
Бөлімшелерге оқу-жаттығу барысында әртүрлі топтардың және зақымдау құралдарының мүмкіндіктерін зерттеу, олардың оңтайлы құрамын және жағдайдың өзгеруіне жедел әрі тиімді жауап беру қабілетін анықтау міндеттері қойылды.
Артиллерияны оқу-жаттығуда қолдану ерекшелігі – атыс құралдарын барынша шоғырландырып, классикалық әдістер мен қарсыласты жеңу әдістерімен ұтымды қолдануында болды. Осылайша бөлімше командирлерінің өз бетінше шешім қабылдауына мүмкіндік берілді.
Сондай-ақ, танкке қарсы артиллерия құралдарымен алыс қашықтықтағы қарсыластың броньды нысандарын құртудың жаңа тәсілдері де сыналды.
– Біз әскери өнердің дамуын және соңғы жылдары болып жатқан қарулы қақтығыстарды талдай келе, артиллерия, танк, механикаландырылған және басқа да бөлімшелерді қолданудың жаңа тәсілдерін пысықтап жатырмыз, – деп атап өтті «Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы генерал-майор Мереке Көшекбаев, – тәжірибелік-зерттеу тактикалық оқу-жаттығуын өткізу кезінде классикалық және стандартты оқу-жаттығулардан алшақтап, жаңа әдістерді сынап көрдік.
«Оңтүстік» өңірлік қолбасшылығы әскерлерінің қолбасшысы атап өткендей, оқу-жаттығудың зерттеу мақсаттарына қол жеткізіліп, бөлімшелердің жеке құрамы практикалық тәжірибе жинады. Алдағы уақытта бұл іс-қимылдар жазғы оқу кезеңіндегі жауынгерлік дайындық барысында пысықталмақ.
Соңында қорғаныс ведомствосының басшысы генерал-полковник Руслан Жақсылықов жеке құрамды оқу-жаттығудың жақсы аяқталуымен құттықтап, ерекше көзге түскен әскери қызметшілерге естелік сыйлықтар табыс етті.
Автор: Дина Мухаринова