Бисмилләһир-рахманир рахим. Баршамызды қасиетті Құрбан айт мерекесіне аман- есен жеткізген Алла Тағалаға сансыз шүкірлер болсын. Сіздерді күллі мұсылман қауымы асыға күткен мүбәрак Құрбан айттың келуімен құттықтаймын!
Баршамызды қуаныш-шаттыққа бөлейтін, құт-берекелі, мұсылман қауымының ұлық мерекесі – Құрбан айтқа аман-есен жеткізген Алла тағалаға сансыз шүкірлер мен мақтаулар болсын! Ислам дінінде зұлхижжа айының алғашқы он күні қасиетті күндер саналады. Зұлхижжа айының алғашқы он күнінде барынша ынтамен ғибадат етіп, көбірек ізгі істер мен жақсы амалдар жасауға тырысу керек. Өйткені, хадистерде сол уақытта орындалған игі істердің сауабы еселеніп жазылатыны айтылған. Ал арапа күні ораза тұту – сүннет. Пайғамбарымыз Мұхаммед (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын): «Арапа күні ораза ұстау арқылы Алладан өткен және келесі жылдың күнәсін кешіруді үміт етемін» деген.
Биыл арапа — 8 шілде, ал 9 шілде айттың бірінші күні. Айт намазы Тараз қаласы бойынша 6:30- да оқылады.
Бұл жылы құрбандық шалу – дәстүрлі түрде, мешітке келіп шалу арқылы жүзеге аспақ. Осы мақсатта Таразда 2 қасапхана мен бірнеше қасапшылар жұмыс жасайды. Аллаға шүкір пандемия сынды сынақты күндер артта қалды. Сондықтан бұл жылы тікелей қасапхана арқылы құрбандық шалуға басымдық беріледі. qurban2022.kz сайты да жұмысын жасап тұр. Ал етті мұқтаж отбасылар тіркелу арқылы ала алады. Етті тарату үшін мешіттерден құрылған еріктілер тобы көмек көрсетпек.
Мешітте айт намазынан соң дәстүрлі киіз үй тігіліп, ұлттық ойындар: қошқар палуан, арқан тартыс, қол күрес, ләңгі сынды ойындар ойнатылады. Ақ дастархан жайылып, үлкен дәрежеде атап өтпекпіз. Ал айттың 2-3 күндері әйелдер жамағатына арналған мерекелік шаралар өтеді» — деп атап өтті.
Құрбан айт – отбасы құндылығын арттыратын мереке. Ата-анаға, Құдай қосқан жарымызға, бала-шағамызға арнайы сыйлық беру, жаңа киім әперу – мейрамның сәнін келтіріп, мәнін арттырады. Мұндайда өскелең ұрпақ Құрбан айттың қадірі мен сауабын сезініп, ізгілікке ұмтылады, мерекені асыға күтеді.
Құрбан айт намазынан кейін үш күн ішінде бай адамға құрбандық шалу міндет (уәжіп) болады. Алла Тағала қасиетті Құранда: «Раббыңның разылығы үшін намаз оқы және құрбандық шал» деп бұйырған («Кәусар» сүресі, 2-аят). Хадисте: «Пайғамбарымыз (оған Алланың салауаты мен сәлемі болсын) құрбандыққа екі ақ қошқарды жатқызып, аяғымен тіреп, бисмилләні және тәкбірді айтып, бауыздады», – делінген (Бухари мен Мүслим).
Құрбандық шалу Алла Тағалаға жақын болу, күнәлар кешірілу, Жаратушы Иеміздің көптеген нығметтеріне шүкір ету, бай мен кедейге кеңшілік жасау үшін міндеттелді. Өйткені, осы күні барлық адам Алла Тағаланың қонағы болады, құрбан етінен жейді, оны тарту етеді, одан садақа береді.
Құрбан шалу арқылы пенде Ибраһим пайғамбардың сүннетін жандандырады. Құрбан айт күні Ибраһим пайғамбар өзінің баласы Исмаилды құрбандыққа пида еткенін еске алады, олардың бір мінезділігін, қайыспайтындығын және Құдайға деген сүйіспеншілігін үлгі тұтады.
