Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының Еуропалық аймақтық бюросының тапсырысы бойынша коронавирустық инфекциядан кейін өзін- өзі оңалтуды қолдауға арналған брошюралардың кезекті партиясы шығарылды. Буклеттер қазақ және орыс тілдерінде басылған және COVID-19 ауруымен ауруханаға жатқызылған ересектерге арналған базалық оңалту дене жаттығулары мен ілеспе ұсыныстардың сипаттамасын қамтиды. Онда оңалтудың келесі аспектілері туралы ақпарат бар: ентігуді басу, ауруханадан шыққаннан кейін жаттығу, дауыстық функцияның бұзылуымен байланысты проблемаларды жеңу, тамақ пен сұйықтықтарды жұтудың және тұтынудың бұзылған функцияларын қалпына келтіру, есте сақтау, ойлау және зейіннің бұзылуымен байланысты қиындықтарды жеңу, күнделікті функцияларды орындау, стресс пен көңіл-күйдің бұзылуына байланысты проблемаларды жеңу. Бұл ұсыныстар облыстық КВИ бөлімшелерінде емделіп жатқан пациенттерге таратылды. Сонымен қатар, дәрігерлер аурудың алдын-алу, тыныс алу жаттығулары, емдік дене шынықтыру, ағзаның қорғаныш қабілетін арттыру туралы кеңестер беріп, COVID-19-дан қалай сақтануға болатындығы туралы айтты.
Мамандар қарапайым сақтық шараларын сақтау қажеттілігін еске салады: айналаңыздағылардан қауіпсіз қашықтықта болу, бетперде кию, бөлмелерді жақсы желдету, адамдар көп жиналатын жерлерден аулақ болу, қолды жуу және жөтелгенде немесе түшкіргенде мұрын мен ауызды шынтақ буынымен немесе майлықпен жабу. Өзіңізді және жақындарыңызды COVID-19-дан қорғаңыз!
Денсаулық сақтау басқармасының баспасөз қызметі