ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрлігінің қолдауымен «Қазақстан» телерадиокорпорациясы түсірген «Жәңгір хан. Сарай сыры», «Ахмет. Ұлт ұстазы», «Домалақ ана», «Тәшенев. Тайталас», «Қаныш. Қазына», «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи телехикаяларының таныстырылымы өтті. Телерадиокорпорация биыл түсірген 16 отандық сериалдың 6-уы тарихи бағытта жарыққа шықты.
Ұлт қайраткерлері Ахмет Байтұрсынұлы, Жұмабек Тәшенев, Қаныш Сәтбаев, Мұқағали Мақатаев, Жәңгір хан мен Домалақ ананың өміріне арналған тарихи туындылар «Qazaqstan» арнасының эфирінен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында беріле бастайды.
Шараға Премьер-Министрдің орынбасары Е.Тоғжанов, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева, депутаттар, телевидение саласының ардагерлері мен журналистер қатысты.
«Тарихи сериалдардың негізгі мақсаты – тарихи тұлғалардың өмір жолын, сол заманның тынысын көрсету. Тәуелсіздігіміздің 30 жылдығының қарсаңында осы жобаларды көрермен назарына ұсынып, халықтың жүрегіне жете алсақ, сол кезеңдердегі әрбір қиын сәттер мен жеңісті күндерді бүгінмен үндестіре алсақ, бұл — үлкен жеңіс. Соған үлкен қадам жасалды», — деді шараның ашылу салтанатына қатысқан Премьер министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов.
Шараға ҚР Ақпарат және қоғамдық даму министрі Аида Балаева қатысып, бүгінде отандық сериал нарығында бәсекелстіктің қалыптасқанын атап өтті.
«Қазір біздің киноиндустриядағы өз жолымыз бар. Бұл саладағы жұмыс жылдан-жылға қарқын алып келеді. Соңғы 5 жылдың ішінде 3500-ден астам бөлімнен тұратын 250-ге жуық сериал түсірілді. Осыдан 10 жыл бұрын сериал дайындайтын продакшн-компаниялар саусақпен санарлық болса, бүгінде бұл салада бәсеке жоғары. Бүгінде тарихи жобалар мемлекеттік телеарна өнімдерінің 30%-ын құрайды. Биыл жыл аяғына дейін тарихи бағытта 12 сериал көрермен назарына ұсынылады. Тәуелсіздіктің құнын біліп, оның қадір-қасиетін бағалау үшін – біз өткенімізді ұмытпауымыз керек. Тарихта қандай жолдардан өттік, қандай тұлғалар болды барлығын ұрпаққа ұғындыру керек. Сондықтан да Президент ұлт тұлғаларын насихаттайтын тарихи сериалдарды көбейтуді тапсырды. Осы сериалдар арқылы біз өскелең ұрпаққа тарихи тұлғалар мен олардың өнегелі өмірін таныстырамыз», -деді министр өз сөзінде.
12 бөлімді «Жәңгір хан. Сарай сыры» сериалына Арман Сқабылұлы, 6 бөлімді «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясына Мұрат Есжан, 2 бөлімнен тұратын «Домалақ ана» телехикаясына Нұриддин Паттев, 4 бөлімді «Тәшенев. Тайталас» сериалына Жасұлан Пошанов, 6 бөлімді «Қаныш. Қазына» телехикаясына Айгүл Байбек, 4 бөлімді «Мұқағали. Бұл ғасырдан емеспін» тарихи туындысына Азамат Сатыбалды жетекшілік етті.
«Корпорацияның, жалпы, еліміздің сериал өндірісі тарихында бұған дейін бір жыл ішінде 6 көпбөлімді тарихи телехикая түсірілген жоқ. Сондықтан биылғы жыл біз үшін үлкен сынақ пен тәжірибеге толы жыл болды. Ең бастысы, дәл осындай тәуекелдер арқылы нарықта тарихи сериал өндірісіне машықтанған компаниялар саны артып, сериалдар үшін жаңа бейнелер қалыптасып жатыр», — деді Басқарма төрайымы Ләззат Танысбай шараның ашылуында.
Басты кейіпкерлерден бөлек, сериалдарда Бәйдібек бидің, Махамбет пен Исатай, Әліби Жангелдин, Міржақып Дулатұлы, Жұмабай Шаяхметов, Бауыржан Момышұлы, Дінмұхамед Қонаев, Фариза Оңғарсынованың рөлдері кездеседі.
Кеңесші-сценаристер қатарында жазушы Медеу Сәрсеке, ақын Ұларбек Нұрғалым, Бақыт Беделхан, Ұлықбек Есдәулет, ахметтанушы Райхан Имаханбет, Мұқағали Мақатаевтың келіні Бақытгүл Мақатаева, Жұмабек Тәшеневтің ұлы Саян Жұмабекұлы мен келіні Фатима Садыққызы бар.
Тәуелсіздік мерекесінде Ұлттық арна эфирінен алғаш болып «Ахмет. Ұлт ұстазы» телехикаясы шығады.
Сонымен бірге Қазақстан телерадиокорпорациясы 2022 жылы түсірілетін сериалдарға ашық байқау жариялап, қазір 188 жоба қабылдады. Тарихи ұлғаларымыздың өмірін, бейнесін экран арқылы дәріптеу ісінде алға қойған мақсат-міндетімізге сай келер жылы Әлихан Бөкейханов, Әлкей Марғұлан, Дина Нұрпейісова, Мағжан Жұмабаев туралы тарихи жобалар түсіруді жоспарлап отырмыз. Ғабит Мүсіреповтың «Ұлпан» романын экранизациялау мақсаты тұр. Затаевич пен Брусиловскийдің қазақ музыка мәдениетіне сіңірген еңбегі де бір телехикаяға арқау боларлықтай. Биыл сонымен бірге Корпорацияның түркі елдеріне ортақ тұлға «Қорқыт ата» тұлғасына арналған телехикаяның шығармашылық жұмыстары басталды. Түркия сериал өндірушілерімен бірлесе қолға алынған телехикаяның түсірілімі үш жылға жалғасады.
Дереккөз: https://www.gov.kz/memleket/entities/qogam/press/news/details/294665?lang=kk