Құрбан айт күні мұсылмандар көрші-қолаң, туыс-туғанды қыдырыстап, «Айт құтты болсын» айтысады. Өкінішке орай, карантинге байланысты құрбан айт мейрамын әркім өз үйінде өткізуге тура келеді. Айт күндері мейлінше көтеріңкі көңіл-күйде, жылы жүзді, кешірімді болуға тырысу керек. Ренжіскен кісілер қайта табысып. Ауырып жатқан кісілердің көңілін сұрап, хабарласып, жетім, жесір, мұң- мұқтаждарға қол ұшын беріп көмектесу, оларға да айттың қуанышын сездіру өте сауапты істерге жатады. Бұған қоса, әке-шешесіне, жанұясындағы жандарға, көрші-қолаң, жора-жолдастарына мүмкіндігінше кішігірім болса да сәлем-сауқат, сый-сыяпат жасап, айт мейрамын онлайн түрде де ерекше өткізуге де болады. Айтта осындай амалдарды жасау – қоғамдағы адамдардың бір-біріне деген жылулықтары мен сыйластығын арттырады.
Құрбан – араб тілінде «жақындау» дегенді білдіреді, яғни жасаған сауап істер арқылы жүректі тазартып, Аллаға жақындай түсу. Ал шариғаттағы терминдік мағынасы – «шарттарымен санаса отырып құлшылық ниетімен мал бауыздау» дегенге саяды.
Құрбан шалудың үкімі
Қадірі асқан құрбан айтта құрбандыққа мал шалу – Ханафи мәзһабында (шамасы жеткендерге ғана) уәжіп. Уәжіптігінің аят-хадистердегі дәлелдері төмендегідей: Алла Тағала Құран Кәрімде: «Намаз оқы және құрбан шал» – деп бұйыруы құрбан шалудың уәжіптігін білдіреді. Пайғамбарымыз (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) «Кімде-кім мүмкіншілігі бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» – деп бұйырған.
Құрбандық шалу кімдерге уәжіп?
Төмендегідей төрт шартқа ие жандарға құрбан шалу уәжіп:
1. Мұсылман болуы;
2. Ақылды және балиғат жасына толуы;
3. Құрбан айт уақтында жолаушы болмауы;
4. Негізгі қажеттерден тыс нисап мөлшеріндегі қаржыға ие болуы; (Нисап мөлшері – 85 грамм алтын яки соның құнына тең келетін ақша).
Пайғамбарымыз хадисінде: «Адам баласы құрбан айт күні (құрбан алып) қан ағызудан да сүйікті басқа іспен Алла Тағалаға жақындаған емес. Қаны ағызылған мал қиямет күні мүйіздері, тұяқтары және жүндерімен келеді. Ағызылған қан жерге тамбай жатып, Алла Тағаланың құзырында үлкен мақамға жетеді. Сондықтан құрбандарыңды көңіл ризашылығымен шалыңдар». Алла Тағала разылығы үшін риясыз көңілмен сойылған құрбандық мал ақыретте қылдай жіңішке, қылыштай өткір қыл көпірден өтерде иесіне көп көмектеседі. Пайғамбарымыз бұл жайында өз хадисінде былай дейді: «Құрбандыққа малдың ең жақсысын, көзге жұғымдысын таңдаңдар, өйткені ол – Қыл көпірден өтердегі өз көліктерің».
Шындығында, Алла Тағала біздің шалған құрбандарымыздың ағызылған қанына немесе етіне мұқтаж емес. Бұл шындықты Құран Кәрім былай деп баяндайды: «Олардың (құрбан малдарының) еттері де, қандары да Алла Тағалаға жетпейді. Бірақ Оған сендердің тақуалықтарың ғана жетеді».
Әйел кісі құрбандық шала ала ма?
Құрбандық шалу – мүмкіндігі бар барлық адамға уәжіп. Ислам дінінде әйел экономикалық тұрғыдан дербес, өзіндік жауапкершілік иесі болып саналады. Сол себепті егер әйелдің меншіктік құқы өзіне ғана тиесілі байлығы нисап мөлшерінен асса, әйелдің жеке өзі құрбандық шалуы – уәжіп.
Құрбандық ретінде шалынатын малдың ерекшеліктері қандай?
1. Қой, ешкі, сиыр, түйе секілді малдардың еркектері де, ұрғашылары да құрбандыққа жарамды. Ал, үйрек, қаз тауық, түйетауық, елік секілді т.б. аң-құстар құрбандыққа жарамсыз. Бұларды құрбандық ретінде шалу харамға жақын мәкрүһ болып табылады.
2. Құрбандыққа жарайтын қой мен ешкі ең кемі бір жасар болуы қажет.
Дегенмен алты айлық қозы бір жасар қой секілді ірі, қоңды болса құрбандыққа жарамды. Ал ешкінің міндетті түрде бір жасқа толған болуы қажет. Сиыр екі жасқа, түйе бес жасқа толғанда құрбандыққа шалуға болады.
