Ұлттық қорғаныс университетінде Азиядағы өзара іс-қимыл және сенім шаралары жөніндегі кеңестің 30 жылдығына орай отырыс өтті.
Оған аталған кеңес хатшылығының атқарушы директоры Қайрат Сарыбай, әскери атташелер мен он төрт мемлекеттің қорғаныс ведомстволарының өкілдері қатысты.
Семинарға қатысушыларды құттықтаған Ұлттық қорғаныс университетінің бастығы генерал-майор Лұт Әлшекенов ұйымның өңірдегі бейбітшілікті, қауіпсіздік пен тұрақтылықты нығайтудағы маңызды рөлін атап өтті.
– Бірлескен белсенді қимылдар ұйым жұмысын тиімді әрі пәрменді етеді. Егер тиімді іс-қимыл мен пәрменді әрекет іске асып жатса, Азияда шешілмейтін проблемалар болмайды деп ойлаймын. Мұның маңызды екенін түсіну біздің континенттің және бүкіл жер жүзінің келешегіне деген сенімді нығайта түсері анық, – деп атап өтті генерал-майор Лұт Әлшекенов.
Семинар аясында олар Алматыдағы бітімгерлік дайындық оқу орталығында болды. Онда Қазақстан Қарулы күштерінің бітімгерлік қызметі тақырыбында брифинг өтті.
Шетелдік қонақтар әскери қызметшілерді бітімгерлік операцияларға қатысуға даярлайтын Қорғаныс министрлігінің оқу орталығының инфрақұрылымымен танысты.