3. Құрбандық малдың дені сау, етті және дене мүшелері түгел болуы керек. Оның бойында құрбандық ретінде шалуға кедергі келтіретін кемшіліктер болмауы қажет.
Құрбандық шалған кезде төмендегі жәйттарға да назар аударған жөн:
— Құрбан шалынатын жердің таза болуына көңіл бөлу
— Құрбан шалатын жерге малды ұрмай-соқпай апару
— Құрбан малын құбылаға қаратып, сол жағымен жатқызу
Құрбан шалу дұғасы: «Иә, Алла тағалам, досың Ибраһим, сүйіктің Мұхаммедтен (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) қабыл алғаныңдай менен де қабыл ала гөр!» «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп бауыздайды. Құрбандық малды басқа адамға бауыздатқан кісі мал бауыздалып жатқанда «Бисмиллаһи, Аллаһу акбар» деп қоса айтқаны жөн. (Малды бауыздайтын кісі бауыздарда білетұра әдейі бисмиллаһ деп айтпаса Ханафи мәзхабы бойынша ол малдың еті желінбейді).
Құрбан шалудың уақыты құрбан айттың бірінші күні айт намазынан кейін басталып, айттың үшінші күні ақшамға аз уақыт қалғанға дейін жалғасады. Жарықтандыру жүйесі нашар орындарда түрлі қателіктерге жол бермеу үшін түнде құрбандық шалу мәкрүһ болып саналады. Ал жарықтандыру мүмкіндігі жеткілікті жерлерде түнде де құрбандық шалына береді.
Құрбандық мал қалай бөлінеді?
Құрбандыққа шалынған малдың етін үш бөлікке бөліп тарату – мұстахап. Бір бөлігі туған-туыс, көршілеріне бай болса да сыйға тартылады, екінші бөлігі – кедей және мұқтаж адамдарға, үшінші бөлігі – өзінің отбасына, бала- шағасына тиесілі. Дегенмен шалынған малдың етін түгелдей кедей- мұқтаждарға таратуға да болады.
Құрбанға шалынған малдың ешқандай бөлшегінен қассаптың ақысы ретінде төлеуге болмайды. Хазірет Әлидің былай дегені риуаят етілді: «Алла Елшісі (саллаллаһу аләйһи уәсәлләм) түйелер құрбандыққа шалынған уақытта басында тұруымды және терілері мен жүндерін таратуымды әмір етті. Олардың ешбір нәрсесін қасап ақысы ретінде беруге маған тыйым салды. «Қасап ақысын біз өзіміз береміз », – деді. Құрбандыққа шалынған малдың терісі кедейлерге, қайырымдылық қорларына беріледі.
Бірігіп құрбан шалуға бола ма?
Қой немесе ешкі іспетті ұсақ малды құрбандық ретінде тек бір адам ғана шалады. Ал түйе немесе сиыр секілді ірі-қара малдарды бір кісіден жеті адамға дейін бірігіп немесе бір адам жеке өз атынан да соя алады. Құрбан шалуға біріккен кісілердің барлығының ниеті құрбандық құлшылығын өтеу мақсатында болуы керек. Егер осы адамдардың ішінен біреуі құбандыққа тек ет алу ниетімен қосылса, барлығының да құрбандығы құрбандық ретінде саналмайды.
Дүниеден озғандардың атынан құрбандық шалына ма?
Кез келген адамның дүниеден озған туысына немесе қадір тұтқан кісілеріне сауабын бағыштау ниетімен құрбандық мал шалуына болады. Бірақ мойнына құрбандық шалу уәжіп болған кісі ең әуелі өз атынан құрбандық шалуы тиіс. Бұл жерде мына мәселеге де басты мән беру керек: егер қайтыс болған кісі өз атынан арнайы құрбан шалуды өсиет етіп айтып кеткен болса, бұл құрбандық осы айт күндері шалынуы тиіс. Құрбандық шалған адам оның етін жей алмайды. Оның етін толығымен таратуы керек. Егер қайтыс болған кісі арнайы өсиет етпей, бірақ сөйте тұра оның артынан қалған дүние-мүліктен алынып құрбан шалынса да оның үкімі әлгіндей болады. Ал марқұм өсиет етпеген, бірақ сіз ізгі ниетпен өз қаражатыңызға мал сатып алсаңыз оны құрбан айт күні, немесе басқа кез келген уақытта шалуға болады. Мұндай құрбандықтың етін жоқ жітікке таратуға да өз отбасыңызға да қалдыруға болады.
Алла баршамыздың дұғаларымызды қабыл етсін!